Туризм • 16 Қараша, 2020

Туристер саны 10 есеге артты

1878 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев өткен аптада Маңғыстау облысында туризм және экология саласының өкілдерімен кездесу өткізіп, биыл Маңғыстауға келген туристердің саны артқанын атап өтті. Бұл өз кезегінде облыс туризмін дамытуға ден қою керегін аңғартатынын баса айтты.

Туристер саны 10 есеге артты

«Бүгінде туристер арасында Rixos Water world қонақүйі бағытынан бөлек Боз­жыра шатқалы да танымал. Біздің ста­тис­тикамыз бойынша қазір бұл жер­ге келушілер саны өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 10 есе артқан. Жобамен биыл 2 мың­нан астам адам келген. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш артып, кемі 10 мыңнан аса турист келеді деген болжам бар», деді вице-министр.

Жуырда әлеуметтік желілерде əкім­дік шатқалда «Бозжыра сафари отель» қонақүй кешені жобасын жүзеге асырады деген хабар тараған еді. Бұл жайтқа қатысты экологтер аталған жерге құрылыс салу зиян екенін айтып, қарсы болған. Өр­кен Бисақаев осы жайтқа қатысты түсі­ніктеме беріп, алдымен эко­номика тұрғысынан қажеттілік пен экология арасындағы тең­дікті сақтау маңызды екенін жеткізді.

«Шатқалды қарап шыққан мамандар бұл жерге адамдар мен көліктер ер­­кін, еш қиындықсыз келіп-кете ала­­тынын айтып отыр. Яғни жер релье­фі еш­қандай арнайы дайындықты ке­рек ет­пейді. Біздің ойымызша, атал­­ған жоба көп турист келетін ерек­­ше табиғи орын үшін үлкен қа­уіп төндіреді. Бұл жерде зиян тауға емес, жазыққа тиеді. Неге де­сеңіз, жа­зық­­тағы топырақ көп көліктің бей­берекет қозғалысынан бүлініп, шаңға ай­налады. Туристер қозғалысын реттеп, туристер қабылдау үшін Бозжыра тауы­на жақын жерде туристік нысандар мен ұйымдастырылған қозғалыс үшін кіре­беріс жол қажет», деп түсіндірді Өркен Бисақаев қоғам өкілдеріне.

Сонымен қатар вице-министр шат­қал аума­ғында инфрақұрылымды ретке кел­тіріп, туристер қауіпсіздігі мен қолайлығы үшін бірқатар шараны іс­ке асыру керегін атап өтті.

«Бозжыра шатқалы маңындағы нысан құ­рылысы қоғам назарына ұсынылып, эко­логия тұрғысынан сараптамадан өтіп, қоршаған ортаға əсері қандай болатынын анықтау керек. Дəл қазір қонақүй құры­лысы жоспарда жоқ. Сонымен қоса ешқан­дай жоба мақұлданып, бекітілген жоқ», деді ол.

Бозжыра шатқалы Маңғыстау облы­сын­да жергілікті маңызы бар «Жабай Үшқан» қорығының аумағында орна­лас­қан. «Жабай Үшқан» киелі орны Маң­ғыстау облысы әкімінің қаулысымен 2012 жылы құрылған. Қазір облыстағы «Қызылсай» мемлекеттік аймақтық таби­­ғи паркінің құрамында. Қорық төл­құжа­тына сәйкес аумаққа туристердің кі­руі­не, туристерді қабылдайтын нысандар жұ­мысына рұқсат берілген.