Спорт • 17 Қараша, 2020

Фигудың «сатқындығына» – 20 жыл!

1778 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Осыдан 20 жыл бұрын, яғни 2000 жылы Еуропада ала допқа арбалған жанкүйерлер тарапынан сынға ұшырап, естіген жұрттың таңдайын қақтырған әлемдегі ең даулы трансфердің бірі орын алды. Бұл – ғасырлар тоғысында футболсүйер қауымды талантымен таңғалдырған португалиялық футболшы Луиш Фигудың «Барселонадан» каталониялықтардың бітіспес қарсыласы «Реал» клубына ауысуы еді.

Фигудың «сатқындығына» – 20 жыл!

Трансферге дейін

2016 жылы Берлиндегі зәулім ғимараттың бірінде Фигу және Карлес Пуйольдің қатысуымен кеңейтілген баспасөз мәслихаты өтіп жатқан-ды. Сұрақ кезегі жиында отырған әйел журналис­ке келіп, ол каталон тілінде сауал қоя бастады. Бірінші болып сөз алған Фигу әлгі журналиске қарап: «Мен әдетте каталониялық журналистердің сұрағына жауап бермеймін. Бірақ сізге бұлай істей алмаймын, өйткені сіз сұлу екенсіз», деп жауап қатады.

Берлиндегі шағын диалогтың артында үлкен тарих жасырылған еді. Бұл уақытта Луиштің «Реал» клубына ауысқанына – 16 жыл, карьерасын аяқтағанына 7 жыл болған. Бірақ ол Каталония баспасөзі жанкүйерлер мен өзінің арасында дау туғызғанын ешқашан ұмытпайды. Десе де Фигудың өзі жанкүйерлердің мұншалықты наразылығына лайық емеспін және бұған БАҚ өкілдері кінәлі деп санайды.

Күмән мен күдікке толы даулы трансфердің жүзеге асқанына 20 жыл өтсе де, әліге дейін түрлі пікірлер айтылып жүр. Осы істің басы-қасында болған Фигудың жақын досы Паулу Футренің айтуынша, футболшы бұл трансферге үзілді-кесілді қарсы болған. Мұның бәрі Флорентино Перестің ұйымдастырған құйтырқы әрекеті деп есептейді. Сол уақытта Перес «Реал» президенттігіне сай­лауға түсіп жатса да, оның пре­зи­дент атану мүмкіндігі өте тө­мен еді. Өйткені «Реалға» ұзақ (30 жыл) үзілістен кейін екі мәр­те Чемпиондар лигасының кубо­гын алып берген Лоренсо Санс кезең-кезеңімен клубты да­мытып, жанкүйерлердің сені­міне, қолдауына ие болып жатқан-ды. Бірақ күтпеген жерден Перес пайда болып, егер «Реал­ға» президенттікке сайлан­сам, командаға Фигуды алып ке­лемін деп уәде береді. Алай­да бұған сену қиын еді. Бұл қазір­гі уақытпен салыстырғанда «Ли­верпуль» президенттігінен үміткер адамның Кевин Де Брюй­нені («Манчестер Сити») алып келемін дегенімен бірдей. Иә, бұған ешкім сене қоймайды.

Бірақ Перес трансферге ерте қамданған екен. Фигуды «Реалға» әкелемін деп жалғанға жар салудан бұрын ол футболшының өзімен де, агентімен де сөйлесіп, мәселені алдын ала келісіп қойған. Екеуара келісім былай болған: Егер Перес жеңіске жететін болса, футболшы «Реалға» ауыса­ды және жылына 6 млн еу­ро көлемінде жалақы алады (Фи­гудың «Барселонадағы» жала­қысынан 6 есе көп). Сайлауда жеңі­летін болса, онда Фигу «Бар­се­­лонада» қалып, Перес оған қосым­ша 2 млн еуро сыйақы төлейді. Ал егер Перес сайлау­да жеңіске жетіп, бірақ Фигу «Реал­ға» ауысудан бас тартса, онда португалиялық футболшы 35 мл­н еуро көлемінде Переске өтемақы төлеуі керек болады.

– Бұл жайттан мүлде бейхабар «Реал» жанкүйерлері Переске сенбесе де, «президенттіктен үміткер ретінде айтқанын орын­дап, жігіттік сөзінде тұра ма екен?» деген оймен бәрі оны қолдағанды жөн көреді. Сайлауға үш күн қалғанда Фигу жағдайдың дұрыс бағытта өрбіп жатпағанын түсіне бастайды, – деді досы Пау­лу Футре. – Оған және оның қыздарына өлім қаупі төнді. Луиш өзінің агенті Жозе Вейг­ке «Реалға» бармайтынын бір­неше рет қайталап айтса да, келі­сім­шарттың соңғы тармағында көр­сетілген 35 млн еуро айып­пұл туралы мүлде ойлаған жоқ.

Десе де «Барселона» бас­шы­лығының «Реалға» жоғарыдағы 35 млн еуро өтемақыны тө­леп, португалиялық футболшы­ны өздерінде сақтап қалуға толық мүмкіндігі бар еді. Алайда сайлауда жеңіске жеткен Джоан Гас­пар «Реалға» аталған соманы тө­леуге үзілді-кесілді қарсы бол­­ды. Сөйтіп, португалиялық фут­­бол­шы өз еркінен тыс, бірақ келі­сім бойынша Каталониядан Мад­ридке қоныс аударуға мәжбүр болды.

 

Трансферден кейін

2000 жылдың 21 қазанында «Камп Ноу» трибуналарындағы жанкүйерлер әдеттегіден көбірек ашуға булықты. Өйткені Фигу Каталонияға «Реалдың» капитаны ретінде келді. Ал осыдан небәрі алты ай бұрын, яғни 26 ақпандағы «Эль Классикода» ол «Барселона» капитаны болып алаңға шыққан-ды. Фигу «Реал» ойыншысы ретінде бірін­ші рет Каталонияға келгенде «Бар­селона» жанкүйерлері оған: «Сендей сатқын кез келген жазаға лайық, қалайша ұялмай жер басып жүрсің», деген сыңайдағы реніштерін ғана айтып шығарып салды. Қызықтың көкесі екі жылдан кейін болды. 2000 жылдан кейін­гі екі «Эль Классикоға» Фигу жарақатына байланысты қатыса алмады. Арада екі жыл өтсе де «Бар­селона» жанкүйерлерінің оған деген өкпе-реніші әлі басыл­маған еді. Сондай-ақ наразы еке­нін білдіру мақсатында жергілікті жанкүйерлер екі жыл бойы Фигуға «тосынсый» дайындаумен болды.

Матч алдында жанкүйерлердің Фигуге қарата айтылған сөз­дері мен ысқырықтан құлақ тұна­тын. Тіпті, сол ойыннан кейін «Реалдың» сол уақыттағы қорғау­шысы Иван Кампо дәрігерлерге құла­ғының ауыратыны туралы шағымданған. «Мен өмірімде мұн­дай шуды ешқашан естіген емеспін. Бірақ жанкүйерлерді де түсінуге болады. Кеше ғана клуб­тан кетпеймін деп уәде бер­ген футболшы бүгін басты қар­сы­ласының жейдесінде бұрын­ғы командасына қарсы ой­нап жатыр. Мұндай жағдай әри­не жан­күйерлердің ашуын туғы­зад­ы», дейді ол.

Ойын әдеттегідей өте тартыс­ты басталды. Бұл кездесуде Луиш­ті қорғау тасқамал қорғаушы Карлес Пуйольге жүктелді. Ойын­дағы қарбалас сәттің бірінде Фигу Филипп Кокудың аяғын абайсызда теуіп жіберіп, төреші тарапынан сары қағазбен жазаланды. Ойындағы алғашқы бұрыштама добын орындау үшін алаңның шетіне келген Фигуге жанкүйерлер екі жыл бойы дайындаған «сыйлықтарының» ішін­­дегі ең негізгісі – шошқаның қуырылған басын лақтырып жі­берді. Төреші Альфонсо Перес Бур­руль дереу ойынды тоқтатып, «Реал» ойыншыларын өзімен бір­ге алаңның қауіпсіз аймағына алып кетеді. Ал Карлес Пуйоль бол­са, «Барселона» фанаттарын сабыр­ға шақырып, нәтижесінде ойын 12 минуттан кейін қайта жал­ғасты.

Фигуге қарата атылған шош­қаның басы әлі күнге дейін «Бар­селона» клубының музейінде сақтаулы тұр. Бұл – футбол тарихында «Алтын доп» жүлдесін иеленген әйгілі футболшыға атыл­ған ең экзотикалық бұйым. Бірақ ең қауіптісі емес. Фигуға шошқа басынан бөлек, түрлі бұйымдар да лақтырылған. Атап айтар болсақ, олардың арасында тиын, телефон, әжетхана қағазы, виски бөтелкесі және пышақ та бар. Абырой болғанда оған бөтелке де, пышақ та тимеген.

Даулы трансферден алты ай өткен соң Фигу «Алтын доп» иеге­рі атанады. Себебі көктемдегі Еуро­кубок ойындарында ол ерек­ше өнерімен мамандардың көзі­не түсіп, жанкүйерлердің ыс­тық ықыласына ие болған-ды. Тур­нирдің сол жылғы ширек фина­лының алғашқы ойынында «Барселона» Лондонда «Челси­ден» 3:1 есебімен жеңілді. Катало­нияда өткен қарымта матчта Фи­гудың голы мен екі нәтижелі пасы үлкен рөл ойнап, «Барселона» екі ойын қорытындысы бойынша 6:4 нәтижесімен жартылай финалға шыққан еді. Ал Еуропа чемпионатында ол Португалия құрамасында алты ойын өткізіп, 8 гол Фигудың тікелей қатысуымен соғылған-ды. Сонымен бірге ол «Реал» клубына тез бой үйретіп, күзде де бабын жоғалтпай, өзі де гол соғып, әріптестерінің де гол соғуына мүмкіндік жасап берген болатын.

Жалпы Фигу «Реал» клубын­да өткізген Ла Лиганың алғашқы мау­сымында және Чемпиондар лигасында 27 мәрте әріптестеріне нәти­желі пас асырған. Бұл таң­ға­жайып нәтиже еді. Сауалда­маларда ол Зи­данды артқа тастап, 35 жылдан кейін «Алтын доп» иеленген португалиялық футболшы атанды.

Фигудың кейінгі карьерасы сол трансфердің дұрыс болғанын дәлелдесе керек-ті. Өйткені «Реалда» да, «Барселонада» да бес маусым ішінде бірдей ойын өткіз­ген. Мәселен, «Барселонада» ойна­ған бес жылда 248 матч өткіз­се, «Реал» жейдесінде 245 мәрте жасыл алаңға шыққан. Сондай-ақ клубтық жүлде саны бойынша да нәтиже ұқсас. Екі клубта да 7 кубок иеленген. Дегенмен «Реалдағы» жүлденің бәсі жоғарылау. Өйт­кені жеті жүлденің екеуі – Испа­ния чемпиондығы, біреуі – Чемпиондар лигасының «қос құлақты» кубогы.

Ал жеке нәтижелеріне тоқта­лар болсақ, Фигу «Барселонаға» қара­ғанда «Реалда» тәуір ойын көр­сеткен. Мәселен, гол саны бойынша «Барселонада» – 45, «Реалда» – 56 гол. Нәтижелі пас бойынша көрсеткіш – 75:46, «Реал» пайдасына. Әрине Фигу­дың Мадридте баламасы жоқ жо­баның бір бөлігі болғанын ұмытпау керек. «Галактикос» құра­мында тек жұлдыз футбол­шылар ойнаса да, әрбірі өз «ме­нін» жеңіп, бір команда болып жұмыла доп тепті.

2000 жылы Фигуды 60 млн еуроға сатып алған Перес, жыл сайын командаға бір супер­жұлдыз ойыншы қосып отырды. 2001 жылдың жазында «Реалға» Зидан («Ювентус»), 2002 жылы Роналдо («Интер»), 2003 жылы Бекхэм («Манчестер Юнай­тед») келді. Фигу жаңадан келген футболшыларға қарағанда жа­сы егде болса да (28 жас), ол сол құраманың негізгі футбол­шы­сы болып қала берді. Бірақ Фигу «Галактикостың» ең жар­қын жұлдызы емес еді. Десе де ко­мандадағы өте пайдалы футбол­шының бірі болғаны жасырын емес. Себебі ол 32 жасында да Чем­пиондар лигасының 8 ойы­нында 9 голдың соғылуына мүм­кіндік жасады және өзі де ма­ңызды голдар соққанын айта ке­тейік. «Барселона» жанкүйер­лері­нің «қаһарына» ұшыраса да, «Реал­дағы» бес жылы үшін Фигу бұл трансферге өкінбеген болуы керек.

«Реалдағы» келісімшарты мер­зіміне жеткен соң кейіпкеріміз Италияға қоныс аударып, 2005-2009 жылдары Миланның «Ин­тер» командасында тағы төрт мау­сым доп тепті.