Парламент • 13 Қараша, 2020

Салық кодексіне өзгерістер енгізіледі

160 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында Салық кодексіне түзетулер енгізілді. Заң салық саясатын жетілдіру, бизнес жүргізу тәртібін жеңілдету және Қазақстанға инвестиция тарту мәселелерін қарастырады. Жан-жақты талқылаудан кейін сенаторлар құжатты Мәжіліске кері қайтарды.

Салық кодексіне өзгерістер енгізіледі

 

Зейнетақы жинағының салығы кейінге шегеріледі

Сенаторларға заң жобасын Ұлт­тық экономика министрі Рус­лан Дәленов таныстырды. Оның айтуынша, құжат инвестиция тар­туды ынталандыру, бизнес-ор­­та­ны дамыту, салықтық әкім­ші­­лен­діруді жақсартуға бағыт­талған.

«Жеке тұлғаларға салық салуды жақсарту бойынша. Салық элементтерін өзгертпей, жеке тұл­­ғалардың мүлік және жер салық­­тарын біріктіру ұсы­ны­лады. Екі салық бірыңғай тө­лем­­­­мен төленеді. Бұл ретте, көппәтер­­лі тұрғын үйлердің иелері үшін жер салығын алып тастау көз­­дел­­ген. Салық төлеушілерге қолай­­лы болу мақсатында көлік салы­­ғын төлеу мерзімін биылғы 31 жел­­тоқ­саннан келесі жылдың 1 сәуіріне ауыстыру ұсынылады.

Инвестицияларды ынталандыру бойынша Инвестициялық салықтық кредитті енгізу ұсыны­лады. Кредит корпоративтік табыс салығы және мүлік салы­ғы бойынша 3 жылға беріледі. Оның пайызы жоқ, бірақ шарттар орын­дал­маған жағдайда өсім­пұл есептеледі.

Мақтаны қайта өңдеуге, ашыт­қы, кондитерлік өнімдер, қант қызылшасынан қантты өн­­діру­ге есептелген қосылған құн салы­ғы­ның сомасын 70 па­йыз­ға азай­ту бойынша норманы қол­дану ұсы­нылады. Бұл ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін қай­та өңдеуді, отан­дық тауар өн­діру­шілердің өндіріс көлемін ұл­ғайтуды ынталандырады.

Экспорт кезінде қосылған құн салығын қайтару рәсімін оңай­лату мақсатында отандық өндіру­ші­лер үшін оны жеңілдетілген түр­де қайтару құқығы беріле­ді. Көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасының ком­поненттерін өндіру үшін қосыл­ған құн салығы бойынша жеңіл­дікті қолдану ұсынылады. Бұл отандық автокөліктердегі қазақ­стандық қамту үлесін арттырады», деді Р.Дәленов.

Ведомство басшының сөзіне сүйенсек, заң жобасында тран­зиттік әлеует және телекоммуникациялар бағыты да қамтылған. Соған сәйкес, тұрақты әлеуметтік маңызы бар автомобиль тасымалы қосылған құн салығынан 3 жыл­ға босатылмақ.

«Теңіз көлігі арқылы тран­зитті дамыту, транзит құнын төмен­дету үшін жағдай жасау мақ­са­тында жүкті теңіз портына дейін темір жол арқылы жеткі­зіп, су көлігіне ауыстырып тиеу ар­қы­лы жүргізілетін тасымалдарды ха­лықаралық деп тану және оларға қосылған құн салы­ғы­ның нөлдік мөлшерлемесін қолданылады.

5G жаңа байланыс түрін құ­руға инвестициялар тарту және жасанды интеллектіні дамыту мақсатында радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері 5 жыл мерзіміне 10 есеге дейін төмендетіледі.

Сонымен қатар жеке тұл­ғаларға қызметтері мен тауарларын электронды түрде өткізетін шетелдік интернет-компаниялар қосылған құн салығын төлеуге міндетті.

Қаржы секторында ипотека­лық компанияларды нашар кредиттерден тазарту мақсатында проблемалық кредиттерді ке­шіру кезінде қарыз бойынша міндет­темелерді тоқтатуды банктердегі сияқты жеке тұлғалардың кірісі ретінде қарамау ұсынылады», деді Р.Дәленов.

Салықтық әкімшілендіру бо­йын­ша да өзгерістер бар. Мем­ле­кеттік қызметтер бойын­ша элек­т­рондық форматқа ауыс­тыру, мер­­зімін қысқарту, жеке прак­ти­­ка­мен айналысатын тұлғалар­дың қызметін тоқтату рәсімі оң­тай­­ландырылады. Са­лық есеп­ті­лігін тапсыру мүм­кін­дігі кеңей­ті­ліп, енді оны бір рет­тік пароль пайдалану арқылы ұсы­на ала­ды. Салықтық дауларға жол бер­меу үшін қосылған құн салы­ғын қайтарудың оңайла­тыл­­ған тәртібін қолдану кезінде тексері­летін кезеңге қайтару туралы талап қойылған кезеңді ғана қосу ұсынылады. Декларация беру рәсімі оңайлатылады.

Заң жобасын талқылау бары­сын­да Сенат Төрағасы Мәу­лен Әшім­баев сөз алып, Са­лық кодексі­не қатысты өз пікірімен бөлісті.

«Жеке азаматтардың салық­тарын жеңілдету, шағын және орта бизнес пен инвесторларға қолдау көрсету жақтарына ерекше көңіл бөлінді. Сол себепті, сенаторлар Салық кодексіне бірқатар маңызды түзету ұсынып отыр. Бұл түзетулер Мем­лекет басшысының биылғы Жол­дауын­да айтылған тапсырмаларды іске асыруға арналған», деді Мәулен Әшімбаев.

Бірінші кезекте түзету­лер ша­­ғын және орта бизнес­ті қол­дау­­ға арналған. Сенатор­лар­дың мәлі­меті бойынша, пандемия сал­­­­дары­нан осы саладағы кәсіп­орын­­дар­дың 30 пайызы жұмысын тоқтатты.

«Пандемиядан айтарлықтай зардап шеккен секторға қолдау көрсету үшін шағын және орта бизнесті 2 жылға қосылған құн салығынан және әлеуметтік са­лықтан босату ұсынылып отыр. Мемлекет басшысының тапсыр­масымен табыстың 3 пайы­зы кө­ле­мінде бөлшек салық ен­гізі­леді», деді  Сенат Төрағасы.

Тағы бір маңызды түзету зейнет­­ақы жинағындағы қаржы­ның бір бөлігін алған кезде төле­не­тін салықты кейінге шегеруді қарас­тырады. Соған сәйкес азаматтар зейнетақы жинағындағы қаржының бір бөлігін алған кез­де бір реттік табыс салығын төле­меуге мүмкіндік алады.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдан бастап азаматтарға зейнет­ақы жинағының бір бөлі­гін пайдалануға мүмкіндік беру жөнінде тиісті мемлекеттік ор­ган­дарға тапсырма берген еді. Алайда бұл қаражат үшін табыс салығын төлеу қажет. Дәл осы мәселе қоғамда наразылық туғызды. Сондықтан сенаторлар бұл төлемді кейінге шегеру­ді және бірнеше жылға бөліп төлеуді ұсынды. Яғни зейнетақы жи­нағындағы қаржыны келесі жылдан бастап алады. Ал оған тиісті салық тек зейнетке шыққан кезде ғана төленеді. Сондай-ақ төлемді бірден жасамай, 16 жылға бөліп төлеу мүмкіндігі қарас­тырылған.

«Зейнетақы жинағындағы қаржының бір бөлігін алдын ала алған кезде оның 10 пайызын бір реттік салық ретінде төлеу керек­­тігі белгілі. Оны қазіргідей кезең­­де азаматтар үшін тиімсіз деп есеп­­тейміз. Сол себепті атал­ған са­лық­ты зейнетақы жина­ғын ал­ған кезде емес, тек зейнет­ке шық­­­қан соң ғана төлеу ұсы­ны­лып отыр. Оның өзінде, бәрін бір­ден аудар­­май, заң жобасына 16 жыл­дың ішін­де бөліп төлеу туралы нор­ма ен­гізілді», деді Мәулен Әшімбаев.

Азаматтығын ауыстырғысы келгендер зейнетақы жинағынан ақша алғаны немесе оның бір бөлігін пайдаланғаны үшін төле­нетін салықты бірден және толық өтеуге міндетті. Осы ретте салық БЖЗҚ (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) шотында қал­ған зейнетақы жинағынан ұста­латынын атап өткен жөн.

 

Инвесторлар салықтан босатылады

Сенаторлар Қазақстан­ды ин­вес­­­торларға тартымды ете­­тін өз­ге­рістерді Салық кодексіне ен­гізді. Депутаттар экономи­ка­ның басым салаларына инвестиция салуға әрі да­мы­туға дайын ин­вес­торларға арнал­ған «нөлдік мөл­шерлемені» енгізуді ұсынды. Инвесторларға табыс, мүлік және жер салығы бірден 100 пайызға төмендетілді. Егер жоба арнайы эко­номикалық аймақтардың бі­рін­де жүзеге асырылса, онда кә­сіп­­орын қосымша құн салығын тө­леуден босатылады.

«Инвестицияның көлеміне, мерзіміне және жұмыс істейтін орынға байланысты инвесторлар 10 жылға дейін корпоративті табыс салығынан, жер салығынан, қо­сылған құн салығынан және мүлік салығынан босатылады. Бұл қадам қазіргідей күрделі ке­зең­де ел экономикасына инвес­тор­­лар тартып, жаңа жобаларды жү­зе­ге асыру үшін қажет. Бұл тү­зе­ту­лерді сенаторлар Мем­ле­кет бас­­шы­сының тапсырмасы аясында ұсы­нып отыр», деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Сенат депутаттарының пікі­рін­ше, мұндай ерекше жағдай отандық экономика үшін күрделі кезеңде нарықта сұранысқа ие тауар түрлерін, соның ішінде экспортқа шығаруға қабілетті жаңа өндірістерді бастауға мүм­кін­дік береді. Салық бойын­ша «нөл­дік мөлшерлеме» Үкі­мет пен ин­вес­торлар арасын­да жасала­тын барлық уағда­лас­­тық­тарды бекіту үшін стра­те­гия­­лық инвес­ти­циялық келісім шең­берінде жаңа құрал ретінде әрекет ете бастайды.

«Қазіргі жағдайда әлемде ин­вес­тициялар үшін бәсеке­лестік бай­қалып отыр, ол эконо­мика­ның барлық саласында жаңа инвес­ти­циялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ ин­вестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша белсенді шаралар қабылдауды талап етеді. Шетелдік капиталды тартудың жаңа құралдарын енгізу қажет», деді сенатор Сағындық Лұқпанов.

Келісімнің қолданылуы мер­зімінен бұрын тоқтатылған жағ­дайда салықтар бойынша преференциялар және Қазақ­стан Республикасы салық заң­на­масы­ның тұрақтылығына кепіл­дік ол жасал­ған күннен бас­тап күшін жоя­ды. Сондай-ақ ин­вес­­ти­циялық келі­сім жер қой­науын пайдалану­шылар мен ак­циз­делетін тауар­ларды өндіру­ші­лерге қолданылмайды.

Сенат депутаттары ауылдық жерлерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету мәселесін де назардан тыс қалдырмады.

«Сенаторлар байланыс операторлары радиожелілерді қол­данғаны үшін төлейтін төлемнің жылдық мөлшерлемесін 90 па­йызға төмендетуді ұсынуда. Мұн­­дай жеңілдікті алу үшін бай­­­­ланыс операторлары осыдан үнем­дел­ген қаражатты бірін­ші ке­зекте ауылдарды сапалы, кеңжол­ақ­ты интернетпен қам­тама­­сыз етуге жұмсау керек. Бұл – Мем­лекет басшысының аумақ­тарды тең­герімді дамыту тапсырмасымен байланысты міндет», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ сенаторлар Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді қарау кезінде пандемия кезінде табысынан айырылған, салық бойынша қарызы бар азаматтар туралы мәліметтерді жариялау нормасын алып тастауды ұсынды.

Отырыс барысында Сенат депутат­тары «1994 жылғы 9 қыр­кү­йек­тегі Еуразиялық патент кон­вен­циясына Өнеркәсіптік үлгі­лерді қорғау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды да қабылдады. Бұл құжат өнеркәсіптік меншіктегі нысандарды қорғаудың Еуразиялық тетігін нығайтуға және кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Хаттамада өнеркәсіптік үлгі­лерге еуразиялық патент­тер­­д­ің құқықтық қорғау ерек­ше­­лік­тері, әрекет ету қағи­дат­тары, өтініш беру­шілердің, құқық иеленушілердің құқық­тары мен міндеттері, сондай-ақ Еура­зия­лық патент ведомствосы жүзеге асыра­тын міндеттемелер мен уәкі­леттіктер көзделген.

Аталған заң жобасы өңір­лік патент жүйесін жетілдіру мақ­сатында енгізіліп отыр. Халық­ара­лық патенттеу кезінде әр мем­лекетте жеке өтінім беру және жеке төлемдерді төлеу айтарлық­тай әкімшілік кедергі келтіреді.

Қазақстандық өтінім беру­шілер үшін өңірлік жүйенің артық­шылығы бар. Яғни объек­тіні 8 мемлекетте бір уақытта қорғау үшін Еуразиялық патент ведомствосына жүгіне алады.

Бұл жүйе Еуразиялық аумақ­та сауда жасау барысында өнер­кәсіптік үлгілерді қорғаудың дең­гейін арттыруға және осы жүйе­нің мүше мемлекеттерінің ин­вес­тициялық тартымдылығын арт­тыруға мүмкіндік береді. Өңір­­лік патент Еуразиялық на­рық­қа бағытталған отандық тауар өң­ді­ру­шілерінің мүмкін­дік­терін арт­ты­рады», деді заң жобасын депутаттарға таныстырған Әділет министрі Марат Бекетаев.

 

Байқоңырдағы қазақ мектептерінде орын тапшы

Сенаторлар жалпы отырыста депутаттық сауалдар жолдады. Мұрат Бақтиярұлы Премьер-Ми­нистрге жолдаған сауалында Бай­қоңыр қаласында қазақтілді мек­тептер мен балабақшаның тап­шылығы туралы мәселені қозғады.

Байқоңыр қаласында 77 мың­нан астам халық тұрады. Оның 70 пайызы – қазақстандық. Депутат келтірген деректер бойын­ша, қаладағы отандас­тары­­мыздың өз жері мен елінде отан­дық талап­қа сай білім алуы дұрыс ұйым­дас­тырылмай отыр.

Сенатор өз сауалында бірне­ше деректі алға тартты. Мы­салы, қазақ тілінде білім беретін Байқоңыр қаласындағы 5 мектепте – 5 236 бала, ресейлік 7 мек­­тепте 4049 бала білім алады. Соң­ғыларының 1 508-і, яғни 37 па­йызы Қазақстан азаматтары.

Байқоңырда қазір Ресейге қарасты 7 мектеп бар. Депутат олардың сыйымдылығы толық қамтылмаған дейді. Мұрат Бақ­тияр­ұлының айтуынша, қала тұр­ғындары орыс тілінде оқы­та­тын қазақстандық мектепке сұ­ра­ныстың жоғары екенін ескере оты­рып, осы 7 мектептің бірін мем­­лекет меншігіне өткізуді сұрайды.

 «Бұл жағдай, ресейлік мектепте оқитын балалардың мектеп бітіргеннен соң ҰБТ-ға қаты­суына және қазақстандық жоға­ры оқу орындарына түсуіне көп кедергі келтіреді. Себебі ем­ти­ханның міндетті пәндері – Қазақ­стан тарихы, қазақ тілі, қазақ әдебиеті ол мектептерде оқы­тылмайды», деді сенатор. 

Одан бөлек, Байқоңырдың орталық аудандарында Ресей Федерациясының меншігіндегі, сыйымдылығы толық пайдаланылмай тұрған 13 балабақша бар. Депутат халықтың бірнеше балабақшаны мемлекеттік юрис­дикцияға өткізу талабы орынды деп санайды.

 «Олар Қазақстан аумағында туып-өскенімен, өз жерінде тұрып, менің отаным – Ресей, менің астанам – Мәскеу деп, Ресей­дің арғы-бергі тарихын, тілі мен әдебиетін оқып, әрине ре­сей­лік патриотизм рухында тәр­бие­ленеді. Айта кету керек, біз жері­мізді жалға бергені­мізбен, сол жерде тұрып жат­қан хал­қы­мыз­ды жалға берген жоқпыз», деді Мұрат Бақтиярұлы.

Сенатор Үкімет басшысынан Байқоңыр қаласы тұрғы­ндарының білім беру саласына қатысты осы түйткілді мәселесін басты назарға алып, оң шешілуіне ықпал етуін сұрады.

Сенатор Әли Бектаев Үкімет басшысы Асқар Маминге жол­даған депутаттық сауалында ха­лық­ты әлеуметтік қолдау мәсе­ле­ле­ріне жан-жақты тоқталды. Дү­ние жүзінде етек алған пандемия бір­қатар жүйелі проблемалар­ды ашып бергенін атап өткен ол ауыл тұрғындары тап болған әлеу­мет­тік қиындықтарға назар аударды.

Сондай-ақ бүгінге дейін Бір­ың­ғай жинақтаушы зейнетақы қо­рын­да жиналған 10 триллион тең­ге­ден астам қаржыны тиім­ді пай­далану жайында өз ойларын ор­таға салды. Қазір­гі таңда 1988 жыл­­дың 1 қаң­тарында жұмыс өтілі 25 жылға толған ер азаматтарға және 20 жылға толған әйелдерге тапқан орта табысының 60 па­йызын зейнетақы ретінде төлеу тәртібі қарастырылған. Мұның өзі ауылдықтардың көпшілігіне бе­ріл­мейді екен. Себебі ауыл шаруа­шылығы жұмыстарының негізі­нен маусымдық болуына бай­ланысты көп еңбеккерлердің жұмыс өтілі 20-25 жылға жетпей­ді, ал оған жеткендерге берілетін 60 па­йыздық төлемақы түкке арзымайтын сома.

Сенатор Қазақстан Республи­ка­сының 2030 жылға дейінгі мер­зімге арналған зейнетақы жүйе­сін жаңғырту туралы тұжы­рым­дамасының жобасымен мұқият танысып, одан ешқандай жаңа­лық көрмегенін атап өтті. Онда тек кепілдендірілген төменгі зейнет­ақы деген ұғым енгізілген көрінеді. Сон­да ауылдағы зейнеткерлер сол төменгі зейнетақымен қала бере­ді. Сенатордың пікірінше, мұн­дай тұжырымдаманы мүлдем қабыл­дамаған дұрыс.

«Жаңа қабылданатын тұжы­рым­дама ауыл зейнеткерл­ерінің зейнетақысын көтерудің, ауыл еңбеккерлерінің зейнетақы жинақ­тарын көбейтудің жолдарын қа­рас­­тыратын, сол ауылдардың зей­не­тақы қаржыларының сақта­луын кепілдендіретін құжатқа айналуы керек деп ойлаймын», деді Әли Бектаев.

Сенатор Қазақстанда жаңа әлеу­­мет­тік саясат енгізу керек деп са­най­ды.