Шараға музейдегі тарихи ат әбзелдері, орта ғасырлардағы зергерлік әшекейлері, мектеп оқушыларының тақырыпқа сай қолөнер туындылары, «№3 Байзақ колледжі» студенттерінің қолдан жасалған металл бұйымдары және аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітаптары қойылып, олар жергілікті мекеме қызметкерлері мен оқушыларға, жалпы қатысушыларға таныстырылды.
Шара негізінен байқау форматында өтті. Аталған іс-шарада студенттер мен оқушылар өздері жасаған бұйымдарын көпшілікке таныстырды. Мақаланың «Атқа міну мәдениеті», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Алтын Адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» сияқты тараулары жөнінде де кеңінен мәліметтер берілді. Мұндай шараның Байзақ жерінде өткізілуі де тегін емес. Себебі екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарының іргесінде тұрған аудан да өзіндік тарихымен бай өлке. Бір ғана тарихи Түймекент қалашығының өзі талай сырды бүгіп жатыр. Жиналған көпшілікке ұлы даланың бір бөлшегі – Байзақ топырағы туралы да тиісті мәліметтер берілді. Ерекше этнокөрменің қорытындысы бойынша, «№3 Байзақ колледжінің» студенттері бірінші орынды жеңіп алса, Диқан тірек және Қостөбе мектептері екінші және үшінші орындарды иеленді. Шараға белсене атсалысқандар Алғыс хаттармен марапатталса, жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табыс етілді.
Жамбыл облысы