Оқиға • 16 Қараша, 2020

Өмірін адал еңбек ұзартқан

392 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мүмкіндігі шектеулі жандардың тағдырдың сынағына қарсы тұрып, қатепті қара нардай жүк көтеріп, алға ұмтылғанын көргенде көңіліңді ризашылық сезімінің баурайтыны бар. Алға ұмтылмаса, тырбанып тіршілік қылмаса, ақбас толқындары аспанға атқан өмір айдыны бір шөкім жаңқа құрлы көрмей, жағалауға ысырып тастар еді.

Өмірін адал еңбек ұзартқан

Кейіпкеріміз Айбек Маз­баев­тың болашаққа құрған жос­парлары көп-ақ еді. Өмір шір­кін, дәл осылай өңін өзгертпей тұра­т­ын­д­ай көретін. Бойын кернеген күш-қуатының, қайратының ба­рында алдынан жұмыс үркіп отырды. Шағалалы ауылындағы кәсіптік-техникалық колледжді тәмамдап, агроном мамандығын алып шыққан соң Мәлік Ғабдул­лин атындағы кеңшарда жұмыс іс­теген. Бұл өңір түгін тартса, ма­йы шығатын топырағы құ­нар­лы, жомарт өлке. Шоқ жұл­дыз­дай Қойсалған ауылында туып, ауыл шаруашылығының қысы-жазы бір таусылмайтын науқандық жұмыстарын ағалары мен аталары қалай тындыратынын бала кезінен көзімен көріп, көңілімен сезіп өсті ғой. Ол заманда үйі­рім-үйірім қайың шоқтары қау­­лай өсіп, табиғаты тамылжып тұратын шағын ауылдың еңбекқор адамдары ақтылы мал өсіріп, ақық дән аялаушы еді. Дала тынысын бала кезінен түй­сін­ген. Еңбектің де қадірін ерте білді. Алдыңғы ағалардың абыройлы жолын тәлім деп тү­сін­ді. Өзі де соларға ұқсауға, нақ солардай апырып-жапырып еңбек етемін деп топшылаған. Соған ұмтылған. Абыройға жеткізетін де адал еңбегім болады деп алдына мақсат қойған. Агроном болып шаруашылық жұмысына араласқан бетте шаршап-шал­дығу­ды білмейтін. Әсіресе көктемгі және күзгі науқандық жұмыстары кезінде уақытпен санаспай еңбек етті. Алқапқа сіңір­ген әр дәннің маңдай термен ғана көктейтінін, кейін ырыз­дық болып айналатынын зерек көкірегіне түйген сайын диқан­дық кәсіптік қыр-сырын тәжірибе ретінде тәптіштеп жинай бастады.

Кейін ел тәуелсіздігін алып, әркім өз ісін көктей сабақтап кеткен тұста шағын, өз отбасының н­ә­па­қасына қауметі қаптал же­тер­­лік шаруа қожалығын құр­ған. Егін екпек, мал бақпақ. Ауылдағы адамға жер сүмесін емгеннен басқа не бар? Қырсық кейін шалды. 17-ге толып, зіңгіттей жігіт болып қалған ұлы қапелінде жа­­бысқан қатерлі ісіктен көз жұм­ды. Қырық қабырғасын қау­сат­қан қайғының жүгі тым-тым ауыр еді. Жүрекке салмақ түсті, айықпас дерт жабысты, оның үстіне күндіз-түні уайымдай берген соң қант ауруы пайда болды. Ақыры екінші топтағы мүгедек болып қалды.

Ауылдағы адамға менің жа­йым осылай еді дегенмен, ырыз­дығын кім әкеліп берер? Тұла бойын темір шілтердей қау­малай қысып, тынысын тарылтып, қайратын кемітіп, қыр соңынан қалмай қойған ауру-сырқауды елемей өзі тырбанды. Жүруінен тұруы көп көксау тракторды жамап-жасқап егін екті. Ел қатарлы мал бақты. Әлі де сол, етегінен жабысқан бейнетпен алысып келеді. Жеңілмек емес. Қалқайып қатарда жүргенін адал еңбегімнің арқасы дейді өзі.

«Ауылда мал ба­ғу да оңай емес. Жері­міз қан­ша­лықты құ­нар­лы бол­ға­ны­мен, жайылым мен шабындық жер қажет. Онсыз табысқа жету өте қиын. Міне, есеп­теп қараңыз, биыл жаз тым ыстық болды. Жайылымдағы, ша­бындықтағы шөп бойлап көт­е­рілмей, буыны қатпай жатып солып, семіп қалды. Таби­ғат­тың тақсыретін қазір елдегі малсақ қауым көріп отыр. Мал азығы тапшы болған соң бағасы да өсіп кетті. Естуімше, бидайдың бағасы 90 мыңға жетіп жығылған, ал біз тәрізді бірлі-екілі мал сүмесімен көн көріп отырған адамдар үшін жем-шөп тым қымбат. Сұлының әр тоннасы – 45-50 мың теңге, арпа – 65 мың, бір тіркеме шөбіңіз – 50 мыңның төңірегінде», дей­ді екінші топтағы мүгедек, «Абылай» шаруа қожалығының басшысы Айбек Мазбаев

Кейіпкеріміз айтқан есепті біз де ақыл таразысына салып көрдік. Айталық, көктемде туған бұзау – қазір торпақ. Дәл осы күйінде етке тапсырудың реті жоқ, салмақ тартпайды. Жоқ дегенде тірідей салмағын 300 килоға жеткізу үшін бір қыстатып шығару керек. Егер бір бас қара малға екі тіркеме шөп алсаңыз, 100 мың теңгеңіз – шығын. Мал жалғыз шөппен қыстан шық­пайды, жем керек. Бағасын жоғарыда айттық. Сонда бір бас малды қыстатып шығару үшін кемінде 150 мың теңге қаражат жұмсалады екен. Оған қыс бойы екі мезгіл жем-шөбін салып, жайлап, ат шаптырым жердегі суаттан су тасып, сіңірген еңбегіңізді қос­саңыз, өзін ақтауы да қиын.

Осынша бейнетпен өсірген мал төлін ауылдағы ағайын өз бағасына бұлдап сата да алмай отыр. Мал етін дайындаушылар бұл өңірге аяқ баспайды, тіпті ондай қызметтің бар-жоғынан ауыл адамдары бейхабар.

«Ауылға келген алыпсатарлар малды көзбен мөлшерлеп, саудаласады. Әрине, күн сайын айналысып жүрген кәсібі болғандықтан, саудагерлердің пайда көретіні анық. Бізден әр килосын шамамен 1 500 тең­генің маңайында алады. Ал облыс орталығындағы сауда сөрелерінде қара малдың еті – қазір 2 200 теңге шамасында. Сонда екі ортадағы 700 теңге – саудагердің қалтасында. Азабы – біздікі, пайдасы – олардікі», дейді А.Есімбекұлы.

Айтса айтқандай, жалғыз бұл шаруа қожалығы ғана емес, өңірдегі мал баққан қазақтың көрген күні осы. Бұдан шыға­тын жалғыз жол – облыс, аудан орталықтарында малсақ қауымның ақадал өнімін бұлдап сататын коммуналдық базар тә­різ­ді орын ұйымдастыру. Егер осындай бір шара жүзеге асып кетсе, мал сүмесімен күн көріп отырған ауыл тұрғындарына да көп-көрім жақсы болар еді. Еттен тапқан пайдасы осы болғанда, сүттен тапқан нәпақасы жоқтың қасы. Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, ауылдағы ағайынның сауған сүтін жеңіл машинамен ғана жинайды екен. Оған қанша сүт сияды?

Тағдырдың салған ісіне емен­­нің иір бұтағындай мықты­лық­пен қарсы тұрып, шаруа қожалығының ісін алға жылжытып отырған қожалық басшы­сының бүгінгі ісі шүкір­шілік деу­ге әбден боларлық.

«Әркім өзінің ақадал еңбегіне сүйенуі керек. Кейде он екі мүше­сі сау, тепсе темір үзетін азамат­тар­дың, әсіресе жастардың екі қолын алдына сыйғыза алмай бос қарап жүргенін көргенде қарным ашады. Менің ойымша, күш-қуатының барында, жалындаған жастық шағында отбасын құрып, бар жағдайын жасап алуы керек қой. Кейін қажыр-қайрат кемігенде алға ұмтылғаныңмен, ісің өнімді бола бермейді», дейді кейіпкеріміз.

Өзі де маңдайына жазылған тағ­дыр соқпағындағы сан сынақ­тан сүрінбей өтіп келе жат­қан азаматтың ақыл тұнған, парасатпен көктелген бір ауыз сөзі дұрыс екен дедік біз де. Осындай адамдардың өмірдегі таным-түсінігі, ұмтылысы жас толқынға жап-жақсы өнеге емес пе?!

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы