azattyq-ruhy.kz
Соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі он айда 700,8 млрд теңгеге жеткен, ал былтыр жыл бойында ол 612 млрд теңге болған еді. Өсім өсімдік өнімдерінің көлемі 3,4 пайызға артқандығының және мал шаруашылығы өнімдерінің 1,8 пайызға артқандығының есебінен болып отыр. Әрине, бұл жерде биылғы бағаның былтырғымен салыстырғанда жоғары екенін де есепке алған жөн. Дегенмен өсім айтарлықтай. Соның ішінде Тимирязев ауданының ауылшаруашылық өнімдерінің өсімі тіпті 19,6 пайызға, Шал ақын ауданының қарқыны 18,8 пайызға артқан.
Мал шаруашылығы өнімдерінің арасында ет және ет өнімдерінің артуы облыс бойынша 4,1 пайыз, ал сүт өнімдерінің артуы 5,4 пайыз болды. Соңғыларының артуына сүт фермаларының пайдалануға берілулері әсер етіп отыр. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың өзі осындай фермалардың көбеюін қатаң бақылауға алған.
– Біз ендігі жылы Тайынша ауданында 3 мың бас сиырға арналған сүт фермасын пайдалануға береміз. Бұл біздің облыс қана емес, еліміздегі аса ірі сүт фермасы болмақ, – деді ол отырыста сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар облыс аудандары арасында тек Жамбыл ауданында ғана сүт фермасы әлі күнге салынбағанын атап өтіп, аудан әкіміне осы мәселені қарастыру туралы нақты тапсырма берді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің арасында тек жұмыртқа алу ғана былтырмен салыстырғанда 23 пайызға дейін төмендеп кеткен. Бұл биылғы күзде тұмау келіп, құстың жаппай қырылғандығының кесірінен болып отыр.
Ет өңдеу де биыл былтырдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 4,1 пайызға ұлғайды. Бұл «Мясокомбинат» ЖШС, «Леонтьев» ЖШС және тағы басқаларының есебінен қол жеткізілген табыс. Ет консервілеу қарқыны да былтырғымен салыстырғанда 28 пайыз артты. Жалпы алғанда, биыл аймақта 1300 тонна ет өнімдері шығарылған екен.
Майлы дақылдармен де облыс диқандары жергілікті тұрғындарды толығымен қамтамасыз ете алады. Олардың да үлесі биыл былтырғыға қарағанда артқан. Ауылшаруашылық саласы бойынша қорытынды сөзінде Құмар Ақсақалов барлық аудан әкімдеріне биылғы ораққа тиянақты сарап жасап, еңбек өнімділігін арттыра алмаған шаруалардың жерін алу мәселесін қарастыруды ұсынды. Өйткені олар жаңа технологияларды қолданбай, тыңайтқыш сеппей, тұқым сапасын арттырмай отыр. Жерді тоздырып, тек өнім алуды ғана көксейтін мұндай шаруаларға тиісті шаралар қолданылуы керек деді әкім.
Өнеркәсіп өнімдерінің жалпы құны биылғы 10 айда 235,6 млрд теңгені құрап, былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 5,5 пайызға артқан. Ал тау-кен өндірісінің өсімі 13 пайызға дейін жеткен. Өнеркәсіп өнімдерінің өсімі бойынша Есіл мен Жамбыл аудандары алда келеді. Петропавл қаласының өзіндегі негізгі зауыттар тұрақты түрде тапсырыстармен қамтамасыз етілген. Тапсырыс портфелінің екі есе артқандығын айрықша атап өтуге болады. Соның ішінде ЗИКСТО зауыты үшін «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясынан 2 мың вагон дайындау туралы тапсырысқа қол жеткізу – үлкен табыс.
– Келіссөздердің қаншалықты қиындықпен жүргізілгендігін айтпай-ақ қояйын, әйтеуір біз үлкен олжаға қол жеткізіп, облыс үшін орасан зор тапсырыс алдық», деді әкім. Бұл тапсырыстың құны 45 млрд теңге. Енді аталмыш кәсіпорын жыл бойы толық күшінде жұмыс істеп, жұмысшыларының әлеуметтік ахуалын, салық төлеуді арттырады. Қазірдің өзінде алғашқы қаржыландырулар түсіп отыр. Алдымыздағы жылдың сәуір айынан бастап осы зауыт жұмысшыларының еңбекақысы 20 пайызға артатындығы көзделген.
Сондай-ақ «Киров зауыты», «Мұнаймаш», «Поиск» кәсіпорындары да өздерінің өнімдерін былтырмен салыстырғанда әжептәуір арттырған. «Соның ішінде «Киров зауыты» кәсіпорны жоғары технологиялы ІТ өнімдер шығарады дегенде жұрттың бәрі скептикалық көзқараста болған еді. Ал бүгінгі таңда осы зауыт 5 мың дана компьютер, 19,5 мың дана ноутбук, 8 мың дана планшет шығарып, 3,8 млрд теңгенің өнімдерін өндіруге қол жеткізді. Оның өнімдеріне деген тапсырыстар көршілес Ақмола, Қостанай, Түркістан облыстарынан да түсіп отыр», деді Құмар Іргебайұлы.
Құрылыстың өсімі 10,4 пайызға дейін артып, биылғы он айда 79,9 млрд теңгені құрап отыр. Бұл сала бойынша Петропавл қаласынан басқа Уәлиханов, Тимирязев, Шал ақын аудандары алда келеді. Тұрғын-үйлерді пайдалануға беру бойынша биылғы 10 айда 29,8 пайыз өсім болған. Әзірге 112,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жылдың аяғына дейін бұл сан арта түседі. Сондай-ақ кірпіш, пропилен және басқа да құрылыс материалдарын шығару да облыс бойынша артып отыр.
Осылайша Солтүстік Қазақстан облысы жаман індетті елемей, экономикада жоғары табыстарға жетіп отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы