Жуырда «Қазақтелеком» компаниясы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша Тоқтаров ауылына талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ) тарту арқылы тұрғындарға кең жолақты интернетке қосылу мүмкіндігін жасады.
Тоқтаров ауылы облыс орталығы Қостанай қаласынан 250 шақырым жерде орналасқан. Ауылда 700-ден астам халық тұрады.
– Менің қызым үшінші сыныпта оқиды. Үйімізге жылдам интернет енгелі бері қазақ және ағылшын тілдерін онлайн үйренуді бастады. Енді қажетті ақпаратты компьютерге де, планшет, смартфон сияқты гаджеттерге де оңай жүктей алатын болдық. Сонымен қатар интернет жеке кәсіпкер ретінде маған шаруашылық мәселелерді шешуде көмектеседі. Айталық, пайдалы кеңестер – тігін, аспаздық рецепттер, мысалы қазір қыстың қамымен түрлі азық-түлік сақтау тәсілдерін интернеттен қарап танысып жатырмын. Менің ойымша, интернет болса кез келген адам өзін-өзі дамытуға, қосымша білім алуға мол мүмкіндігі ашылады, – дейді Тоқтаров ауылының тұрғыны Елена Абрамова.
Бұл ауылдағы шағын комплектілі мектепте небәрі 47 оқушы білім алады, бүгінгі таңда мұнда сабақ әдеттегідей білім ордасында өтіп жатыр. Ауылға жүргізілген талшықты-оптикалық байланыс желілері ең алдымен білім мекемесіне қосылған еді.
Мектеп директоры Ардақ Әлмұхамедованың айтуынша, ауылдың оптикалық талшыққа қосылуы оқу үдерісіне де, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға да оң әсерін тигізді.
– Бұрын білім беру жүйесіндегі интернет-ресурстарды ашу қиын болатын, бұл айтарлықтай қолайсыздықтар тудыратын. Қазір мұндай кедергілер жоқ, мұғалімдер сабаққа дайындалады, сонымен қатар біліктілігін арттырумен айналысады. Олар енді біліктілікті арттыру институтының веб-сайтынан өз тәжірибелерімен бөліскен педагогтердің бейнероликтерін оңай жүктей алады, – дейді мектеп директоры.
Сонымен қатар мектеп директоры айтқандай, жоғарғы оқу орындары қашықтан білім алуға көшкенде өз ауылдарына оралған студенттер осыған дейін үйдегі интернет әлсіз болғандықтан, оқу орындарында берілген тапсырмаларды орындау үшін мектептің компьютеріне келіп отырады екен. Бірақ бүгінгі таңда мұндай қажеттілік жоқ. Себебі жүйрік интернет ауылдағы әрбір үйге жетті. Енді студенттер үйден шықпай-ақ тапсырмаларын жүктеп, орындаған нәтижелерін жібере алады.
Айта кетейік, Тоқтаров ауылының халқы бұған дейін мобильді интернетті қолданатын. Енді осы аймаққа тартылған талшықты-оптикалық байланыс желісінің негізінде ауылда мәлімет тарату торабы монтаждалып, сол арқылы кең жолақты интернет әрбір тұрғын үйге жетті.
– ТОБЖ жобасы бойынша Қостанай облысының ауылдық елді мекендерінде 937 шақырымнан астам оптикалық байланыс желілері салынды. Бұл жаңа инфрақұрылым ауылдағы желіні одан әрі жаңғыртуға негіз болады. Ұялы байланыс операторларымен бірлескен «250+» жобасы аясында ұялы байланыс операторларының базалық стансаларын салу жоспарлануда. Нәтижесінде, Қостанай облысындағы 62 ауылдық елді мекен тұрғындары кең жолақты мобильді интернетпен қамтамасыз етіледі, – дейді «Қазақтелеком» АҚ Солтүстік өңірлік телекоммуникация дирекциясының телекоммуникация желілерін дамыту жөніндегі директор орынбасары Олжас Татаев.
Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін «Қазақтелеком» Қостанай облысының 39 ауылдық елді мекеніне «оптика» орнатуды аяқтап, 133 мемлекеттік мекемені жоғары жылдамдықты интернетке қосқан.
Еске салайық, ұлттық оператор талшықты-оптикалық байланыс желісі технологиясын қолдана отырып, ауылдық елді мекендерге кең жолақты интернет жеткізу бойынша ауқымды инвестициялық жобаны аяқтауға жақын. Жалпы, жыл соңына дейін ел бойынша 14,5 мың шақырым желі салынып, 828 ауылға оптика тартылады, 2,5 мың мемлекеттік мекеме мен бюджеттік ұйым жоғары жылдамдықты интернетке қосылады.