Руханият • 18 Қараша, 2020

Көшпенділердің керме мәдениеті

853 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атақты Ақтанберді жырау: «Желіде құлын жусаса, Кермеде тұлпар бусанса...» деп толғайды. Осыған қарағанда біздің ата-бабаларымыз тұлпарын бусантып керме құрған. Біздің білуімізше, керменің бірнеше түрі һәм мәдениеті болған.

Көшпенділердің керме мәдениеті

Керме түрінің ең әуелгісі – жайлау­да жапырлай қонған ауыл маңында сәл қиыстау жерге қадаған діңгекке құрылған кермебау. Бұл жерге ауылға келген қонақтар мен әрлі-берлі өткен жүргіншілер, сондай-ақ ел адамдары күнделікті мініс аттарын байлайды. Бұны ауызекі тілде «ат байлар» деп те айтады. Келесі керме – жүйрік байлайтын орын. Яғни бұл кермеге тек жақсы аттар байланады. Сондықтан  атам қазақ «ат жақсысы – кермеде» деп бекер айтқан жоқ.

 ХІХ ғасырдың ортасында өмір сүрген көшпелі халқа – моңғол жұр­тының атақты нояны, ат сыншысы, сейс Пуребжаб деген адамның бұдан екі ғасыр бұрын жазған «Құпияның құпиясы, көненің көнесі жайлы ілім» атты еңбегі бар. Осы жазбада «Жүйрік аттарды баптайтын керме  ашық алаңқай, дөңестеу жерде құрылады. Оның алдыңғы және оң жағында жақын маңда тау-төбе болмағаны абзал. Әрі керменің оңтүстік жағы нулы-сулы, шығыс жағы тегіс жазық, батысы адырлы, жердің қыртыс топырағы сарғылтым, артқы жағында көл болса, бұл нағыз ат баптайтын орын» деп жазыпты.

Сондай-ақ жүйрік байлаған жердің топы­рақ қыртысы жұмсақ болғаны тиім­ді, егер жер қыртысы қатты болса, жүй­рік байланған нүктеге жұмсақ қайрақ құм төгеді. Яғни керме құрған жердің қыр­тысы қатты болса, жүйріктің төрт аяғы тал­маусырап созылады, жұмсақ шымды болса, жылқы бойына ылғал тартып, бабына түспей кешігеді. 

Қазақтың атбегілік өнерін бойына сіңірген сейіс қариялардан кейінгілерге жеткен ілімге қарағанда, жүйріктерді баптауға байлағанда керменің басына үлкен аттарды орналастырады да, қалған құнан, дөнен, тайларды күннің шығысынан батысына қарай рет-ретімен тізіп шығады. Керменің бағаналарын немесе жеке ат байлайтын атағашты бұдырсыз, сыптығыр, түп-түзу жас қа­йың­ның қабығын аршып жасаған дұрыс. Алғаш байланған жылқыны кер­меге бой үйреткенше, яғни жарты күн қозғамай байырқалатады. Байлауға алын­ған жүйрікті жарату жұмыстарын бастамай тұрып, әуелі кермені айналдырып жүргізіп көреді. Алдымен жуан аттар, одан кейін құнан, дөнен, тайлар жүреді. Аттар керме айналған сәтте  адамдар қиқулап, жылқының делебесін қоздыратын әрекеттер жасайды. Керме айналуды түсте бастап, түс ауа, күн батар мезгілде, күн батқан соң, яғни бір күнде төрт дүркін қайталайды. Сол сияқты, керме басында жиналған қауым тек жақсы сөздер айтуы тиіс.

Жоғарыдағы ұстанымдарға мән берсек, көшпелілердің керме мәдениеті үлкен ілім һәм керемет өнер екенін ба­жай­лауға болады. Сонымен қатар керменің құрылымы және шарты деген бар. Атап айтар болсақ:

бірінші шарт – кермені 10-12 құлаш қайыс арқанмен тартып  діңгектерін 2-2,5 метр ұзындықтағы бөрене ағаштардан орнатады. Керменің күншығыс жағына 20 метрдей қашықтықта, кедір-бұдырсыз, тепсең дөңес жерге құм төгіп, таңертең, кешке ат аунататын орынжай дайындаған.

Екінші шарт – керме мал қорасынан, әсіресе бұзау байлайтын желінің бас жа­ғында 150-200 метр қашықтықта орна­ласқаны жөн. Керме маңына қой-ешкі немесе сиыр жаюға, жылқы түлігін қиқулап айдап өтуге болмайды. Керменің жел жағына өл­ген малдың сасыған жем­тігін тастаған дұрыс емес. Сасық иіс жүй­ріктің көңіл күйіне әсер етеді.

Үшінші шарт – керме басында ұрыс-керіс, боқтық сөздер айтылмағаны абзал және оған атбегілер мен шабандоз балалардан басқа адам ұлықсатсыз ба­руға болмайды. Барғанның өзінде жел­дің ық жағын қуалап барады.

Төртінші шарт – керме маңына мас немесе ауру-сырқау адам баруға болмайды, сондай-ақ әйел адамдардың да бара бермегені жөн саналады.

Осы орайда тағы бір айта кететін дүние – керме тәртібі. Яғни дәл бәйге болатын уақытқа 3-4 күн қалғанда ат иесі мен шабандоз бала жүйріктің қасына түнеп, күні-түні бабын қадағалайды.

Жүйрікті баптауға қажет құрал-сай­мандар (терқырғыш, қамшы, тоқым, тарт­па айыл, кекіл-құйрық байлайтын өр­ме жіп, т.б.) арнайы биіктеу орынға, таза жерге, желдің өтіне қойылады.

Жүйрікті басы жерге жетпейтіндей етіп, жатып ұйықтай алатындай етіп байлау керек. Қазыққа, діңгекке байлауға әсте болмайды. Оның қауіп-қатері көп болады.

Кермеде үйілген жылқы тезегін ұдайы тазалап тұрған жөн. Әр апта сайын кермені жаңалап, жерін ауыстырып тұрады.

Жоғарыда айтылған ұғымдар мен шарттар көшпелілердің керме мәде­ниетінің бір үзігі ғана. Бұның сыртында керме психологиясы, ілімі, жүйесі, т.б. дүниелер бар.