Аймақтар • 12 Қараша, 2020

Алматыда "Сергектердің" жаңа түрі орнатылады

206 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі Алматы қаласының маңында "ЭкоСергек" камералары пайда болатынын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматыда "Сергектердің" жаңа түрі орнатылады

Бұл қанатқақты жоба болғандықтан, "ЭкоСергектер" алдағы екі-үш айда Алматы маңындағы барлық ұлттық паркте орнатылады. 

"Алдымен Іле-Алатау ұлттық паркінде 30 "ЭкоСергек" орнатуды жоспарлап отырмыз. Олар туристер көп жүретін жерлерде пайда болады. Мысалы, ҮАК, Есік, Түрген аудандарында. Сондай-ақ, Көлсай мен Қайыңды көлдерінде", деді Экология министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева.

Оның айтуынша, "ЭкоСергектер" инспекторларға айтарлықтай  көмектеседі.

"Соңғы уақытта ұлттық саябақтарда қоқысқа байланысты қиындықтар туындады, өрттер мен вандализм жиілеп кетті. Сондықтан камераларды орнату туралы шешім қабылданды. Біріншіден, бұл туристерді тәртіпке келтіреді. Екіншіден, камералар өрт туралы сигнал береді және экологиялық бекеттердің жұмысын бақылауға мүмкіндік береді. Ұлттық парктерде Қызыл кітапқа енген жануарлар да өмір сүреді. Біз "ЭкоСергектер" браконьерлермен күресте көмектеседі деген үміттеміз", деді ол.

Баспасөз хатшысы министрлік ұлттық саябақтарда қоқыс тастаған адамдарға айыппұлдарды көбейтуді жоспарлап отырғанын да айтты. Қазір осы үшін 10 АЕК (27 780 теңге) төленеді.

Одан бөлек, Есік көліне кіру шектелді. 

"2019 жылы Алматы әкімдігі көл маңындағы аумақты "Қазлектроэнергия" компаниясына сенімгерлік басқаруға берген. Күзден бастап бұл компания көлді сақтау үшін шектеу шараларын енгізді. Арнайы тұрақ бар, көлік ұйымдастырылған, адамдар жаяу да бара алады", деді Іле-Алатау ұлттық паркі бас директорының орынбасары Тілек Әділжанов.