Аймақтар • 16 Қараша, 2020

Балабақша мен моншаны мекен еткен мақтааралдық 28 отбасы баспаналы болды

152 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен көшпелі баспасөз мәслихатында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.

Балабақша мен моншаны мекен еткен мақтааралдық 28 отбасы баспаналы болды

Ол осы жылдың мамыр айында Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасындағы бөгеттің бұзылуы нәтижесінде Мақтаарал ауданының 5 ауылы су астында қалғанын еске салды. Төтенше жағдай салдарынан мыңға жуық тұрғын үй, мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау мекемелері, автомобиль жолдары және 6000 гектарға жуық жайылым мен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер су астында қалды.

«Бірінші кезекте Елбасы тарапынан қолдау көрсетілді. Есіңізде болса, сол күндері ол Қауіпсіздік кеңесін жинап, тиісті тапсырма берді, қадағалап отырды. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауы болды. Оқиға салдарын еңсеруге барлық облыстар, қоғамдық ұйымдар қатысты. Осындай ерекше қамқорлық үшін барша мақтааралдықтардың атынан шынайы алғыс айтамын, көптеген мәселелер шешілді, екінші жағынан - бұл оқиғалар, ең алдымен, біздің бірлігіміздің күшін, мемлекетіміздің мүмкіндіктерін көрсетті, Арыс қаласында бірнеше айдың ішінде 7634 нысан толық қалпына келтірілді немесе салынды деп турасын айту керек. Меніңше, бұл тарихтағы ерекше жағдай. Мактааралда мыңдаған үй су астында қалды, олар 2-3 айдың ішінде қалпына келтірілді. Тіпті жаңа шағын аудан бой көтерді», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Ресми деректерге сәйкес, бүгінгі таңда Мырзакент ауылының жаңа шағын ауданында Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық кенттерінің зардап шеккен тұрғындарына арналған 386 жеке үйдің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ Фирдоуси және Өргебас елді мекендерінде 504 тұрғын үйдің 494-інің құрылысы аяқталды, жақын арада 10 үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Мырзакентте 1200 орындық мектеп, 280 орындық балабақша, 1 дәрігерлік амбулатория және 1 полиция тірек пунктінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Фирдоуси ауылында 600 орындық мектеп жөнделді, ал Өргебас ауылында фельдшерлік-акушерлік және полицияның тірек пункттері салынуда.