Аймақтар • 13 Қараша, 2020

Жаңаөзенде жаңа ауыл құрылады

866 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңаөзен қаласында халық саны көбейіп келеді. Бұл, әрине қуанышты, жағымды жаңалық. Дегенмен қатары қалыңдаған тұрғындарға әлеуметтік тұрғыда жағдай жасап, қызмет көрсету өз қиындықтарын туғызуда. Осы орайда, халық санының өсуіне байланысты Жаңаөзен қаласындағы Рахат ауылы екіге бөлініп, жаңадан Кендірлі ауылы құрылады.

Жаңаөзенде жаңа ауыл құрылады

– Бүгінгі күні Рахат ауылы халқының саны – 45 848 адамды құрайды. Халық саны жыл басымен салыстырғанда 2 555 адамға өсіп отыр. Толығырақ тоқталар болсақ, бұл елді мекеннің халқы 2017 жылы – 32 111 адамға, 2018 жылы – 38 267 адамға, 2019 жылы – 43 293 адамға жетті. Ауылдың жалпы көлемі – 4 605,2 гектар. Осы ауылдағы «Ақсу», «Мерей», «Рахат» шағын аудандары Рахат ауы­лының құрамында қалып, «Жұлдыз» шағын ауданы жаңадан құрылатын Кендірлі ауылының құрамына кіреді, – деді Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Нұрберген Худибаев.

Рахат ауылын екіге бөлуге маман­дардың жетіспеушілігі, халық саны­ның күрт өсуі, коммуналдық қызметтер­­дің уақтылы көрсетілмеуі себеп. Мәселен, 40 мыңнан асатын елді мекенде 18-20 мемлекеттік қызметкер болуы тиіс. Ал ауылда маман жетіспеушілігі анық бай­қалады.

– Рахат ауылы бөлінген жағдайда бюджет шығындарының көлемі 771,2 млн теңгеден 898,2 млн теңгеге дейін ұлғаяды. Ұсынылған бюджет шы­ғын­дары көлемінің ұлғайғаны мектепке дейінгі білім беру, тазалық қызметі, көше жарығына қызмет көрсету мен ауылды абаттандыру жұмыстары­ның ауқымына байланысты болады, – деді Рахат ауылының әкімі Өсербай Табыншаев.

Келешекте Кендірлі ауылында ден­саулық, білім беру, спорт, мәдениет, автомобиль жолдары, инженерлік-инфрақұрылым, мемлекеттік қызмет көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы мен кәсіпкерлікті дамыту саласы дамып, жаңа нысандар бой көтереді деп жоспарланған.

Сондай-ақ Жаңаөзен қаласында ха­лық санының артуы, бірнеше жыл дауға себеп болған ескі үйлер тұрғындары­ның жанайқайы, жұмыссыздық мәселе­сі кейбір отбасыларды өз еріктерімен Ақ­тау қаласына көшіруге себеп болған еді. Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаровтың айтуынша, биыл бір ай ішінде – қыркүйектің 3-і мен қазанның 3-і аралығында құжаттар қабылданып, 600 тұрғын өтініш берген.

– Жергілікті мұнай компаниясы мен әкімдік тарапынан келісімшарт жа­сақталды. Бүгінгі күні қол қойған құ­жат дайын. Енді меморандум бойынша комиссия өкілдері 600 тұрғынның өтінішін қарап, 150 адам іріктеледі. Келесі жылы да 150 пәтер беру жоспарлануда. Айта кетсек, жалдамалы тұрғын үй әлеуметтік осал топтың мүшелеріне, көпбалалы жалғызбасты аналарға, ҰОС ардагерлеріне беріледі. Өткен жылы дәл осындай жалдамалы тұрғын үйге 3,9 млрд теңге бөлініп, 394 жаңаөзендік отбасы баспаналы болды, – деген болатын Жаңаөзен қаласының әкімі.

Әлеуметтік мәселе ерте ме, кеш пе ше­шімін табады, ең басты қуаныш – «Елге ел қосылса – құт» дегендей, аға­йын қатарының қалыңдап, қалаға сыймай жатқаны болып тұр.

 

Маңғыстау облысы