Суреттерде: 1. Тұңғыш рет допинг қолданып, 1904 жылы Сент-Луис Олимпиадасының жеңімпазы атанған марафоншы Томас Хикс; 2. допингтің кесірінен рекорды жойылған желаяқ Бэн Джонсон; 3. допингтен көз жұмған велошабандоз Том Симпсонның соңғы сәті.
Допингті еуропалықтар алғаш рет ХХ ғасырда ат жарысы кезінде жүйрік жылқыларға беретін болған. Сондай-ақ ХІV ғасырдың өзінде стрихнин, кофейн, кокаин, алкоголь сияқты дүниелерді велошабандоздар қуатын күшейту үшін пайдаланған екен. Мысалы 1904 жылы Сент-Луис Олимпиадасында бас жүлдені жеңіп алған марафоншы Томас Хикс жарыс алдына шикі жұмыртқаға брэнди қосып ішіп және стрихнин пайдаланғаны жайлы дерек бар.
Осылай үлкен спортта допинг пайдалану кең етек ала бастады. 1920 жылы бұған қандай бір шара қолданбаса спорттық ойындарға зиянды әсерін тигізері нақтыланды. Алғаш рет 1928 жылы халықаралық жеңіл атлетика федерациясы өз спортшыларына допинг қолдануды тоқтату жайлы шешім қабылдады. Бірақ допингті тексеріп, анықтап, шара қолдану тетігі қарастырылмағандықтан, шешім іске асқан жоқ. 1930 жылы этинилэстрадиолды дәрі-дәрмек түрі пайда болып, допинг мәселесі тіпті күрделеніп кетті. 1950-жылдардың арғы-бергі жағында үлкен спортта допинг қолдану шегіне жетті.
1960 жылы Рим Олимпиадасы барысында амфетаминді асыра пайдаланып қаза тапқан даниялық велоспортшы Кнуд Энэмарк Иенсеннің өлімі әжептәуір шу туғызды. Осы оқиғадан кейін әлем спорты төңірегінде жүрген басшылар допингтік тексеру қажет екеніне көз жеткізгендей болды.
Сонымен тұңғыш рет 1966 жылы Халықаралық велоспорт федерациясы мен Футбол федерациясы әлем чемпионаттарын өткізу кезінде допингтік тексеру жүргізді. Келесі жылы Халықаралық Олимпиада комитеті арнайы медициналық комиссия тағайындап, зиянды элементтердің (допингтердің) тізімін жасап шықты.
1968 жылы Гренобль Қысқы Олимпиадасы мен Мехикода өткен Жазғы Олимпиада кезінде спортшылар алғаш рет допингтік тексеруден өтті. Бұл шаруаның жедел түрде қолға алынуына тағы бір себеп, бір жыл бұрын «Тур де Франс» веложарысы кезінде шабандоз Том Симпсон допингтің кесірінен қаза тапқан болатын.
Арада екі жыл өткен соң, яки 1970 жылы барлық халықаралық деңгейдегі спорт түрлері федерациялары допингке қарсы тексеру жүргізу ісіне жаппай жұмылды. Десе де, барлық жерде жаппай пайдалануға көшкен, бір сөзбен айтқанда, адамның бұлшық еттерін дамытуға қажет анаболик стероидті анықтау қиынға соқты. Оны әшкерелеу тәсілін дәрігерлер 1974 жылы тапты да, 1976 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті анаболик стероидті қолдануға болмайтын зиянды элементтер тізіміне қосты.
Осылайша,1970 жылдардың соңынан бастап әлемдік додаларға қатысушы көптеген спортшы допинг қолданушылар тізіміне ілігіп, әшкереленді. Бұл оқиғаға ауыр атлеттер мен күшті көп қажет ететін спорт түрлерімен шұғылданатын спортшылар жиі ілікті.
Допинг дауы мұнымен біткен жоқ. 1975-80-жылдары кейбір мемлекеттер аталған зиянды элементтің бәзбір түрлерін пайдалануды қолдап, тіпті оны желеп-жебеп қаржыландыруды қолға алды. Бұл тарапта Германия Демократиялық Республикасына қатысты туған дауды көнекөздер әлі ұмыта қойған жоқ. Сол сияқты өткен ғасырдың 80-жылдарындағы допингке қатысты үлкен шу 1988 жылы Сеул Олимпиадасы кезінде шықты. Канаданың атынан Олимпиадаға қатысқан, арғы тегі ямайкалық 100 метрге жүгіруші жеңіл атлет Бэн Джонсон жаңа рекорд (9,79 секунд) жасады. Бірақ 3 күннен соң желаяқтың станозолол (анаболик стероид) пайдаланғаны әшкереленіп, жаңа көрсеткіш күшін жойды. 1990 жылы өткен ғаламдық жарыстарда көптеген (әлем және құрлықтық чемпионаттарда) спорт түрінің көрсеткіші күрт түсті. Бұл жағдайды спорттанушылар допингке қарсы күрестің нәтижесі деп бағалады.
Уақыт өткен сайын допинг қолданушылар оны білдірмейтін жаңа тәсілдер ойлап тауып, әркез қиындық тудырып келеді. Сөйтіп оны қанның құрамынан іздейтін амал қарастырылды. Өйткені қан құрамына білдірмей допинг сіңіру тәсілі кең етек алып келеді. Спортшылар қан құрамына сіңіп, іздесе табылмайтын эритропоэтинді пайдалануды әдетке айналдыра бастады. Бұл затты Халықаралық Олимпиада комитеті 1990 жылы қолдануға болмайтын элементтер тізіміне енгізіп, тыныш тапты. Шын мәнінде қан құрамындағы эритропоэтинді әшкерелеу 2000 жылғы Сидней Олимпиадасы кезінде ғана іске асты.
Қазір допингпен күрес жолында көптеген іс-шара атқарылып келеді. Атап айтқанда, 1998 жылы велошабандоздардың «Тур де Франс» көпкүндік бәйгесі кезінде полиция аса ірі көлемде қолдануға тыйым салынған дәрі-дәрмектерді тапты. Жалпы Франция 1963 жылы допингке қарсы заң қабылдағанымен, онымен ашық күресуге Еуропалық кеңес кедергі жасап келген дейді.
Жоғарыдағы оқиғадан кейін допингпен күресті күшейтудің айла-шарғылары қарастырылып, спорттың беделін түсірмеу үшін допингті бақылайтын тәуелсіз халықаралық ұйым құру туралы әңгіме басталды. Нәтижесінде, 1999 жылдың ақпан айында Халықаралық Олимпиада комитеті бас болып, Лозанна қаласында алғашқы басқосуын өткізді. Аталған жиын барысында, допингке қарсы өте жоғары дәрежеге ие халықаралық ұйым (WADA) құрылып, осыдан бірнеше жыл бұрын бұл ұйым өзінің штаб-пәтерін Монреаль қаласына орналастырды.