27 Қараша, 2013

Ұлт денсаулығы – мемлекет байлығы

5146 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

 

Мемлекет басшысының егемен елімізді өркендету жолындағы ерен еңбегін ой елегінен өткізген кезде қоғам алдында тұрған міндеттерді белгілеп беру орайындағы дәйектілікті және ерекше адами, қала берді, азаматтық ақылмандықты аңғармау мүмкін емес. Осындай салиқалы сарабдалдықтың арқасында біз тәуелсіз, демократиялы, интернационалды мемлекетте өмір сүріп келеміз. Біздің саяси һәм экономикалық қызметіміз жасампаздыққа толы, оң өркендермен өрнектелген. Халықаралық аренада Қазақстанның тұрақты, егемен, демократиялық ел ретіндегі кескін-келбеті айқындалған.

Мемлекет басшысының егемен елімізді өркендету жолындағы ерен еңбегін ой елегінен өткізген кезде қоғам алдында тұрған міндеттерді белгілеп беру орайындағы дәйектілікті және ерекше адами, қала берді, азаматтық ақылмандықты аңғармау мүмкін емес. Осындай салиқалы сарабдалдықтың арқасында біз тәуелсіз, демократиялы, интернационалды мемлекетте өмір сүріп келеміз. Біздің саяси һәм экономикалық қызметіміз жасампаздыққа толы, оң өркендермен өрнектелген. Халықаралық аренада Қазақстанның тұрақты, егемен, демократиялық ел ретіндегі кескін-келбеті айқындалған.

Ел Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев үшін мемлекеттің сая­си, экономикалық тұрақтылығының мәселелеріде, оның халықаралық бедел бағасыда, сондай-ақ, қазақ­стандықтардың әлеуметтік әл-ауқатының мәселелері де бірдей көкейкесті. Халық денсаулығын сақтау жүйесі тек дамыған, үнемі жетілдіріліп отыратын, саламатты ізгіліктер мен жарқын келешекті көздеген қоғамда ғана кемел деңгейге көтеріле алады. Ал мұндай қоғам халық өзінің бейбіт болашағына сеніммен қарағанда ғана, дүниеге еш алаңсыз дені сау ұрпақ әкеліп өсіргенде ғана мүмкін болмақ.

Бүгінгі таңда Қазақстанның тұрақты дамуының үш зор міндетінің бірі өмірдің орташа ұзақтығы деңгейін ұлғайту болып табылады. Әлбетте, ұлтты сауықтыру негізгі бағыттардың және соған жету тетіктерінің қатарына жатады. Бұл міндет әлемнің неғұрлым бәсекеге қабілетті 50 елінің қоғамдастығына жедел жылжу жолындағы экономикалық дамуды шапшаңдатумен, әлеуметтік өзгерістермен, білім беру және кәсіби кадрлар даярлау жүйесін жетілдірумен қатар, стратегиялық, жалпыұлттық деңгейде басымдық мәртебесін алған. Бізге, медицина қызметкерлеріне қазақстандықтардың тән және жан саулығы орайындағы Елбасы қамқорлығы әсіресе, түсінікті, жанымызға жақын. Ұлт денсаулығының мәселесі мемлекеттік маңызды проблема санатына кіреді. Сол үшін де Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын дамытуға, ең алдымен, халықтың саламатты өмір салты үшін жағдайлар жасауға үлкен көңіл бөледі. Саламатты өмір салты мен адамның өз денсаулығы жолындағы ынтымақты жауапкершілік қағидаты бүгінде денсаулық сақтау саласындағы және ел азаматтарының күнделікті өміріндегі мемлекеттік саясаттың ең бас­тысы саналады.

Алматы – еліміздің ең ірі мегаполисі. Мұнда шоғырланған республикалық ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарынан қалыспай қалалық деңгейдегі медицина саласы да дамып келеді. Елбасының денсаулық сақтау саласына аударған басты назарының нәтижесінде соңғы бес жыл берерінде әлеуметтік маңыздылығы зор және қала тұрғындарына көрсетілер көмектің заман талабына сай болуы ескерілген 18 денсаулық сақтау нысаны іске қосылды. Ал «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы шеңберінде Алматыдағы материалдық-техникалық базасы нығайтылған, диаг­ностика мен емдеудің заманауи түрлері енгізілген Жедел және шұғыл көмек ауруханасы мен жарақаттардың барлық түрін емдеуге бағытталған 300 орындық №4 көпсалалы аурухананың ашылу салтанатына Елбасының өзі келіп қатысуы Мемлекет басшысының халық денсаулығына деген көзқарасын білдірсе керек. Соңғы уақытта қала аумағы артқан сайын, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмек те жетілдіріліп, Алатау және Түрксіб аудандарында емхана құрылыстары жүргізілді. Яғни, қала тұрғындарына бастапқы медициналық-санитарлық көмектің дер кезінде көрсетілуі ұйымдастырылды.

Балаларға көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру мақсатында №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының ескі ғимаратының орнына барлық заманауи технологиялардың талаптары ескерілген, күніне 200 балаға көмек көрсете алатын аурухана салынды. Биылғы жылы Балаларға шұғыл көмек көрсету орталығының жанынан жаңа жабдықтармен жабдықталған хирургия ғимараты іске қосылды. Қаладағы соңғы перзентхана бұдан 30 жыл бұрын салынғандығын ескерсек, 2011 жылы пайдалануға берілген 150 орындық Перинатология және балалар кардиохирургия орталығының қатардағы перзентханалардан артықшылығы – ана мен бала өмірі мен денсаулығын қорғау шаралары барлық кезеңдерде жүргізіледі. Болашақ ананың денсаулығын жүктілік кезінен қадағалау, 500 грамм және одан жоғары салмақпен туылған нәрестелердің кү­тімі, жүрек ақауы бар сәбилерге кар­дио­хирургиялық операциялардың дер кезінде жасалуы осы орталықта жүзеге асырылады.

Елбасының тапсырмасын басшы­лыққа ала отырып, елімізде медициналық ұйымдарды қаржыландыру мүмкіндіктері де түбегейлі өзгерді. Сметалық қар­жыландыру жүйесінен медициналық қызмет сапасы мен көлеміне қарай қаржыландыру жүйесі енгізілді. Жаңа жүйенің арқасында әр медициналық ұйым сапалы қызмет көрсету нәтижесінде еңбегінің толық бағаланатындығына көз жеткізді. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат соңғы бес жылда 2,4 есеге артты. Егер 2008 жылы қаланың денсаулық сақтау саласына 22,3 млрд. теңге қаражат бөлінсе, 2013 жылы 53,1 млрд. теңгеге арттырылды. Ал қаладағы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету үшін жан басына шаққандағы сома 541 теңгені құрап, осы уақытқа дейін рес­публика бойынша ең төменгі деңгейде қалып қойған болатын. Елбасының денсаулық сақтау саласына берілген бағыт-бағдарының арқасында кешенді жан басына шаққандағы нормативтің енгізілуіне байланысты 2014 жылдың 1 қаңтарынан әрбір қала тұрғынына бөлінетін қаражат – 717, ал 2015 жылдан бастап 945 теңгеге көтерілмек. Яғни, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көлеміне республикалық бюджеттен 2014 жылы 2 млрд. 251 млн., 2015 жылы 3,7 млрд. теңге бөлінеді деп жос­парлануда.

Қаражат көлемінің артуымен қатар, медициналық кадрлардың әлеуметтік тұрақтылығы қамтамасыз етілуінің, медициналық мекемелердің заманауи озық материалдық-техникалық жабдықтармен жабдықталуының арқасында инновациялық дамыту бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Жалпы, Алматы қаласында жоғары мамандандырылған медициналық қызмет түрлері кең көлемде көрсетіледі, жыл басынан бері қаладағы клиникаларда 11 мыңға жуық науқас емдеген екен. Бұл – күрделі есту қабілетін жақсарту операциялары, кохлеарлық имплантация, лапароскопиялық және микрохирургиялық операциялар, буынды эндопротездеу (жамбас, тізе, шынтақ, қол және табанның майда буындары), ересектер мен балаларға кардиохирургиялық операциялар. Заманауи жедел технологиялар енгізу де қолға алынған, яғни, нейрохирургиялық операциялар; жарақаттар мен зақымданулар кезіндегі операциялар: буынға операция жасау: бүйрек, бүйір, жамбас артерияларын тарылту; көмей және ұйқы безі ісіктері кезіндегі операциялар қала мамандарының көмегімен жасалады.

Мәселен, №5 қалалық клиникалық аурухана ЛОР және бет-жақ патологиясы бойынша арнайы мамандандырылған клиника болып табылады, клиникада негізінен жаңа жабдықтарды қолданумен жоғары технологиялық операциялар жасалады. Сапалы скринингтік тексерулер жүргізетін заманауи гастрофиброскоп, электрокардиограф осы клиникада орнатылған. Жақсы техникамен ғана жетістіктерге қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан аурухана мамандары Германия, Австрия, Ресей, Литва, Япония, Корея, Италия мамандарымен бірлесе белсенді жұмыс атқарады. Тәжірибе алмасу нәтижесінде клиника мамандарының біліктілігі үнемі жоғарылап отырады. Елімізде алғаш рет австриялық отоларинголог мамандармен ынтымақтастық орнатылып, халықаралық қарым-қатынастар аясында профессор К.Бохайм жақында клиникада бірнеше күрделі операциялар жасады, операцияға біздің мамандар да қатысты. Енді клиника мамандарының К.Бохайм жүргізген операция түрлерін өздері де еркін жасай алатынына сенімдіміз.

№7 қалалық клиникалық ауруханада өткен жылдан бері туысқандық трансплантология арқылы операция жасалып келеді. Аталған кезеңнен бас­тап 40-тан астам туысқандар арасында бүйрек трансплантациясы жасалды, соның ішінде Қазақстанда алғаш рет жасалған операция құрамдас трансплантация деп аталады, операция кезінде бүйрек және ұйқы безінің трансплантологиясы жүргізілген, бір кезеңде екі органды алмастыруға да қол жеткізуге болатындығын клиника мамандары дәлелдей алды. Осы клиникада Curve нейронавигациялық жүйесінің жаңа медициналық құралы пайдаланыла отырып, миға бірегей көрсеткіш нейрохирургиялық операциясы жасалды.

Қаладағы медицина қауымы мақтаныш тұтатын Кардиологиялық орталықта да клиникалық тәжірибеге кардиохирургиялық операциялардың ауқымды спектрі енгізілді. Осы клиникада жиналған жігерлі жас команданың арқасында бұрын-соңды жоспарлауға жүрек дауаламайтын операциялар жасала бастады. Мысалы, үстіміздегі жылы алғаш рет Жедел және шұғыл көмек ауруханасында жамбас мойнағы сынығымен 96 жастағы науқасқа жамбас буынын эндопротездеу операциясы сәтті жасалды.

Елбасы өткен жылғы Жолдауында медицина саласы мамандарын дайындықтан өткізу мәселесіне баса назар аударған болатын. Бұдан бұрынғы жылдары мамандарымызды шетелдерге жіберіп оқытып, оларға көп үміт артатынбыз. Әрине, олар санаулы маман болғандықтан заман талабына сай жетістіктерге қол жеткізуде, өзінен кейінгі мамандар дайындап, әріптестерімен тәжірибе алмасуда аздық ететін. Қазіргі кезде біз шетелдік мамандарды өзімізге шақыруды қолға алдық. Шақырылған танымал, қандай да бағытта өзіндік салмағы бар шетелдік әріптестеріміздің арқасында көптеген мамандарымыз шеберлік-дәріске қатысып, біліктілігін шыңдайтын деңгейге көтерілді, бұл бір жағынан экономикалық тұрғыдан да тиімді.

Медицина саласының ең маңызды көрсеткіші жедел медициналық жәрдем қызметімен де бағаланады. 2012 жылдан қаладағы барлық жедел жәрдем бригадаларының көліктері қолайлы маршрут таңдау барысында GPS және ернеу навигаторларымен жабдықталды. Жаңа навигаторды енгізу нәтижесінде пациентке жедел жәрдемнің жету уақыты 32,5 пайызға қысқарды (15,1 минуттан 10,2 минутқа дейін). Жалпы, жедел жәрдем қызметкерлері үшін әрқашанда уақыт қымбат, әр минут санаулы. Дер кезінде жеткен мамандар науқас өмірінің арашашысы. Қаланың жедел жәрдем қызметі толық жабдықталуымен қатар, мықты мамандармен де толықтырылған.

Алматылықтардың денсаулығын қорғау мақсатында Елбасы алдымызға қойған міндеттер біз үшін ең басты тапсырма болып табылады. Аймақтың әлеуметтік көрсеткішінің басты индикаторы және алматылықтардың денсаулығын қорғауға бағытталған қызметіміздің тиімділігі қала тұрғындарының өмір сүру көрсеткішімен де анықталады. Қала бо­йынша бұл көрсеткіш 1 жылға ұзарған, демек 71,61 жастан 72,49 жасқа жетсе, әйелдер арасында 76,6 жасты, ал ер адамдар арасында 67,6 жасты құрайды. Бұл республика бойынша салыстырғанда ең жоғары көрсеткіш болып есептеледі.

Денсаулық және өмір – адами құндылықтар ішіндегі аса маңызды ұғымдар. Дәрігер қауымына әрбір азаматтың және бүкіл елдің осынау баға жеткісіз игілігін сақтау орайында орасан зор жауапкершілік жүктелген. Демек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларына ден қоя отырып, денсаулық сақтау жүйесі өз алдына қойылған міндеттерді шешу жолында барша қажыр-қайратын, білім-білігін жұмсай береді деп сендіре аламыз.

Жанат ҚАСЫМЖАНОВА,

Алматы қалалық денсаулық сақтау

басқармасының басшысы.

АЛМАТЫ.