Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Жамбыл облысы әкімінің «Асарлатып үй салу» жобасы негізінде жүзеге асып отырған жоба бойынша осы уақытқа дейін ауданда 6 үй пайдалануға беріліпті.
Баспаналы болған тұрғынның қуанышымен бөліскен аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов бұл ретте ауыл тұрғындарының ынтымағы мен ауызбіршілігін көрсеткен игі бастаманың маңызын атап өтті. Ал Бәйтерек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жиенғали Жұмағұлов мұндай игі бастаманың көптің көмегімен жүзеге асып отырғанын жеткізді.
Расында да мұқтаж тұрғындарды баспанамен қамтуда жомарт жүректі жандардың тигізіп отырған пайдасы көп. Мәселен, жеке кәсіпкер Бақытжан Жұмабековтің демеушілігімен жаңа салынған тұрғын үйдің төңірегіне еуроқоршау тұрғызылған. Ал Эльмурат Күнибеков тұрғын үйді линолеум, кілем, әрлеу материалдарымен қамтамасыз етіпті. Сондай-ақ ауыл тұрғыны Омарали Халиев баспана иесінің қорасына 3 бас қой байлап, жем-шөбін жеткізіп беріпті. Сонымен қатар тағы да мәрт азаматтардың қолдауымен үйге балалар кереуеті, асхана жиһаздары, шағын үстел мен орындықтар алынған екен. Бұл күнде ауылдастарының көмегімен баспаналы болып отырған Насиба Юлдашеваның және балаларының қуанышында шек жоқ. Ол жақсылыққа жаны құштар жандарға алғыс айтады. «Әр отбасының өз үйі болса, ол – бақыт. Міне, бүгін осы бақытты сезініп отырмын. Баспаналы болуыма жағдай жасап, арманымның орындалуына жәрдем еткен барлық азаматқа шын ниетіммен алғыс айтқым келеді», дейді баспаналы болған тұрғын.
Жамбыл облысы