16 Сәуір, 2010

ОЛ ЕЛДІҢ АТЫ — ҚАЗАҚСТАН, ОЛ ЕРДІҢ АТЫ — НҰРСҰЛТАН

1045 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
“Euronews” арнасын қарап отырмыз. Вашингтондағы саммит. Қорытынды шы­ғарылар шақ. Саммитке қатысушылардың естелік суретке түсетін сәті. Міне, ел бас­шы­лары бірінен кейін бірі келіп жатыр. Үш қатарлы табалдырыққа бірінен кейін бірі көтеріліп жатыр. Жоғарғы қатар тол­ды. Елбасымыз көрінбейді. Ортаңғы қатар толды. Елбасымыз көрінбейді. “Аң­шының кешіккеніне сүйін” дегендей күй­деміз. Онда Президентімізге тиген орын бірінші қатардан болғаны. Дұрыс қой, ядролық қарудан әлемде алғаш бас тарт­қан, тажал полигонын тарихта тұңғыш рет жапқан елдің басшысына дәл осындай саммитте орынның бірінші қатардан берілуі жөн-ақ қой, дейміз ішімізден. Ал мемлекеттер басшылары хаттама бойын­ша белгіленген орындарына толық жай­ға­сып болған кездегі көргеніміз күт­кендегімізден де асып түсті. Нұрсұлтан Назарбаевқа орын бірінші қатардан ғана емес, қатардың қақ ортасы­нан, саммит өткізген елдің басшысы Барак Обаманың дәл жанынан, оң жағы­нан тиген екен. Әлемдегі ең қуатты ел басшысының Қазақстан Президентіне ерекше ықыласын біз бүгін газеттің бі­рін­ші бетіне жариялаған суреттен өздеріңіз де көріп отырсыздар. Ал мына суретті, жөн-жосығы, жолы жөнінен бірінші бетке орналастырылуға тиісті болса да, көлемін барынша үлкейтіп беру, сөйтіп сол сәттің еліміз шежіресінен ойып тұрып алар орнын айшықтай түсу үшін біз жедеғабыл жазып жатқан мына мақаламен қоса жеке жариялауға бекіндік. Есімізде сақтайық: бұл оқиға 2010 жылы 14 сәуірде, Вашингтонда өткен Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі жаһандық саммит ке­зінде болды. Есте ұстайық: бұл күн – Қазақ елінің арғы-бергі тарихын­дағы ең керемет күндердің бірі, Нұрсұлтан Назар­баевтың бүкіл әлем көшбасшылары жи­ы­ны­­ның дәл алдында, қақ ортасында тұрған сол сәті – қазақтың қазақ болғалы көрген құр­мет-қошеметінің ең үлкені, мемлекетіміз ше­жіресіндегі ең шұғылалы шақтардың бірі. Мұндай толқынысты сәтті біз осыдан екі жарым жылдай бұрын да бастан кеш­кен­біз. 2007 жылғы 30 қарашада, Мадрид қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мем­ле­кет­тер Сыртқы істер министрлері кеңе­сі­нің жалпы отырысында Қазақстан Рес­пуб­ликасы Ұйымның 2010 жылғы төр­ағасы болып сайланған. Мадридке жібер­ген журналисіміз сол шешімнің қабыл­дан­­ғанын телефонмен хабарлағанда Астанада түн ортасы ауып қалған еді. “Қалайда нөмірге материал жазыңыз, газетке таңға жақын қол қойсақ та, халықтан сүйінші сұрауымыз керек”, деп тілшіміздің қонақ үйге жетуін, мақаланы теруін, оның электронды поштамен келуін, мұндағы азаматтардың дайындап беруін күтіп отырып, түн ішінде бақыт туралы ойға батқанбыз. “Энциклопедия­лық сөздіктер адамның өмір қызығы мен қуанышына, рахатына қанағаттану дәре­же­сін танытатын этикалық ұғым деп тү­сін­діретін, негізінде адамның өмірі мағы­налы және нәтижелі болған кездегі риза­шылық сезімінің қалып­тасуы жатады деп саналатын бұл категория көп мағыналы. Махаббат қуанышы, бала-шағаның қызы­ғы, табысқа қол жеткізу, алға қойған мақ­сат­тың орындалуы… бұлардың бәрі де бақыттың белгілері. Осылар бір басыңнан түгелдей табылып жатса жақсы. Түгелдей табылмаса ше? Өмірде не болмайды? Басыңа не түспейді? Тағдырдың алдан не тосарын жалғыз Жаратқан Иеміз ғана біледі. Асылы, бір басыңның бақытын еліңнің бақытымен байланыстыра, біртұ­тас қарай алсаң ғана кемел кісілікке бет­тей білген боласың. Ең баянды бақыт – еліңнің бақыты. Ең биік мәртебе де, ең мәнді, ең мәңгі мәртебе де – мемле­кетің­нің мәртебесі. Американ демократиясы­ның ата­сы Т.Джефферсон “Тәуелсіздік декларация­сында” мемлекет бақытқа ұм­тылуға тиіс екенін айтқан. Осы тұрғыдан қарағанда 2007 жылғы 30 қараша Қазақ елінің баянды бақытқа жету жолындағы басты белестердің бірі болып саналарына біз кәміл сенеміз. Ол күні Қазақстан Бары­сы серпінді секіріс жасады. Ол күні Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтас­тық ұйымына мүше 56 мемлекет бірауыз­дан Қазақстан кандидатурасын қолдап, елімізге Еуропа төрін ұсынды. Ол күні ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш рет азиялық мемлекет, тұңғыш рет ТМД мемлекеті, тұңғыш рет халқының негізгі бөлігі мұ­сыл­ман дінін ұстанатын мемлекет, тұң­ғыш рет түркі тілдес ұлт ұйыстырып отыр­ған мемлекет әлемдік аренадағы осындай биік тұғырға көтерілді. Ол күні кешегі кеңестік кеңістіктен шыққан мемлекеттердің еуропалық үлгі-қалып­тарға да сай келетін демократия құруға шындап кіріскендігі, сол жолда толымды табыстарға қол жеткізгендігі алғаш рет ресми мойындалды, құжат түрінде таныл­ды. Ол күні Қазақ елі жаңа сапалық бе­леске ауысты – біздің мемлекетіміз ендігі жерде әлемдік саясаттың бұрынғыдай сырттай бақылаушысы, қазіргідей қаты­су­шысы қалпынан сол саясатты қалып­тас­тырушы, айқындаушы мемлекеттердің қатарына қосылды. Ол күні Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзат тарихынан ойып тұрып орын алатын тұлғалар тобынан табылатыны айдай әлемге айқын танылды – айналасы 16 жылдың ішінде қиран­дыдан, құландыдан мемлекет құру, қоғам­ды бір формациядан екінші форма­цияға ауыстыру, өтпелі кезеңдегі қиын­шы­лықтардан есеңгірей жаздаған халық­ты тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып өту, елдің еңсесін көтеру, аяғынан тік тұрғызу, алыс та, жақын да, Батыс та, Шығыс та мойындайтын, санасатын, құрметтейтін елге айналдыру, сан түрлі себептерге байланысты бірнеше ғасыр бойында дүниежүзілік өркениеттен шет­тетіліп қалған елді жер-жаһанға таныту тек шынайы реформатордың, ұлттың ұлы перзентінің ғана қолынан келеді”, деп толғанғанбыз сол тұста. Алдыңғы күні теледидар алдындағы тебіренісіміз де бөлекше еді. Бұл күнге де жеттік. Қалай жеттік? Осыдан тоғыз жыл бұрын, 2001 жылғы 28 тамызда Президенттің Алматыдағы рези­денциясында Нұрсұлтан Назарбаев­тың “Бейбітшілік кіндігі” кітабының тұсаукесері өткізілді. Кітап авторы сөз сөй­леді. Сөзін ұлы физик Альберт Эйнштейннің: “Үшінші дүниежүзілік соғыста адамзаттың қандай қару қолдана­тынын мен білмеймін, менің білетінім – төртінші дүниежүзілік соғыста адамдар­дың қолдарына тас ұстап соғысатыны”, деп айтқанына сілтеме жасаудан бастады. Елбасымыз адамзаттың үшінші мыңжыл­дыққа жаңарған санамен, жаһандағы жан біткенді жайпап өте алатын апат қатерінің алдында өз елінің, өз жерінің ғана емес, бүкіл жұмыр Жердің тағдыры үшін жауапкершілікті сезіне алатындай санамен қадам басуы қажеттігін айтты. “Қазіргі ғылыми-техникалық прогрестің қарқынды дамып кеткені сондайлық, баз бір мем­лекет мұздай қаруланып шықса-ақ қауіп­сіз бола қалады екен, әлемді бағындыра алады екен деген ұғым – балаң ұғым. Ең бастысы – мемлекеттер мен халықтар арасында сенім болуы, ең бастысы – ядролық қару түптің түбінде бүкіл плане­таны жойып тынатынын түсіну”, деді Назарбаев. Президент Қазақстанның ядро­лық қарудан бас тартуы қандайлық қиын шешім болғанын, бұл үшін елдің өзінің ішінде де сан рет сынға алынға­нын, мұндайлық қуатты қалқанды қолдан беріп қою елдің қауіпсіздігін ойламау деген сыңайда ауыр айыптар да тағылға­нын ашық айтты. Сол тұста Президент Әкімшілігінде қызмет атқарғандықтан ядролық қарудың көлемі жағынан төр­тін­ші арсеналына ие болу республикамызды әлемдік астам державалар санатына сүй­реп шығады деп санаған, “Құдіретті Қа­зақстан ядролық қаруы жоқ, біздің қам­қорлығымызға мұқтаж көптеген елдерді паналатудың орталығына автоматты түрде айналады. Бізбен келіссөз жүргізу үшін ядролық қаруы бар елдердің мемлекет қайраткерлері кезекке тұрады...” дегендей қанат­ты қиялға ерік берген қайраткерлер арамыздан табылғанын өзіміз де жақсы білеміз. Біле тұрсақ та, тұсаукесер рәсімі кезінде ресейлік академик Р.Н.Сагдеев­пен осы тақырыпқа бір ауыз сөйлесіп қалғанбыз, сонда ол кісінің аузынан Қазақстан Президентіне бұл тұрғыда бірқатар мұсылман елдері тарапынан қы­сым да болғанын естігенбіз. Жоғарыда аталған еңбегінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан кезінде ядролық қарудан оны ұстап тұруға шамасы жетпейтіндіктен, оны қолдана алмайтындықтан, өз арсена­лын толықтыруға мүмкіндігі жоқтықтан бас тартыпты-мыс деген жел сөздердің жөнсіздігін, мұның өзі ел халқының ерік-жігерін танытатын, ел басшылығының мемлекеттің қауіпсіздігін алыстан ойлап барып жасаған қадамы екенін қолмен қойғандай дәлелдеп шыққан еді. Енді арада талай жыл өткен тұста сол кездегі шешім жалғыз ғана дұрыс шешім болға­нын, мемлекет ретінде құрылмай жатып әлем сахнасына ядролық қарумен шыға келген елді талайлар іштен ірітіп, сырт­тан сетінетуге тырысарын, мұның аяғы тәй-тәй басқан тәуелсіздікке төнер анық қа­тер екенін бәріміз де көріп-біліп отырмыз. Мақалада былай делінетін: “Бүкіл әлем тарихы – соғыс тарихы, қарулану ше­жіресі. Мыңдаған жылдар бойы адам­дар адамдарды қырып-жоюдың жаңа жолдарын ойлап табу үшін жанталасты, мем­лекеттер жойқын қару-жарақты кө­бейт­кен үстіне көбейтуге ұмтылды. Мың­да­ған жылдар бойы халиф, хан, патша, король, император, генсек атаулының бәрі өз елінің бес қаруы бойында болуын, жат жұрттықтарды жаппай қырып-жоюға дайын тұруын көздеді. Тек бір ел ғана жаңа қаруға ұмтылу былай тұрсын, қолына келіп түсіп тұрған аса алапат қарудан өз еркімен бас тартты. Тек бір ер ғана айрықша айбын болатын қатерлі қарудың өңешіне өз қолымен құм құйды. Ол елдің аты – Қазақстан. Ол ердің аты – Нұрсұлтан”. Арада тоғыз жыл өтер-өтпесте Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық бірінші саммит ұйымдастырылды. Ол сам­миттің бірінші сессиясында сөз Нұр­сұл­тан Назарбаевқа – адамзат тарихында ядролық қарудан бас тартқан тұңғыш елдің басшысына берілді. Сәл шегініс жасайық. Осы оқиғадан дәл бір апта бұрын әлемдегі ең беделді ұй­ымның жетекшісі – Біріккен Ұлттар Ұй­ымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Қа­зақстанға келді. Алдымен Семей поли­го­нының орнын көрді. Ажал апанының аузында тұрып, тебірене сөз сөйледі. Мә­лімдеме жасады. “Қазақстан Президенті­нің осынау сынақ алаңын жауып қана қой­май, тұтас өңірде ядролық қарудан ада аймақ құрғанына зор қолдау білдіремін. Оның бұл қадамы біздің ядролық қарусыз әлемді құру ісіміздің ең берік іргетасы іс­пет­ті. Барлық елдердің басшылары Нұр­сұл­тан Назарбаевтан үлгі алып, оның жо­лы­мен жүруі тиіс. Мен БҰҰ-ның Бас хат­шы­сы ретінде ядролық сынақ алаңы­ның қақ жүрегінде тұрып, барлық әлем елдерін Қа­зақстаннан үлгі алуға шақы­рамын”, деді мәлімдемесінде. Сол түні бо­рандатып Астанаға жетті. Елбасымыз­бен кездесу кезінде қайтадан ақтарылып кетті. “Мен кеше Семейде болдым. Ол өңірге жасаған сапарым мен үшін баға жет­пес тәжірибе. Семей полигонындағы сынақтар бары­сын­да зардап шеккен мил­лиондаған адам­дардың қасіреті мен ондағы экологиялық ахуалдың қиындық­та­рын суреттеуге тіл жетпейді. Тіпті оны елестетудің өзі аса ауыр. Егер Сіздің көре­гендігіңіз бен бас­шы­лығыңыз болмаса, кім білсін, қазір де миллиондаған адам сол қасіретті бас­тан өткеріп жатқан болар ма еді? Мен Сіз­ге Семей ядролық сынақ алаңын жап­қан және Қазақстан аумағын­да барлық ядролық инфрақұрылымды жойған ұлт­тың басшысы ретінде шексіз риза­лы­ғым­ды айтқым келеді”, деп бір қайырды. “Ядро­лық қарусыздану туралы айтуға, оны терең талқылап, басқа мем­лекет бас­шыларына пікір айтуға Сіздің барлығынан жоғары моральдық құқы­ғыңыз, күшіңіз бар, сондықтан да дау­сы­ңыз жарқын шы­ғуы тиіс деп санаймын”, деп бір қайырды. “Ядролық сынақтарды тоқтатып, ядролық қарулардан ада болу қажеттігін әлемге жар салып айтушы рөліне Жер бетінде Сіз­ден лайық адам жоқ”, деп бір қайыр­ды. Ақыр аяғында: “Әрине, Сіздің бұл саммитте қаралатын мәселелер жөнінде өз пі­кіріңіз, өз ұста­нымыңыз бар. Мен де БҰҰ-ның Бас хат­шысы ретінде өз ойым­ды ортаға саламын. Дегенмен, біз сөз­де­рі­міз бен ұстаным­дарымызды үйлестіріп алып, біріге сөй­лесек, ойлағандағыдан да үлкен табысқа қол жеткізе алар едік”, деп барып тоқта­ды. Қазақстан Прези­денті­нен демеу, қолдау күтті. Өзінің миссиясын жүзеге асыруға көмектесетін жорық жолдасындай сенім артты. Біз бұл сөздерге түсініктеме жасамай-ақ қояйық. Сонымен, саммит басталды. Саммит алдында Барак Обама Нұрсұлтан Назар­баевпен кездесті. 45 минөт бойы сөйлесті. Мұндай жиындарда елдер басшыларының он минөттік, кейде тіпті бес минөттік, таза хаттамалық сипаттағы, кездесуден гөрі жүздесуге көбірек жақындайтын, ниеттестікті қуаттаудан аспайтын рәсім­дері кәдуілгі жағдай. Талай елдер бас­шыларына тіпті ондай рәсімдерге де мүм­кіндік табылмай жатады. Делегациялар­дың көптігі сондай, АҚШ Президентінің мемлекеттер басшыларын атақты Кон­гресс орталықта тек қарсы алып, құрмет көрсетуінің өзі бір сағаттан астам уақытқа созылғанын біздің газет алдыңғы күні ғана жазған. Саммиттің түске дейінгі бірінші сессиясында, алдыңғылардың қатарында Нұрсұлтан Назарбаевқа сөз берілгенін де жазғанбыз, Елбасымыздың сөзін жариялағанбыз. Қазақстан басшысы өз сөзінде халықаралық қоғамдастыққа бірқатар қағидаттық маңызды шараларды алға тартты. Өз елінің аумағында Халық­аралық ядролық отын банкін орналас­тыруға әзір екенін мәлімдеді. Ядролық қарусыз аймақтар үшін халықаралық-құ­қықтық нормалар қажет деп санайтынын айтты. Әскери мақсатта бөлшектенетін материалдарды өндіруге тыйым салу ту­ралы шартты жедел қабылдауды ұсынды. Ядролық сынақтарға баршаны қамтитын тыйым салу туралы шарттың іс-әрекетке кірісуін тездетуге шақырды. Сонымен бірге Назарбаев әрбір мемлекеттің бейбіт ядролық энергетиканы дамытуға және пайдалануға деген заңды да ажырағысыз құқығына қолдау білдіретінін ашық жет­кізді. Мұның өзі бүкіл әлемдегі барланған уран қорының ширек бөлігі орналасқан Қазақстан үшін өте маңызды. Назарбаев ядролық қаруға ие болып алған елдер мен ядролық шамшылдыққа салынатын елдердің қарым-қатынасына байланысты да маңызды ұсыныс жасады. “Мұның өтеуіне олар Қауіпсіздік Кеңесі қуат­тайтын, бүкіл “Ядролық клубтан” оларға ядролық қаруды қолданбау және шабуыл жағдайында қорғау кепілін алуы тиіс. Бұл үдеріске біріккісі келмейтін елдерге қа­тысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі санкциялар мен мәжбүрлеуге дейінгі шешуші шаралар қолдануы тиіс”, деді Қазақстан басшысы. Расында да, адам ойын, ғылым ізденісін тоқ­тату оңай емес. “Сендер ондай ойла­рыңды қойыңдар, ядролық қару жасай­мын деп жүрмеңдер” дей салатын жер бұл емес. Олардың бәрі бірдей көршілеріне ядролық бомбаны тастап кеп жіберейін деп желігіп жүргендер емес. Олардың арасында көршілеріміз сондай бомба жасап, тастап кеп жібере ме деп жаны шығып жүргендері де аз емес. Сондықтан қазір ядролық қаруы жоқ елдердің бәріне оны жасаудан бас тартудың өтеуі ретінде қауіпсіздік кепілі берілуге тиіс. Елбасымыздың сыртқы саясаттағы сарабдалдығының келісті көріністеріне талай куә болып жүрміз. Ресми сапар­лар­дың біразына қатысып, репортаждар жаз­ған жайымыз да бар. Соның өзінде де Пре­зидентіміздің Америка Құрама Штат­тарына осы жолғы сапары, жаһандық сам­митке қатысуы, оның аясында әлем­нің көптеген іргелі мемлекеттерінің бас­шы­ларымен кездесуі айрықша сәтті болды деп санаймыз. Қазақстан басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық жиында сөйлеген сөзі бүкіл әлемнің белді бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударды деудің еш артықтығы жоқ. “Нью-Йорк Таймс”, “Уолл Стрит Джорнэл”, “Вашингтон Пост”, “Рейтер”, “Ассошиэйтед Пресс”, “Ажанс Франс Пресс”, “Чикаго Трибюн”, “Форин Полиси”, “Хилл”, “Политико”, “Хаффингтон Пост” секілді басылымдар мен ақпараттық агенттіктер шетінен жа­зып жатты. Біздің өтінішіміз бойынша бірқатар материалдардың орысшаға аудар­масын жедел жасап, кеше түстен кейін-ақ редак­цияға жеткізіп берген азаматтарға разы­лығымызды білдіре отырып, солардың кейбірін сөйлетіп көрмекпіз. “Нұрсұлтан Назарбаев – өзгелер те­ңесуге тиісті Көшбасшы. Вашингтондағы саммит онсыз өтпес еді” – “Ажанс Франс Пресс” ақпараттық агенттігінің 12 сәуірдегі мақаласына тап осындай тақы­рып қойылыпты: “Вашингтон советтік ядролық арсеналдың өзіне тиесілі бөлігі­нен бас тартқан Қазақстанға, Барак Обаманың сөзімен айтқанда, бүкіл әлем үшін түпкілікті мақсат – толық ядролық қарусыздану болып табылатын істен ұтысқа шыққан ел ретінде құрмет көр­сетті. Вашингтон көшелерінде Жаһандық саммит күндерінде ілініп қойылған плакаттарда Нұрсұлтан Назарбаев өзінің алып ауқымды мемлекеті совет заманында ядролық сынақтардан 1,5 миллион адам зардап шеккендіктен қолда қалған ядро­лық арсеналдан бас тартқанын түсіндіреді. Ақ үйдің кеңесшісі Майк Макфол Обама Назарбаевты “ядролық қауіпсіздік мә­се­лесінде “теңесуге ұмтылуға тұратын” көш­басшылардың бірі деп сипаттағанын, Вашингтондағы саммит “оның қаты­суынсыз” өтпес еді” дегенін мәлімдеді”. “Foreіgn Polіcy” журналы 11 сәуірдегі нө­мірінде Барак Обаманың саммит алдында Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескеніне екпін түсіре айтқан. “Хилл” газеті 13 сәуірдегі “Қазақстанның шапағатты шағы” атты мақаласында: “Орталық Азия­дағы бұл мемлекет Вашингтонда дүйсенбіде басталған ядролық қауіпсіздік жөніндегі екі күнгі саммитке қатысушы 47 мемлекеттің ішіндегі ең көрнектілерінің бірі болып табылады”, деп жазған. “По­ли­тико” газеті 13 сәуірде БҰҰ Бас хат­шысы Пан Ги Мунның “1991 жылы Пре­зидент Назарбаев Семей ядролық сынақ полигонын жауып, Қазақстанды ядролық қарудан ада ету арқылы ерекше көшбас­шы­лығын көрсетті. Мұның өзі страте­гиялық қадам, тәуелсіздіктің шындап жария етілуі еді. Бүгінде бұл полигон қа­ру­сыздану мен болашаққа үміттің симво­лына айналды”, деген сөзін келтіреді. “Вашингтон Пост” 13 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан. Ядролық қару­сыз бейбітшілік құру” атты мақаласын жариялаған. АҚШ-тағы танымал “Хаф­фингтон Пост” веб-порталында Альберт Айзли “Ядролық Қауіпсіздік жөніндегі Жаһандық Саммиттің көш бастаушысы және өзегі Қазақстан болатыны нелік­тен?” деген мақаласында Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы аса көр­некті рөлі мен сана-сезімнен өтке­ріл­ген көшбасшылығы жөнінде айтады. Осы күндерде жаһан жұртшылығының назарын аударған жарияланымдардың бірі – “Вашингтон Таймс” газетіндегі (13.04.2010) “Ядролық қауіпсіздік пен Ауғанстандағы жағдайды тұрақтан­дыру­дың түйінді ойыншысы” деп аталған сұх­бат. Таяу Шығыс пен Орталық Азия та­қы­рыбына маманданған белгілі талдама­шы Клод Салханидің біздің Елбасымызға қойған сұрақтары мен алған жауаптары­ның біреуін ғана келтірмекшіміз. “Иран Вашингтон саммитіне қатыспай отыр. Иран басшы­лары­мен кездессеңіз Сіз олар­дың ядролық технологияларға қол жеткізу жөніндегі ниетіне байланысты не айтар едіңіз? Сіздің ойыңызша, Иранның ядролық шамшыл­ды­ғына алаңдап отыр­ған Батысты, Еуропа мен АҚШ-ты не тыныштандыра алар еді?” де­ген сұраққа мынандай жауап қайтарылып­ты: “Қазақ­станның ядролық қарусыз таңдауы КСРО тарағаннан кейінгі (Бұл ара­да журналист Қазақстан Президентінің сө­зін анық жа­зып алмаған сияқты, бәлкім, ауыз­екі әңгі­меде Елбасымыздың өзі онша дәл айт­паған да болар. Дұрысында, Семей по­лигоны 1991 жылы 29 тамызда, яғни КСРО тарамай тұрғанда, Кремльдің тыйым са­луы­на, әскери-өнеркәсіптік кешен басшы­лары­ның қатты қарсылығына қарамастан жа­был­­ған, Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған ол Жарлықтың ерекше қадір-қасиеті де сонда – С.А.) өте қиын жағдайда жасалды. Қа­зақ­станның негізгі территориясы Азияда екенін, адамдарымыздың басым бөлігі исламды ұстанатынын еске салайын. Біз сол тұста өзімізге қомақты қаржы қолдау­ын және ядролық қаруға ие тұңғыш әрі жал­ғыз мұсылман елі ретінде халық­ара­лық “абыройға” бөленуді уәде еткен көп­теген сан­түрлі кеңесшілермен істес бол­ғанбыз. Иранның ядролық бағдарлама­сы­на келсек, біз жағдайды тек қана дип­ломатиялық рет­теуді жақтаймыз және мәмілеге келтіретін шешім табылады деп үміттенеміз. Біз Иран­ның бейбіт ядролық энергетиканы дамы­туға құқылы екенін мойындаймыз. Соны­мен бірге, барлық жұмыстар МАГАТЭ-мен бірлесе отырып, Кепілдіктер туралы ке­лі­сімді бұлжытпай сақтаумен атқарылуға тиіс деп санаймыз”. Лордтар палатасының мү­ше­сі және Ор­та­лық Азия мәселелері бой­ынша Бүкіл­партиялық парламенттік топтың төрағасы болып табылатын танымал саясаткер Дж.Д.Уэйверлидің “Roll Call” га­зетіндегі (14.04.2010) “Ядролық қауіпсіздікті ны­ғайтудың жаңа мүмкіндіктері” атты мақаласында былай делінеді: “Кейінірек елде Ғылыми және халықаралық істер жөніндегі Гарвард Белфер орталығының директоры Грэм Элисон кем қойғанда 100 жаңа ядролық ату жарақтарын өндіруге жетеді деп бағалаған жоғары байытылған уран­ның елеулі қоры табылды. Қару-жарақ­тық уранды тасымалдау мен сатудан олар­дың қорынан бас тартып, жоюды жөн көр­ген Қазақстан әлемге қару-жараққа бақылау жасау тарихында болып көрмеген үлгі көр­сетті”, “Қазақстан қабылдаған шешімдердің маңызы бөлекше. Қазақстан қауіпсіз сақтауға берген ядролық қордың титімдей бөлігінің өзі, егер олар қыл­мыс­керлердің қо­лына түсе қалса, Бүкіл­әлемдік сауда орта­лығын ғана емес, Ман­хэттенді түгел жойып жіберуге жетер еді. Қазақстан Эйн­штейн­нің ақтық сый­лы­ғына айналған Па­гуош конференция­сының асқақ мұрат­та­рын жүзеге асырудың сирек мысал­да­ры­ның бірі”. Осылай жалғастыра беруге болады. Біздің қолымызға кеше кешке дейін тиген пі­кірлердің өзі ғана Нұрсұлтан Назар­баевтың жаһандық саммиттегі сөзі шын мәнінде жаһанға жайылғанын көрсетіп отыр. Қазақстан Президенті бастап берген жеңісті жол жемісті жалғасып жатыр. Дәл саммит басталардың алдында, 7 сәуір күні әлем тарихында тағы бір аса елеулі оқиға болып өтті. Прага қаласында АҚШ пен Ресей президенттері стратегиялық ша­буыл­дау қаруларын қысқарту жөніндегі жаңа келісімге қол қойды. Ол бойынша екі жақ алдағы жеті жылдың ішінде стра­тегиялық ұшырғыштар – құрлықаралық баллистикалық зымырандарын, сүңгуір қайықтардағы баллистикалық зымыран­да­рын, сондай-ақ ауыр стратегиялық бом­балаушы ұшақтарын 700 бірлікке қыс­қар­ту­ға міндеттеме алды, оқтұмсықтар ұшыр­ғыш­тар саны әр жақтыкін есептегенде 800 бірліктен аспауға тиіс, оқтұмсықтардың ең көп ортақ саны 1550 бірлік деп айқын­далды. Бұл шын мәнінде қарусыздану жолындағы айрықша қадам. Әрине, біз қарусыздану үдерісі әлі де талай уақытқа созылатынын жақсы білеміз. Сол АҚШ-та 3500, сол Ресейде 2800 оқтұмсық сақ­та­лып отырғанын да Интернеттен оқып жатырмыз. Ұлыбританияның өзінде 512, Қытайда 400, Францияда 384 оқтұмсық ресми тіркелген. Осындай сұмдықтұм­сық­тардың тым құрыса біреуі алда-жалда халықаралық лаңкестердің қолына түсе қалса не болуы мүмкін екенін ойласаңыз аза бойыңыз қаза тұрады. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаев саммиттегі сөзінде Орталық Азия аймағы аясында Қазақстан ядролық қауіпсіздікті нығайту, ядролық материалдардың таралуына жол бермеу және ядролық лаңкестікпен күрес ж­өнін­де өңірлік іс-қимыл жоспарын әзірлеуге бастамашы болғанын хабарлап, осы тәжі­рибені әлемнің басқа өңірлеріне де та­рату­ды ұсынды. Шынтуайтында, Назар­баев үлгісі қазірдің өзінде әлемге таралып та жатыр. АҚШ пен Ресейдің күні кеше қандай тарихи құжатқа қол қойғанын айттық. Украина 2012 жылға дейін өзінің жоғары байытылған уран қорын жоюға бекінді. Чили мен Канада өздерінің жо­ғары байытылған ядролық материалдарын АҚШ-тың бақылауына беруге келісті. Бұл үдеріс жалғаса түседі деп сенгіміз келеді. Вашингтонда Қазақстан Президентіне “Шығыс-Батыс” институты белгілеген Бейбітшілік және алдын алу дипло­ма­тия­сы сыйлығы табыс етілді. Бұған дейін бұл сыйлыққа АҚШ Президенті үлкен Дж.Буш, Чехия Президенті В.Гавел, Гер­мания Канцлері Г.Коль сияқты айтулы тұлғалар ие болғанын ескерсеңіз, биік марапат екенін көресіз. Сонымен бірге, Назарбаевтың адамзат тарихында “Қош бол, қару!” ұранын іс жүзіне асырған, қару­сыздану саласындағы үздік үлгісінен бүкіл әлем үйренсе артық етпейтін алғаш­қы мемлекет басшысы екенін ескерсеңіз, Қазақстан Президентінің саяси көре­генділік пен адамдық ерлікке, мемлекеттік кеңдікке негізделген бұл еңбегі әлемдегі ең жоғары, ең беделді, ең атақты сый­лық­қа да лайықты деген ойға өзіңіз-ақ тоқтайсыз. Бірақ біз Нұрсұлтан Назар­баевқа бұл қадамды жасатқан басты қозғаушы күш ең алдымен туған жерінің ашық көк аспаны мен туған елінің алаң­сыз көңілін ойлаған азаматтық ұстаным екенін жақсы білеміз. “Жігітке ерлік те оңай, елдік те оңай, әгәрки қабырғалы болса халқы”, деген екен Әбубәкір Кердері бабамыз. Қылы­шы­нан қан тамып тұрған Кремльден қай­мықпай, тажалды тұншықтыруға пәрмен бергенде де Назарбаев ең алдымен өзінің туған халқына, Қазақстанына сүйенген. “Қабырғалы халқы болмаса, қандай басшының да тауы шағылмай, тауаны қайт­пай қоймайды” дегенді де Нұрсұлтан Әбішұлы сондықтан айтқан. Президент кітабының тұсаукесерінде академик Е.П.Велихов сөйлегені есте. “Даналық пен батылдық Президенттің бойында да, ол басқарған халықтың бойында да бол­ды. Мұндай қадамды бірлігі мықты халық қана жасайды”, деген еді атақты ғалым. Дәл солай. Нұрсұлтан Назарбаевқа: “Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Садағаң кетейін, айна­лайын халқым! Сенің мүддең жолында бойдағы қуат, ойдағы нәрдің бәрін сарп етуге бейілмін”, дегізген ұлы күш те – перзенттік парыз бен президенттік қарыз. Сол ұлы күш күні кеше Қазақстанды тағы бір биікке көтерді – Вашингтондағы жа­һан­дық саммит кезінде өткен көптеген кез­десулердің нәтижесінде Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы­ның 11 жылдан бері шақырылмай келе жатқан саммиті биыл төраға елдің төрінде – Қазақстанда өтетін болып негізінен шешілді. Бұл бәріміздің ортақ абыройымыз. Жарқын жеңісіміз. Осыдан тоғыз жыл бұрын жазған мақаламыз тағы ойға оралып отыр. Ол былай аяқталатын: “Адамзат баласы түптің түбінде өзін-өзі құртып тынатын жаппай қарулану жолымен ұдайы жүре бермес. Күндердің күнінде демегенмен, жылдардың жылын­да әлем мемлекеттері ядролық қарудан бас тартуға уағдаласар. Сол бір жылдарда адамзат баласы тарихта тұңғыш рет атом қаруынан өз еркімен бас тартқан, ядросыз әлемге жол ашып берген елді де, сол елдің тұңғыш Президенті болған, соғыс эпицентрін бейбітшілік эпицентріне ай­налдырған сол тарихи шешімді қабыл­даған ерді де разылықпен ауызға аларына сенеміз біз. Семсерден соқа соғу – адамзаттың сонау Тәурат заманынан бері келе жатқан асыл арманы. Сол істің қазақ даласында басталғанын, сол істі қазақ баласы бастап бергенін мақтан етеміз біз”. Аузымызға құдай салғандай екен. Иә, осы іс қазақ даласында басталған. Иә, осы істі қазақ баласы бастаған. Мақтан етеміз! Елімізді де, елді басқарған ерімізді де. Ол елдің аты – Қазақстан. Ол ердің аты – Нұрсұлтан. Әлем мойындаған мемлекетке айналу деген осындай болады. Әлем таныған тұлғаға айналу деген осындай болады. Еліңді еңселенту, халқыңның бағын жандыру деген осындай болады. Қазақстанды бүкіл әлемдегі бейбітшілік ісінің көшбасшысы деп бүкіл әлем айта бастады. Ғасырлар бойы тарихқа кеткен есеміз қайта бастады. Тәубе дейік, ағайын. Сауытбек АБДРАХМАНОВ.