16 қарашада бірлескен бұйрыққа қол қойылды. Оның аясында жұмыс тобы 2020 жылғы 17 қарашадан 25 желтоқсанға дейін Министрліктің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізетін болады.
М. Шоранов атап өткендей, денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Біздің азаматтарымыздың әл-ауқатының тірегі ретінде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына мемлекет ерекше көңіл бөледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары О.А. Бектенов денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің кең ауқымы сақталып отырғанын атап өтті: "Бұған құқықтық статистика мен Агенттіктің "СҚ Фармация", "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" (2020 ж.), Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы (2019 ж.) жүргізген сыртқы талдауларының нәтижелері дәлел бола алады".
Жағдайға толық көз жеткізу үшін орталық органда және келесі жылы екі Комитетте (Медициналық және фармацевтикалық бақылау, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау) талдау жүргізіледі.
Сыртқы талдау нәтижелері бойынша жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі ұсынымдар мен іс-шаралар жоспары әзірленетін болады.
"Министрлік ашықтық, айқындылық және объективтілік арқылы денсаулық сақтау жүйесіндегі ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және жоюға мүдделі. Сонымен қатар, біз жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз", деп сендірді бірінші вице-министр.
Жұртшылықты талдау жүргізуге кеңінен тарту оң қырынан атап өтілді.