Аймақтар • 12 Қараша, 2020

Ядролық қарудың таралуына жол бермеу мәселесі талқыланды

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Ұлттық ядролық орталығына МАГАТЭ бас директорының орынбасары –Кепілдіктер департаментінің директоры Массимо Апаро бастаған Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) делегациясы жұмыс сапарымен келді.

Ядролық қарудың таралуына жол бермеу мәселесі талқыланды

Бұрынғы Семей сынақ полигонының техникалық алаңдары мен ҚР Ұлттық ядролық орталығының ғылыми-зерттеу базасын аралағаннан кейін жұмыс кездесуі өткізілді.

Жиналысты аша отырып, ҚР ҰЯО бас директоры Эрлан Батырбеков Ұлттық ядролық орталықтың ядролық қарудың таралуына жол бермеуге бағытталған МАГАТЭ-мен көпжылдық ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын атап көрсетті. МАГАТЭ-нің қолдау көрсетуінің арқасында кәсіпорын негізінде ядролық қаруды таратпау, ядролық энергетиканың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы маңызды мемлекеттік міндеттер жүзеге асырылды.

Мысалы, бұрынғы Семей сынақ полигонының аумағын радиоэкологиялық зерттеу жобасы мен  Ақтаудан БН-350 реакторының пайдаланылған отынын «Байкал-1» алаңына тасымалдау жөніндегі жобалар ең үздіктер қатарына жатады.

- Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің ҚР Ұлттық ядролық орталығындағы реакторларды жаңғырту және төмен байытылған уран отынына ауыстыру жұмыстарын жүргізуіне жан-жақты қолдау көрсетуі ынтымақтастықтың маңызды бағыты болып табылады,-деді Эрлан Батырбеков,- МАГАТЭ-нің тікелей қатысуымен ИВГ.1М зерттеу реакторының ақпараттық-өлшеу жүйесі жаңғыртылды. ИВГ.1М реакторының ЖБУ-отынын Ресей Федерациясына әкету бойынша да жәрдем көрсетілуде. Сондай-ақ ИГР реакторының сәулеленген уран-графитті ЖБУ-отынын сұйылту мен кәдеге жаратудың бірегей технологиясын әзірлеуге әдістемелік көмек көрсетілуде, оны да атап өткен жөн.

Өз кезегінде Массимо Апаро осы сапарды ұйымдастырғаны үшін  және бұрынғы Семей сынақ полигоны объектілерін аралау мүмкіндігіне ие болғаны  үшін Ұлттық ядролық орталыққа алғыс білдірді. МАГАТЭ бұрынғы Семей сынақ полигонының аумағын қауіпсіз күйге келтіру бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижелерін жоғары бағалады. Сондай-ақ, шетелдік қонақтарға ҚР ҰЯО зерттеу базасында атом энергетикасын дамыту мен радиоэкология және басқарылатын термоядролық синтез технологиялары саласында жүргізілген жұмыстардың ғылыми-техникалық нәтижелері де жақсы әсер қалдырды.

 

Курчатов