Өңірде індеттің алдын алу үшін халықты эпидемиялық жағдайға байланысты ақпараттандырып, шектеулерді түсіндіру, бас санитарлық дәрігердің қаулыларындағы талаптардың орындалуын қадағалау мақсатында арнайы мобильдік мониторингтік топтар құрылған еді. Бүгінде Көкшетау қаласында 12 топ бар. Бұрын осы топтардың құрамында болған санитарлық қызмет өкілдері мен медициналық қызметкерлер қазір тек call-орталықтарда халық тарапынан қойылатын сауалдарға жауап беріп, мониторингтік тексеріс кезінде туындайтын даулы жағдайларда ғана баратын болды.
Облыс орталығында соңғы 10 күн ішінде 252 адам КВИ-мен тіркелді. Қазіргі уақытта олармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталуда. Індеттің өршуіне байланысты мобильді топтар 3 қараша күні 48 нысанды тексеріп, олардың 10-ында талап бұзушылықтар орын алғанын анықтап отыр. Ал 11 қарашадағы мониторингтік тексеріс 73 нысанды қамтып, оның 4-еуінде талапқа мойынсұнбау жағдайы кезіккен.
«Шафран» дәмханасына, Көкшетау автобус паркіне айыппұл салынды. Сауда орталықтары мен дүкендер тексерілгенде «Самал» сауда орнының жалпыға ортақ талапты бұзғаны анықталды.
Ел іші індет қаупін толық түйсінбей, тәртіп бұзудан тыйылмаса, қиынға соғатын түрі бар.
Көкшетау