Қоғам • 13 Қараша, 2020

Арпа, бидай ас екен... Отандық тамақ өнеркәсібі әлем нарығына шығуға дайын ба?

1181 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Арпа, бидай ас екен, алтын, күміс тас екен» деген нақылдың мағынасына терең үңілетін шақ келген сыңайлы. Өйткені төрткүл дүние тіршілігін азық-түліксіз елестету қиын. Ал әлем биылғыдай пандемия шеңгеліне түскен кезеңде адамзат аштық пен тоқтық жайында шындап ойланғаны анық.

Арпа, бидай ас екен... Отандық тамақ өнеркәсібі  әлем нарығына шығуға дайын ба?

Және карантин шектеуі күшіне мінген қауіпті сағаттарда да тоқтаусыз жұмыс істеп, әлеуметтік ахуал мен экономикалық жағдайдың тепе-теңдігін сақтап қалған бірегей өндіріс көзі осы жеңіл өнеркәсіп, оның ішінде тамақ өнеркәсібі болғанын жақсы білеміз. Өркениеттің дамуы мен техногендік үдерістің өзі асқазанның қалауына қарсы тұра алмады. Қазақ мұндайда «аш қарын жұбана ма, майлы ас жемей...» дейтін еді. Екінші жағынан алғанда жеңіл өнеркәсібі дамыған мемлекеттердің әлем экономикасы мен әлеуметтік ахуалына да ықпал ететіні бұрыннан аян. Ендеше, Қазақстанның азық-түлік өндірісін өркендету арқылы дүниенің бір пұшпағын ұстауға ұмтылғаны жөн деген ойдамыз. Ал бұған отандық тамақ өнеркәсібі дайын ба?

– Қазақстан экономикасының әлем экономикасына интеграциялануын ескерсек, қазір дүние бастан кешіп отырған сындарлы жағдай елімізге әсерін тигізбей қоймайтыны анық. Жалпы, алыс елдерді былай қойғанда, өзіміз мүше болып отырған Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі сауда тепе-теңдігі біздің пайдамызға шешіліп отырған жоқ.

Өйткені елімізде сыртқа жөнелтілетін тауар экспортынан ішкі нарыққа енетін импорт үлесі басым. Бұл біздің өндіріс пен өнеркәсіп тауарларының бәсекеге әлі де дайын еместігін көрсетеді. Ал азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­ма­сыз ету – әр мемлекет үшін ұлттық қауіп­сіздік жүйесіндегі күрделі мәселе. Сон­дықтан бұл да Қазақстанның өз ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құ­рам­дас бөлігі болуы тиіс. Мен эконо­мист ретінде отандастарымыздың азық-түлік тұтынуына қатысты мәселе көте­ріп жүрмін. Бұл қазіргідей адам ден­сау­лығына сынақ болған жұқпалы індет жағдайында, тіпті де өзекті мәселе. Яғни денсаулық мықты болуы үшін тұтынатын тағам қуатты болуы керек. Оның үстіне әр адамның жылына орташа есеппен пайдаланатын тағам үлесінің рационалдық нормасы әр мемлекетте өзгеше. Бірақ ортақ жүйе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен шекті мөлшер бар. Бұл тізімде азық-түліктің он шақты түрі айқындалған. Мысалы, адамның жыл сайын тұтынатын тағамдарының ішінде: нан – 120,5 кг, ет – 70,1 кг, сүт – 359,9 кг, жұмыртқа – 243 дана, картоп – 96,7 кг, көкөніс – 140,3 кг, жеміс-жидек – 80,3 кг, балық – 8,3 кг, қант – 36,5 кг, өсімдік майы – 13,1 кг болуы керек. Енді мұндай өнімді өздері өндірмейтін, сырттан дайын күйінде сатып алатын мемлекеттер бар. Яғни Қазақстанның Еуропаға болмаса Азияның, Африканың халқына таза азық-түлік дайындап, жө­нел­туге ынтасы бар. Өкінішке қарай, оны орындауға қауқар жоқ. Себебі біздің жеңіл өнеркәсібіміз ішкі сұраныстың өзін толық қамти алмай отыр. Рас, елімізде де тамақ өнеркәсібінің ет, ұн, жарма, қант өнімдері,балық, кондитер өнімдерін дайындау жақсы жолға қойылған. Бірақ бұл аймақтар бөлінісіне қарағандағы нақ­ты жағдайдың көрсеткіші бола ал­майды. Өйткені өнер­кә­сіптің дамуына қажетті факторлар: логистика, жұ­мыс күші, инфрақұрылым, шикі­зат сек­торы сияқты талаптар әсер етеді. Ал біздегі көрініс бойынша бұл та­лап­тар­ға ірі мегаполистердің маңын­да­ғы кәсіп­орындар ғана сай болып отыр. Ашы­ғын айтқанда, отандық өнер­кәсіп­тің шетел нарығына жаппай өнім шығарып, экспорттан түсетін табысты экономиканың драйверіне айналдыруы үшін әлі көптеген жұмыс істелуі керек, – дейді тақырыпқа орай пікір білдірген белгілі экономист Атамұрат Шәменов.

1

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Жалпы, Қазақстанның тамақ өнер­кә­сібінің әлемдік деңгейдегі табы­сы дүниенің төрт бұрышындағы аштық зар­дабын шеккен адамдарға да үміт сәу­­л­е­сін сыйлар еді. Рас, біз қазір отан­дық тұтыну нарығын қамту мен дамы­ған елдерге табиғи өнім жеткізу туралы айта отырып, бұл мәселені аттап өтіп кетіп жүрміз. Ал әлемде бір үзім нанға зәру адамдар шоғыры жыл сайын ұлғайып келеді екен. Дерек бо­йын­ша, азық-түлік тапшылығынан зар­дап шегетін тұрғындардың басым бөлігі қара құрлықта тұрып жатыр. Еуро­па­дағы «Deutsche Welthungerhilfe» ұйы­мы жариялаған мәліметке қарағанда, қазір 821 000 000 адам тойып тамақ іш­пейді. Дүниежүзі дәрігерлерінің есе­бінде тұратын 151 миллионға жуық жасөспірімнің қалыпты дамымай қал­уы­на тамақ тапшылығы себеп бол­ған дейді. Ал бір жұтым таза ауыз су мен талғажау етерлік қорекке жарымай отыр­ған құрлықтағы ел тұрғындарының арасында да 51 миллиондай бала бар.

Екінші жағынан алғанда, Қазақс­тан­дағы жеңіл өнеркәсіптің дамуы ел экономикасын шикізат сатудан түскен пайда мен мұнай табысына иек артып отырудан құтқаратын жол болуы тиіс. Дерекке сүйенсек, 2019 жылы отан­дық жеңіл өнеркәсіптің экпортқа өнім шы­ғаруында біршама алға жылжу бо­лыпты. Бұл жерде басын ашып алатын жағ­дай, Қазақстанда жасалған дүниелер қатарында тамақ өнеркәсібінің үлесі өте аз екен. Яғни былтыр отандық 30 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны сыртқы нарыққа батыл енсе, олар өндірген тауар тізімінде азық-түлік пен тұтыну тағамдары түріне жататын өнім жоқтың қасы. Ал отандық өнімді тұтынушылар қатарында 39,4 пайыздық межемен Қытай көш бастаса, Ресей нарығына 39,4 пайыз өнім жөнелтілген. Ал қазақстандық бұйымға 4,8 пайыз шамасында қызығушылық танытқан алыс шетел Италия болса, көрші Өзбекстан 1,5 пайызға сұраныс білдірген.

Есесіне, биыл тамақ өнеркәсібінің қуаты артып, өнім шығару ұлғайыпты. Мәселен, жыл басынан бері елімізде та­мақ өнімдерін өндіру көлемі 3,4 па­йыз­ға өсіп, түсім сомасы 1,6 трлн тең­гені құраған. Оның ішінде өңделген күріш өн­ді­рісі көлемінің 36,8 пайызға, сары май шы­ғару 17,1 пайызға, шұжық жасау 14,6 пайызға, макарон өндіру 9,7 пайызға, жарма өндіру 5,6 пайызға, ұн тарту 5,1 пайызға, айран, сүт өнімдерін шығару 4,5 пайызға, ірімшік және сүзбе алу 2,1 пайызға артқаны байқалады. Әрине, бұл көрсеткіш ішкі нарыққа шығарылған өнімнің жалпы есебі екенін ескеру керек. Осы жерде әлемдік нарыққа шығатын та­мақ өндірісін жандандыру үшін не істеу керек деген сұрақ туады.

– Біздің экономикамыздың бәсекеге қабі­летті өнім шығарып, әлемдік сұра­ныс­қа сай өндіріс көзіне айналуы үшін көп нәрсені өзгертуіміз керек. Оған саяси көзқарастан бастап, индустриялық революция мен қоғамдық сананы жаңғыртуға дейінгі мәселелер кіруі тиіс. Мысалы, бір ғана Илон Маск мұнай магнаттарын инфаркт етудің алдында тұр. Бірер жылда Маск сияқты он адам іс басына келсе, әлемде тағы он жылдан кейін супер энергетикалық революция болары хақ. Мұндай сәтте мұнай сатып, мәз болып отырған елдердің экономикасы құлдырайды. Бұл тәуекел Қазақстанды айналып өтпейді. Қазірдің өзінде мұ­най­дың баррелі арзандаған сайын, тіземіз діріл­деп қоя береді. Ал биыл не күй­деміз? Пандемия. АҚШ жағалауында мұ­най тасыған танкерлер айлап қаң­та­­ры­лып тұрды. Киім шығаратын фабри­калар тоқтады, көлік шығаратын зауыттардағы станок үні өшті. Елдің бәрі үйінде отырды. Бірақ дәрі-дәрмек саласын қос­па­ға­нда тоқтаусыз жұмыс істеген өнді­ріс бар, ол – тамақ өнеркәсібі. Яғни азық-түлік өндіру пандемия, соғыс, тех­но­ген­ді апатқа қарамастан, дами бере­ті­нін көр­сетті. Ал азық-түлік саласы ауыл шаруа­шылығы дамыған елде ғана өркен­­дей­ді екен. Демек, біз болашақта ауыл шаруашылығын дамытуды стратегия етіп алуымыз керек. Оны алдағы сай­ла­на­­тын Парламент заңды түрде жүзеге асыруы тиіс деген ойдамыз. Яғни сая­си партиялардың негізгі ұраны ауыл шаруашылығын көтеру болуы қажет. Ен­деше, ауыл шаруашылығын көтеру үшін бүкіл күшті ауылға салса қайтеді? Сонда ішкі нарықты қамтып, артық өнім­ді сыртқа шығарып сатып, пайда табу­ға болар еді, – деді бір сөзінде жас саясаттанушы Асхат Қасенғали.

Осы жерде ел өңірлерінің ішінде ауыл шаруашылығы бағытындағы істері үлгі болатын Алматы облысы жайында бірер сөз айтқан ләзім. Әрі биыл аймақта агроөнеркәсіп кешені табысты жұмыс істеп тұр. Мысалы, жыл соңына қарай облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 894 млрд теңгеге жетеді деген болжам бар. Қазірге анығы: өңірде мал басы мен құс саны орта есеп­пен 6,2 пайызға өсіп, ет пен сүт өнді­ру көлемі 3,6 пайызға артты. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін биыл 1 084 басқа арналған алты тауарлы-сүт фермасы, 550 басқа арналған үш бордақылау алаңы іске қосылған. Жалпы, қазір облыста барлығы 82 сүт фермасы және 106 бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Нәти­жесінде, сүт зауыттарының жүк­те­ме­сі 80 пайызға, ет өңдеуші кәсіп­орын­­дардың жүктемесі 66 пайызға жет­кен. Бұл тұрғындардың негізгі азық-түлік тү­ріне деген сұранысын қамтып, да­йын өнім­ді экспортқа шығаруға мүм­кін­дік беріп отыр екен.

– Өткен тоғыз айдың қорытындысы бойынша Жетісу аграршылары өндірген өнім түрлері 92,7 млн АҚШ доллары көле­мінде экспортталып, өндіріс 33 п­а­йыз өсім көрсетті. Оның ішінде сүт өнім­дері, кондитерлік өнімдер, ет пен сорпа өнімі, балық филесінің экспортына сұраныс артқан. Жалпы, облыста дайын­далған барлық ет түрі өтімді. Тоғыз айда 3 195 тонна сыртқы нарыққа жол тартты. Бұйырса, жыл соңына қарай ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 894 млрд теңгені құрап, табыс 2,2 пайызға өседі деп межеленіп отыр, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Жалпы, Алматы облысында ауыл шаруашылығын қолдауға биыл 46,1 млрд теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 40,6 млрд теңге жергілікті өнім өндірушілерді субсидиялауға берілген. Мемлекет тарапынан жасалған қолдаудан кейін шаруа мен диқан жігерленіп, егіс көлемін арттырып, мал басын көбейтуге ынталы болатыны сөзсіз. Оның бір көрінісі облыс бойынша ірі қара мал басының 1,3 миллионнан асқанынан, ал қой мен ешкінің саны 4,2 млн басқа жеткенінен байқауға бо­лады. Сондай-ақ аймақта ауыл шар­уа­­шылығы дақылдарының егістігі
7 мың гектарға кеңейіп, көлемі 969 мың гек­­тарға дейін жетті. Оның ішінде қант қызылшасының алқабы 16 мың гек­тар­ға, жүгері 87 мың гектарға жетіп, 1,2 мың гектарға жаңадан қарқынды бақ егілген. Аумақтағы ирригациялық жүйелерді қайта жаңғырту да өнім көле­мін арттыруға жол ашты. Яғни Алматы облысында ирригациялық жүйе­лерді қалпына келтіруге 5,1 млрд теңге бөлінген, соның 1,5 млрд теңгесі – жер­гілікті бюджеттен, ал 3,6 млрд теңге­сі «Жұмыспен қамтудың жол карта­сы» бағ­дарламасы шеңберінде қарас­ты­ры­лып­ты.

Айтпақшы, Алматы облысының эконо­микалық дамуына өңірдің аграр­лық бағытпен шектеліп қалмай, индус­триялық бағытқа бейімделуі де оң әсерін тигізіп отыр екен. Яғни аймақ­та­ғы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 87 пайызға жетті.

– Біздің бүгінгі міндетіміз – Мем­ле­кет басшысының Жолдауындағы тап­сыр­маға сәйкес, әртараптандырылған және технологияланған экономиканы қалыптастыру. Осы мақсатқа қол жет­кізуде трансұлттық компаниялар ма­ңыз­ды рөлге ие. Қазір облыста транс­ұлт­тық компаниялардың жалпы сомасы 165 млрд теңге болатын, төрт мың жұмыс ор­нын құратын 9 жобасы жүзеге асы­ры­­луда, – деген еді тағы облыстың эко­но­микалық дамуына қатысты сөзінде Аман­дық Баталов.

Жалпы, биыл аймақтың өндірістік кар­тасы бойынша құны 153 млрд теңге болатын 71 жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде, өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн теңгеден асады деген болжам бар. Оның ішінде шикізаттық емес экспорт көлемі 6 пайызға өсіп, қаржылай табыс 406 млн АҚШ долларына жетеді деп жоспарланған екен. Ендеше, аймақтағы жеңіл өнеркәсіптің, оның ішінде тамақ өнеркәсібінің өндірісі артып, сыртқы нарықтың сұранысына сай дайындалған табиғи өнім шығару ісіне тек қана сәттілік тілеу керек!

 

Алматы облысы