Оқиға • 16 Қараша, 2020

Ертегіге елітіп бойжеткенмін

777 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тіл – құдірет. Бойлаған сайын тұңғиығына тартып, иірімімен үйіріп әкетуі де әбден ықтимал. Қазақ тілін жөргегінен меңгерген кейіпкеріміз осылай дейді.

Ертегіге елітіп бойжеткенмін

Әуелі қазақ тіліндегі таңғажайып ертегі­лер­­ді үлкендердің айтуынан тыңдаған. Кейін өзі оқып, сиқырлы әлемнің ішінде жүрді. Тілге деген құмарлық, білуге деген бейім осы кезде қа­лып­тасты. Көзі ілінгенше қиял әле­мін­де, есте жоқ ескі кезеңде өзі сүйіп оқи­тын ер­тегі кейіп­керлерімен бірге жүретін. Бір ға­ж­а­бы, қазақ тіліндегі ертегілердің бәрі жақсы аяқ­та­ла­ды. Кейіпкерлері де мейірбан, пейілдері дар­­хан даланың кеңдігіндей. Аңқау, адал. Тірі жан­ға жамандық ойламайды. Талай ертегіні еліте оқы­ғанынан түйгені осы. Бүгінде өзге ұлт өкіл­дері арасында өткізілетін сан алуан байқауда жүлде алып жүрген, жергілікті ұлт тілінің білгірі, Атбасар қаласының тумасы Тамила Мар­тазанова ертегі әлемімен ер­жеткендердің бірі.

Атбасар қаласындағы №2 көпсалалы орта мектепте оқып жүрген кезінде тілді толайым меңгеруге ұстазы Алтынай Қаженова көп ықпал еткен екен.

– Ең алдымен тілімді қалыптастырып, осы дең­гейге жеткізген ұстазыма айтар алғысым көп, – дейді Тамила Магаметқызы, – алдымен қа­лалық, сосын аудандық, облыстық, рес­пуб­ликалық өзге ұлт өкілдері арасында өткі­зі­летін сан алуан байқауларға қатыстым. Жүл­десіз қалған жерім жоқ. Осы байқауларға тың­ғы­лықты дайындық керек болды. Сол кезде ұс­тазымның жанынан шықпайтын­мын. Алтынай Қасымқызы байқауға өзі ертіп апаратын. Мен қанша қобалжып, уайымдасам, ол кісі мені­мен бірге, бәлкім менен де көп уайымдай­тын. Бүгінде қазақ тілін қапысыз меңгеріп, табыс­қа жететұғын болсам, ол ең алдымен ұста­зым­ның арқасы. Тілді ғана емес, елді, Отан­ды сүюді үйретті. Салт-дәстүрдің, әдет-ғұ­рып­тың мәнін ұқтырды. Ұлт тілін, оның қилы-қилы тарихын, соқтықпалы-соқпақты жолы­нан өткен тағдырын тереңірек білген са­йын менің жан-дүнием қазақы әлеммен табыса түседі. Өңіме қарап жұрт нәсілім басқа екен­дігін танығанымен, тілдесе келе қазақтың бой­жет­кен­дерінен айырмашылығымның жоқ екен­д­ігін ұғар еді. Өйткені, мен де осы елдің қызымын.

Біршама шешен сөйлейтін, тілді еркін меңгерген Тамила Магаметқызының айтуына қарағанда, тіл білу өмір жолындағы жүкті де жеңілдеткен. Облыс орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекет­тік уни­верситетінің заң факультетін ойдағы­дай аяқтағаннан кейін еңбек жолын бастағанда көп-көрім көмек болыпты. Әсіресе іс қағаз­дарын жүргізгенде. Талап бойынша қос тілді қатар білу керек. Орыс тілінде де еркін сөйлейтін жас қыз тіл мәселесіне келгенде тіпті қамшы салдырмайды.

–Тілді еркін меңгеру үшін қоршаған орта­ның әсері көп болатындығы белгілі, – дейді ке­йіп­­керіміз, – менің әкем Магамет Бамат­гир­ұлы, анам Мадаш Магаметқызы менің қазақ тілін үй­­ренгеніме ешбір қарсылық білдірген жоқ. Қайта осы қадамың өте дұрыс деп қанат­тан­­­ды­рып отырды. Ата-анамның айтуына қа­ра­­­ған­да, біздің ата-бабамызды қиын-қыстау ке­зең­­де қазақ халқы құшақ жая қарсы алған. Бір уыс би­­даймен бөліскен, бір үзім нанды бөліп же­­ген. Сол қамқорлықтарының арқасында ел қа­­та­ры­на қосылыппыз. Енді сол жақсылықтың өте­уін қалай қайтарамын деп көп ойландым. Ме­­нің қо­лым­нан не келеді? Егер тілін мең­гер­сем, дәс­түрін қадірлесем, осы даланың перзенті бол­сам, елге адал қызмет етсем аталарыма сіңір­ген ең­­бек­тің бәрін болмаса да, бір шөкімін ақтар едім ғой.

Қазақ даласында туып, халқының қасиетін қадірлеген қаршадай қыздың пейіліне, алдына қойған мақсат-мұратына бек разы болдық. Барлығы адам санасында ғой. Санасына сәулелі, ізгі ой ұялатқан, бүгінде облыс орталығындағы құқықтық кеңес беру орталығында заңгер болып жұмыс істейтін Тамиланың тұжырымы дұрыс-ау, шіркін!

 

Көкшетау