Қоғам • 17 Қараша, 2020

Судың сұрауы... (Іленің жағдайына жүре қарауға болмайды)

975 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

«Судың да сұрауы бар...» деген сөздің мағынасына мән беретін уақыт келген сияқты. Өйткені елімізде су ресурстарына қатысты мәселенің бары белгілі. Бұған аймақтағы трансшекаралық өзендердегі су көлемінің азаюы­нан бастап, ішкі экологиялық ахуалдың күрделі жағдайда қалып отырғанын қосуға болады.

Судың сұрауы... (Іленің жағдайына жүре қарауға болмайды)

Әсіресе өндіріс пен ауыл шаруа­шылығының дамуында орасан орын алатын тіршілік көзіндегі тепе-теңдіктің бұзылуы экологиялық қауіппен қатар экономикалық тәуекелдің де өзегіне айналуы мүмкін. Ашығын айтқанда, біз Іле өзенінің тағдырына қаншалықты алаңдағанымызбен, құлыптың кілті көрші елдің қолында екені анық. Өйткені Іле Жетісудың ірі өзенінің бірі болғанымен, бастауын Шыңжаңнан алады. Әрі су қорының үлкен бөлігі Қытай жерінде түзілгендіктен, өзеннің негізгі нәрі де сол жақта қалып жатқанын білуге тиіспіз.

Яғни тау өзеніндегі табиғи ресурс­тың 70 пайызы Шыңжаң ауданының аумағына тиесілі болса, Қазақстанның несібесіне бұйырғаны 30 пайыз ғана екен. Ал Қытай аумағындағы өзен арнасының жалпы ұзындығы 2440 ша­қырымды құраса, Жетісудағы жылғасы 815 шақырымның айналасында. Ар­ғы беттен аққан су Іленің арнасын түз­генге дейін бірнеше сағаға тарамдалады екен. Оның ішінде ағысы қатты, арнасы тереңі – Текес өзені. Құлдилай келе Күнес өзеніне қосылып, үлкен арнада тоғысқан су көзінен Іле түзіледі де, қазақ даласына қарай бет түзейді-мыс. Бергі беттегі сағасына да бірнеше шолақ өзендер келіп құяды. Оның ішіндегі қуаты мол өзен – Күрті. Бұл – өзеннің жалпы жағырапиялық сипаттамасы ғана. Ал гидрологиялық тұрғыдан алғанда Іле өзенінің құрылымы Азия құрлығындағы табиғи тепе-теңдікті ұстап тұрған су айдындарының санатына жатады. Әрі су көзінің екі мемлекет аумағындағы флора мен фаунаның қалыпты дамуындағы маңызының өзі орасан. Яғни экологиялық ендікте Іленің орнын алмастыратын су қоры жоқ. Тіпті өзен аңғарындағы елдің тіршілік көзі де осыған байлаулы. Бұл қос мемлекет үшін де Іле суының экономикалық маңызы зор екенін білдіреді.

Жалпы, Қазақстан аумағы үшін Іле өзе­нінің экологиялық тұрғыдан да, эко­номикалық қажеттілік жағынан да ала­тын орны ерекше. Сол себептен де біз өзен суының азаюына қатысты мә­селені басты орынға шығаруымыз керек. Алайда біздің Іленің тағдырына алаңдаушылығымызды Қытай тарапы елең қыла қоя ма? Мәселе осында. Мысалы, еліміздегі су көздерінің жағ­дайын зерттеумен айналысатын «Каз­гипроводхоз» институтының дерегінше, трансшекаралық өзендер мәселесін шешуде Қазақстанның ұпайы түгел емес екен. Оның ішінде Өзбекстан, Қытай және Қырғыз шекарасы арқылы өтетін өзендерге қатысты нақты бір шешімге келу қиын көрінеді. Бұл жағдай жыл сайын қайталанып, әсіресе оңтүстіктегі өзен­д­ерде су көлемінің жеткілікті болмауынан туындайтын шаруашылық да­уына ұласады-мыс. Салдарынан су тап­шылығын сезінген отандық диқан­дар өнім көлемін азайтуға дейін барады. Демек саяси дипломатияның сол­­қыл­дақтығы экономикалық дамуға кө­леңке түсіріп отырғанын мойындауы­мыз керек.

Осы жерде Сырдария мен Іле өзеніне қа­тысты келісімдердің орындалуына қа­­­зақстандықтар ғана емес, күллі адам­­зат баласы мүдделі болуы керек сияқ­ты. Өйткені Арал теңізінің тартылуы ға­ламшар үшін алапат экологиялық зар­дап әкелгенін айтып жату артық. Қ­азір де теңіздің қалпына келуі үшін Сыр­дың суының жеткілікті болуы шарт. Ал Іле суының жылдан-жылға азаюы Орталық Азияның інжу-маржанына айнал­ған Балқаш көлінің тартылуына апарып соғуы ықтимал. Бұл туралы бұ­ған дейін «Балқаш: бақ пен сор» атты мақала жа­зып, жариялаған едік. Көл суының азаюы мен оның себеп-салдары туралы жасаған журналистік зерттеуіміз Пар­ламент Мәжілісінде сөз болып, Ал­маты облысынан сайланған халық қалау­лысы Марат Бопазов Үкіметке депу­таттық сауал жолдаған еді. Оның нәтижесі алдағы уақытта белгілі болатын шығар.

– Балқаш көлі негізінен Іле өзені арқылы келетін суға тәуелді. Нақты айт­­­­қанда, жыл сайын Іле арқылы қанша көлемде су қосылады, Балқаштың аума­ғы да соншалықты толығып тұрады. Демек көл көлемінің соңғы жылдары күрт қысқаруының себебін Іле өзенінің бастауынан бөлінетін судың кемуінен іздеу керек. Әзірге мұздықтардан еріген су көлемі су тапшылығының алдын алып тұр, – деген еді сол кездегі сөзінде «Та­биғат» экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов.

Яғни Іле суының азаюынан келетін қауіптің адамзат үшін зардабы ауыр болатынын экологтер айтудайын айтып-ақ келеді. Ал бұдан қандай нәтиже бар? Бұл сауалға жақында Сенаттағы Үкімет сағатына келген Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев там-тұмдап жауап бергендей болды. Трансшекаралық өзендер бойынша Қытаймен келіссөздер туралы айтқан министр ешбір мемлекетпен су бөлуге қатысты келісімге бармайтын көрші елдің Қазақстан талабына құлақ асқанын мақтанышпен жеткізді. Яғни Қытай Халық Республикасы өзінің су саясатына қатысты ұстанымдарын өз­гертіп, бізбен трансшекаралық өзен­дер­ге орай келісімге келуге мүдделі екен.

– Біз көрші елден келісімге транс­­шекаралық өзендердің экожүйе­сін сақ­тау мәселелерін енгізуді талап ете­міз. Қытай тарапы бұған мүдделі емес. Тек табандылығымыздың арқасын­да өткен жылы тараптардың су ресурстарына құқықтарын кешенді қарау және трансшекаралық су объектілерінің эко­жүйелерін сақтау бойынша екіжақ­ты уағ­даластыққа қол жеткіздік. Келіс­сөз­дер әлі де жалғасуда, – дейді министр.

Әрине, келіссөздер нәтижесіз емес екен. Мысалы, 2013 жылы Қорғас транс­шекаралық өзенінде бірлескен су то­рабы салынып, оны екі жақ теңдей пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған. Бүгінде су торабын Қа­зақстан мен Қытай сәтті пайдалануда. Ал 2019 жылдың соңында Сүмбе өзе­ніндегі бірлескен гидротехникалық құ­рылысқа қатысты келісім аяқталған. Биыл аталған нысанды бірлесіп пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойылмақшы. Демек мәселені шешудің қадамдары жасалып жатыр деген сөз.

Тақырыпқа оралайық. Соңғы жыл­дары өзен суын әртүрлі мақсатқа пайдалануда көрші ел қарқынды үдете түскен. Әрине, бұл жағдайда су аяғындағы елдің мүддесі ескерілмейтіні белгілі. Дерек бойынша қазір Іле суының суармалы егіншілікке жұмсалатын шығыны жыл сайын 3,7 шаршы шақырымнан 4,5 шаршы шақырымға дейін болса керек. Ал жыл сайын өндірістік мақсат­қа алынатын су мөлшері 200-500 млн шар­шы метрдің айналасында. Судың қал­ған бөлігі гидроэнергетикаға, яғни қуат көзін өндіруге жұмсалады екен. Бірақ қазір Қытай тарапы да, Қазақстан жағы да Іледен алатын су мөлшерін арттырып жіберген. Оның себебін өн­діріс пен ауыл шаруашылығының қар­қындап дамуынан іздеген ләзім. Мұ­ның зардабын Қытайдың өз ішіндегі табиғи су көздерінің азюынан да, Қа­зақстандағы Іле суының көлеміне тә­уел­ді өзен сағаларының көлемінен де бай­қауға болатын сияқты. Мәселен, Қы­тайдағы халық санының өсуі Шың­жаң аймағындағы тұрғындар үлесінің артуына да ұласып отыр. Сол себепті аумақтағы егістік шаруашылығы мен өн­діріс орындарының көбейіп, суға деген сұранысты ондаған есеге өсіріп жіберген. Бұл – Іледен аққан суға тү­сетін артық салмақ. Халықаралық са­рап­шылар Қытайдағы су тұтынудың мөл­шерін 555 млрд текше метрге дейін жеткенін айтып, бұл қажеттіліктің ал­дағы 10 жыл ішінде 818 млрд текше метрге дейін өсетінін болжап отыр.

– Бұл жердегі проблеманы шешуге Қазақстан қанша мүдделі болғанымен, трансшекаралық өзендерге келгенде Қы­таймен санасуға мәжбүр. Мысалы, Іледен ағатын судың 30 пайызы ғана Балқашқа жетеді. Демек судың 70 па­йызы Қытай аумағында қалуда. Де­рек бойынша шығыстағы көршіміз жыл сайын ортақ өзеннен алатын су мөл­шерін көбейтіп келеді. Қазір Іле суын тұтынатын Шыңжаң аймағындағы ха­лық саны 3 млн адамға жеткен. Бұл өлкеде ауыл шаруашылығы да қар­қынды дами бастаған. Аз уақыт ішінде суармалы егістік көлемі 2 млн гектарға дейін көбейген. Бір деректерде осы алқаптың 1 млн гектары суармалы жер екені айтылады. Яғни Қытайда табиғи су көзін тұтыну да қарқынды. Бұдан Іледен алынатын су мөлшері көбейген са­йын, Қазақстанға келетін су көлемі кеми бе­ретінін пайымдауға болады, – дейді саясаттанушы Ерлан Сайыров.

Ал қазақстандықтар Іленің суы аза­йып бара жатқанын арнайы мамандар­дың көмегінсіз-ақ бақылап, көріп отыр деуге болады. Оның нақты дәлелі ре­тінде Қапшағай су қоймасының аумағы кішірейіп келе жатқанын айтсақ жет­кілікті болар. Гидрологтердің есебі бойынша жасанды көлдегі судың жайы­луы кейінгі 5 жылда күрт кеміп, жаға­жайдан 600 метрге дейін алыстаған. Және көл кемерінің маусым сайын өзгеріске түсуі қоршаған орта мен сол маңдағы балық шаруашылығы үшін мәселеге айналып отыр. Бұл жағдай Қапшағайдың туристік орталық ретінде дамуына да кері әсерін тигізетіні анық. Әсіресе балық шаруашылығындағы өнім көлемі төмендей бастаған. Яғни жыл сайын көлден 1 мың тоннаға де­йін балық аулайтын шаруашылық өкіл­дері судағы балық түрінің кеміп бара жатқанын айтады. Бұрын су қоймасында отызға тарта балық түрі болған екен. Қазір кейбір түрі жоққа тән. Табиғат қорғаушылары бұл мәселені көлге қол­дан өсірген балық тұқымдарын жіберу арқылы шешіп, популяциялық үрдістің үзіліп қалмауын қадағалап отыр екен. Өкінішке қарай, Қытай асып келген Іле суының мөлшері азайғанынан бөлек, су құрамындағы минералдық заттарда зиянды қоспалардың артып отырғаны да күрмеуі қиын мәселе болып отырғанын жасырмауымыз керек сияқты...

Экология демекші, Іленің қа­зақ­стан­­дық бөлігіндегі арнасының қоқыс пен сазға толып, жағалауды су жырып жат­қаны да бізді алаңдатуы тиіс. Осының кесірінен ағынды судың біршамасы ауа жайылып, топыраққа сіңіп кетуде. Мұндай жағдайдан кейін Іленің суы Балқашты қойып, Қапшағай су қоймасына да толық жетпейтін көрінеді. Бұған қатысты кезінде еліміздің су ресурстарын басқару саласында ұзақ жыл жауапты қызмет атқарған Анатолий Рябцев те орынды мәселе көтеріп жүр.

– Еліміздегі өзен арналарын тазарту мен жағалауды бекітуді қолға алуымыз керек. Бұл мәселені Қытай ілгеріде шешіп алған. Қазір ондағы кез келген өзеннің жағалауы бекітілген. Олар су жайылатын жағалауды, тіпті саздауытты арналарды да бетон­дап тастаған. Гидротехникалық жұ­мыс­тарды сауатты жүргізуді Қытайдан үй­ренуіміз керек. Қазір басқаны қой­ған­да, Балқашқа құятын Іле өзенінің сағасын бекіту жұмысы баяу. Алатау мұз­дықтарынан бөлінген су Ілеге құйы­лып ағады. Әсі­ресе көктем-жаз маусымында арнадағы су көбейіп, жағаны ұра­ды. Осы кезде Іле бойында жасанды көлшіктер пайда болып, су құрдымға кетеді. Судағы балықтар да осындай шашыранды бөліктерде қалып, қырылып жатыр, – дейді су маманы.

Рас, Іле өзенінің жағасын бекіту мен ар­наны тазалау жұмыстарына Ал­маты облысы баса маңыз беріп отыр. 2014 жылдан бері қыруар қаржы мен күш жұмсалуда. Қазір Балқашқа құя­тын Іле, Қаратал өзендерінің арнасына тұрақты бақылау жасап отыратын мелиоративті жасақтар жұмыс істейді. Бүкіл жауапкершілік «Қаратал ММО» мекемесіне жүктелген. Соңғы 6-7 жыл ішінде Қаратал өзенінің Балқашқа құя­тын сағасы жаңартылып, 12,5 шақы­рымдық жаңа арна қазылған. Бұл көлге қосылатын су көлемін арттырып, бұрын су басып жатқан 10 мың гектар алқапты жайылымдық жер үшін пайдалануға мүмкіндік беріпті. Былтыр облыстық табиғатты қорғау іс-шаралар жоспары шеңберінде бюджеттен бөлінген 398,4 млн теңге мақсатты түрде игерілген.

Айтпақшы, осы мақаланы әзірлеу барысында біз жетісулық табиғат қор­ғаушылардың тағы бір мәселені кө­теріп жүргенін білдік. Мәселен, облыс­тық қо­ғамдық кеңестің мүшесі, «Бай­тақ Болашақ» экология альянсы филиа­лының директоры, эколог Қайрат Нұр­ханов Балқаш көлінің жағасында өңір­дің экологиясына қауіп төндіретін өнді­рістік жоба басталғанын айтады.

– Іле өзенінің бойынан «Тау-Кен Самұрық» компаниясы гео­ло­гия­лық барлау жұмыстарын жүр­гіз­ге­лі жат­­қанын естіп, біз өз нара­зы­лы­­ғы­мыз­ды білдірдік. Өйткені жо­ға­ры­да атал­­ған компания еліміздің «Аса ма­­ңыз­ды күзетілетін табиғи аймақ­­тар» жайлы заңын белшесінен ба­­сып отыр. Олар «Қасқырмыс» деген жоба аясында Балқаш көлінің екі жа­ға­­­лауында да геологиялық барлау жұ­­­мыс­тарын бастады. Бұл жұмыс­ты «Қ­а­зақстан Фортескью» фирмасы қол­­ға алған. Қазір Балқаштың батыс жаға­­­лауында да, оңтүстік жағалауда да жер қойнауын қазу белсенді жүріп жатыр. Бізді алаңдататыны – оңтүстік жағалаудағы аумақтың мемлекеттің қор­­ғауындағы аймақ екені ескеріл­мей отырғаны. Яғни «Тау-Кен Самұрық» ком­паниясының тапсырысымен бас­талған геологиялық барлау жұ­мыс­тары «Іле-Балқаш» мемлекеттік та­биғи резерватына қарайтын аумақта жүр­гізілмек. Заң бойынша ол жер «Мем­лекет қарауындағы аса маңызды қор­ғауға жататын және күзетілетін аймақ­тар» санатына жатады. Оның үстіне, ол аумақта мемлекеттік орман қоры­ның маңызды бағыты – «Куртиндік орман шаруашылығы» орналасқан. Де­мек «Тау-Кен Самұрық» компания­сы еліміздің заңына пысқырмаған. Осы жерде Үкімет жаңа кен орындарын із­деуге рұқсат бере отырып, қоршаған ор­таны қорғау талаптарын бұзып отыр. Рас, қазір бұл жобаға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тоқтау салды. Жалпы, бұл тақырып жабылуы керек. Егер Іле өзенінің Балқаш көліне құяр сағасындағы кен іздеу жұ­мыстарына қайта жан бітсе, өңірдегі табиғи комплекстердің сақталуына қа­уіп төніп, өсімдік интродукциясы мен аң-құстардың жойылуына әкеледі. Яғни еліміздің «Аса маңызды күзетілетін та­биғи аймақтар туралы» заңына сәйкес мұндай аймақтарда жарылыс жұмыс­тарын жүргізуге, зиянды техника мен технологиялар қолдануға мүлдем болмайды, – дейді эколог Қ.Нұрханов.

 

Алматы облысы