Іле-Алатаудағы жоба нені көздейді?
Кейбір қоғам белсенділері туристік қызмет табиғатқа нұқсан келтіріп, онсыз да күрделі экологиялық ахуалды қиындата түседі деген ойда. Алайда қоршаған ортаны қадағалаусыз табиғи түрде дамыту экожүйені одан әрі бұзады дегендер де жоқ емес. Сол себепті экотуризм қолға алынуы керек деген ұстанымдағы белсенділер аталған кластерді дамытуға ниетті.
Еліміздегі экологияға нұқсан келтіретін проблемалардың қатарына – табиғатта серуендеу ережелерін сақтамау, қоқыс тастау, от жағып, ағаштардың тамырына зиян келтіру жағдайлары, экологиялық білім мен мәдениеттің төмендігі. Тіпті ұлттық парк мамандары туристердің артынан қалған қоқысты жинап, адамдарға түсіндіріп үлгермей жатады.
«Бүгінде 320 орманшы-инспектордың әрқайсысына 2 мың гектар шамасында аумақ бөлінген. Олардың негізгі міндеті – қарамағындағы территорияны аралап, оны өрт пен браконьерден қорғау. Инспекторлар қарайтын аумақта туристік қызмет жүзеге асырылатын жерлер де бар. Десе де тасталған қоқыс – әлі күнге дейін ұлттық парктің басты проблемасы. Сондықтан бақылау-өткізу пунктінде келушілерге қоқыс қалдырмасын деп пакет ұстатып жіберуді тәжірибеге енгіздік. Бірақ адамдар тегін пакетті өз мақсаттарына пайдалану үшін алып кетіп жатады», деді «Іле Алатау» МҰТП бас директоры Дамир Малгелдиев.
Алатау баурайындағы экотуризмді дамытуды көздейтін жобаны «Turanga Group» ЖШС жүзеге асырмақ. Оның аясында бес шатқалда 7 туристік сапар орталығы салынып, «Тамыр» табиғатта серуендеу мектебі жұмыс істейді. Сапар орталықтарында мамандар келушілерге шатқалдар және оның флорасы мен фаунасы туралы айтып, қоқыс тастау мен орынсыз жерде от жағудың табиғатқа әкелетін зиянын түсіндіреді.
«Үлкен Алматы көлінде де шағын сапар орталық саламыз. Бутаковка және Маралсай шатқалдарында да осындай нысан орналаспақ. Ал танымал Түрген шатқалында кішкентай, орташа және үлкен үш сапар орталық салынады», деді «Turanga Group» ЖШС басшысы Александр Гужавин.
Волонтерлердің бастамасымен құрылған «Тамыр» мектебінің көздеген мақсаты – қоршаған ортаны қорғау бағытында ағартушылық жұмысты күшейтіп, адамдарға табиғатта ұстануға тиіс ережелерді түсіндіру.
«Адамдар көмекке келуге дайын. Уақытын бөліп, таудағы қоқысты жинайды. Сол үшін қиын жерлерге де шығады. Бізбен бірге флора мен фаунаға қамқорлық жасайды», деді «Тамыр» мектебінің жетекшісі Әсел Исанова.
Мектеп жұмысының тағы бір бағыты – тауда жүру ережелерін үйрету. Кәсіби альпинист-нұсқаушылар мұны теория мен тәжірибе жүзінде көрсетіп жүр. Жастардың жобасына қоғамның көзқарасы оң. Осы ретте салалық журналистиканың маңызды бір тармағы ретінде экожурналистиканы дамыту жоспарланып отыр. Бұл курсқа 73 адам қатысуға ниет білдіргенін айта кеткен орынды. Оның ішінде қаржыгерлер, журналистер, тіпті әскерилер де бар.
Экотуризм бастамасын көтергендер 4 жылдың ішінде қолданыстағы 155 шақырымды құрайтын соқпақ жол реттеліп, 17 жаңа бағыт ашылады. Жаяу жүргіншілерге арналған соқпақ жолдармен бірге велосипедке арналған маршруттар ашылады.
Жеңіл құрылымдармен салынатын нысандардың 20-сы тек әлеуметтік бағытта болады деп сендіріп отыр инвесторлар. Нақты айтқанда, инвестор көру алаңдарын, көпірлерді, сондай-ақ автотұрақтарды ұлттық паркке қосымша көмек ретінде тегін салып бермек. Аумақта 10 глэмпинг, 1 кемпинг, 1 караванинг және 1 этноауылды салу көзделуде.
А.Гужавиннің айтуынша, қазір рекреациялық мақсатта пайдалануға болатын жерлерді ғылыми тұрғыда анықтау үшін Білім және ғылым министрлігінің Зоология инситутымен келісімшарт жасалды. Олар аумақтағы жануарлар әлемін зерттеп жатыр.
Экотуризм – заманауи үрдіс
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ержан Еркінбаевтың айтуынша, әлемде пандемияның әсерінен экотуризмге деген қызығушылық уақыт өткен сайын артып барады.
«Экотуризм – туризм саласының ең келешегі зор бағыты. Мемлекет жерінің 10%-ы ерекше қорғалатын аумақтарға жатады. Осы мақсатта инфрақұрылым салып, жағдай жасайық-жасамайық халық аталған аумақтарға бәрібір келеді. Сондықтан туризмді дұрыс ұйымдастырмасақ, экожүйеге түсетін антропогендік жүктеме артып, биоалуандылыққа қауіп төнеді. Жаңа бағыттар ашылмаса, қазіргі орындарға зиян келеді», деді Е.Еркінбаев.
БҰҰ-дың Тұрақты даму бағдарламасы да ұлттық парктер аумағында экологиялық туризмнің ұйымдасқан түрде дамуын қолдайды. Аюсай шатқалындағы инфрақұрылым жобаларымен танысқан Қазақстандағы БҰҰДМ Тұрақты даму бойынша жетекшісі Арман Қашқынбеков экотуризм іс-шараларына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
«Әлбетте, Алматыда, тіпті өзімнің достарымның арасында парк аумағында ешнәрсе салудың қажеті жоқ деп айтатындар бар. Бұл неге алып келеді? Адамдардың қоқысты қалдыруы жиілеп, кәуәп пісіру секілді оғаш әрекеттері көбейеді. Сол себепті шатқалда заманауи бағытта экотуризмнің дамуы БҰҰ даму бағдарламасы үшін өте маңызды. Инфрақұрылымның барлығы ағаштан, жеңіл құрастырылатын материалдан салынады», деді А.Қашқынбеков.
Қоқыстан қалай құтыламыз?
Былтыр Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағынан 6 мың текше метр немесе 1 200 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылған. Оның 40%-ы – тамақ қалдықтары, 30%-ы пластмасса, 20%-ы – шыны, 10%-ы – қағаз-картон қалдықтар. Оларды парк территориясындағы 4 контейнерлік алаңдардан жүк көліктері шығарып жүр.
Қазан-қараша айларында 31 жерге тұрмыстық қоқыс алаңдары қойылды. Аталған алаңдарда қазір 135 құрғақ, 90 ылғалды қалдыққа арналған контейнерлер тұр. Қоқыстың барлығы полигонға емес, қайта өңдеуге жіберіледі.
Ерекшелігі сол, әрқайсысында, әсіресе жас балаларды айналасын ластамауға баулитын аңыз әңгімелер жазылған баннерлер ілінеді. Мысалы, Аюсай шатқалында екі қонжығын ерткен аюдың мүсіні бар. Бір қонжық құрғақ қоқысты, екіншісі дымқыл қоқысты жинаудың тәсілін көрсетеді.
Қарашада Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «ӨКМ Операторы» ЖШС ұлттық паркке екі секциялы қоқыс таситын жүк көліктерін жеткізеді. Бұл техника қалдықты санатына қарай бөлек жинауға қауқарлы. Оның техникалық сипаттамасы таудың қиын учаскелеріне де шығуға мүмкіндік береді.
Осындай бастамалар Іле-Алатау ұлттық паркіндегі қоқыс проблемасын біртіндеп шешіп, тұрғындар мен халықтың саяхаттау мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізетініне сенімді қоғам белсенділері.