Оқиға • 13 Қараша, 2020

Студенттер министрмен кездесті

492 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Жастар ісі жөніндегі комитеттердің II республикалық шақырылымы мен «Қазақстан студенттері Альянсының» XVII республикалық слеті өтті.

Студенттер министрмен кездесті

Онлайн форматтағы республи­калық шақырылымға еліміздің 17 өңірінен Жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары, жастар және студенттік ұйымдардың көшбасшылары, жас­тармен жұмыс департаменттерінің директорлары, проректорлар жиналды. Сонымен қатар 300-ден астам белсенді жас жиында бас қосып, өзекті мәселелерді қозғады.

Республикалық слетті Ақ­па­рат және қоғамдық даму минис­тр­­лігі Жастар және отбасы сая­саты ко­митетінің төрағасы Шах­мар­­дан Байманов ашты. Ол өз сө­зін­де сту­денттік қозғалыстың 15 жыл­дығымен құттықтап, студент­тер­дің елдің да­муындағы маңызды рө­лін атап өтіп, жас­тардың өзін өзі бас­қаруын дамыту, олардың бастамаларын қолдау және басқа да жүзеге асырылып жатқан шараларға тоқталып өтті.

Сонымен қатар Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Ген­надий Шиповских, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынба­сары Олжас Ордабаев, Білім жә­не ғылым министрлігі Жоғары және жоғары білімнен кейінгі депар­таменті директорының орынбасары Б.Нарбекова, М.Нәрікбаев атын­дағы Қазақ гуманитарлық заң уни­верситетінің провосты, Білім және ғылым министрлігіне қарасты ADAL BILIM жобалық офисінің әкімшісі Сергей Пен, «Астана» медицина университетінің ректоры Павалькис Дайнюс, Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің (НААР/IAAR) бас директорының стратегиялық даму жөніндегі кеңесшісі Г.Искакова, Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» АҚ экс­перті А.Құрмансейіт, Білім сапасын қамтамасыздандыру бо­йын­ша тәуелсіз агенттігінің (IQAA) Тал­дау және сапа бөлімінің басшысы Г.Рақымжанова қазақстандық бі­лімді дамыту және заманауи сын-қа­терлердің білім сапасына әсері, кадр­лардың біліктілігін көтеру, жас мамандарды жұмыспен қамту мә­селелері туралы ойымен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңестерін айтты.

Сондай-ақ қатысушылар Қазақ гуманитарлық заң университетінің білім жүйесімен, студенттеріне ар­налған демалыс орындары және заманауи коворкинг орталықтарымен танысты. Кездесу барысында Уни­верситет төрағасы Талғат Нәрікбаев белсенді жастардың сұрақтарына жауап берді.

Шараның басты қонағы – Бі­лім және ғылым министрі Асхат Ай­ма­­ғамбетов слетке қатысқан жас­тар­мен пікір алмасты. Министр қаты­сушыларға студенттік шағындағы естеліктерін айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Университет, колледждердегі Жастар ісі жөніндегі комитеттердің әлеуетін көтеру жоспарда бар, сол жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Әр университетте арнайы комитет болуы керек деп есептеймін. Ал студенттердің мүддесін қорғап, іс-шараларын өткізуге жауапты ұйым ретінде Студенттік парламент, Студенттік өзін өзі басқару ұйым­дары құрылуы қажет», деді Асхат Аймағамбетов.

Жиын барысында министр елі­міздің білім саласын дамыту, сапалы білім беру мен кадр даярлау, жоғары оқу орындарының лицензиясын қайтарып алу, диплом «басып шығаратын» университеттерді жабу, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, жұмысқа тұру сынды бірнеше өзекті мәселені қозғап, көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.

Қазақстан студенттері альян­сы­ның жетекшісі Ілияс Түстікбаевтың айтуынша, құрылым 15 жыл ішінде еліміздегі ең үлкен жастар ұйымына айналған. «Ұйымымыз білім саласын дамытуға өз үлесін қосып келеді. Соңғы жылдары жастар саясатында да үлесіміз айқын. Бүгін 50-ге жуық жастар ұйымының басын біріктіріп үлкен шара өткізіп отырмыз. Бұл слет – жастар мәселелері қозғалатын алаң. Бұл жер өзгерістерге бастау болса, біз қуанамыз. Білім және ғылым министрлігі жанынан Студенттер мәселесі жөніндегі кеңестің құры­латыны келісілді. Ендігі кезекте университет пен колледж белсенділерін біріктірген кеңестің ел жастарына пайдасы мол болады деп сенеміз», дейді ұйым төрағасы.

Шараның қорытындысы ретінде жыл бойы жоғары нәтиже көрсеткен студенттер «Қазақстан алтын жастары», «Пікірсайыс турнирі», «Үздік ЖіЖК» және басқа да конкурс нәти­желері бойынша қаржылай және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Аталған байқаулар «Жастардың өзін өзі басқару органдары жүйесін дамыту» жобасы аясында өткізілгенін атап өткен жөн.