Жас кәсіпкер Қарағанды университетін химик-технолог мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін құрылыс материалдары өндірісінде технолог және бұрғылау қондырғыларына қызмет көрсету жөніндегі сервис-менеджер болып қызмет етті. Дегенмен ол ылғи да өзінің жеке цехын ашып, шығармашылық тұрғыда шабытпен жұмыс істеуді армандайтын.
– Біздің ауылда мұндай цех жоқ. Мен жоба туралы білмей тұрып шеберхананы ұйымдастыруды жоспарладым. Менің мақсатым Zhas Project талаптарына сәйкес келді, – дейді жас кәсіпкер.
Руслан түрлі аспап-құралдармен жұмыс істеуді бала кезінен жақсы көретін.
– Жеке үйде тұратындарда әрдайым жөндеу және құрауға болатын нәрсе деген жетерлік қой. Сонымен қатар жас кезімізде біздің команданың бір қатысушысымен бірге демалыс күндері шеберханада жұмыс істедік. Онда ағашпен жұмыс істеуді үйрендік. Арнайы курстарда металмен жұмыс істеуді үйрендім. Менің университетте алған мамандығым да қазіргі қызығушылығыма көмектесті. Металл мен ағаш өңдеу үшін бояулармен, еріткіштермен, реагенттермен қалай жұмыс істеу керектігін білемін, – дейді шебер.
Команда демекші, жас кәсіпкерге әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға Евгений Рудых, Антон Янченко және Анастасия Клименко сынды достары қол ұшын берді. Ауыл әкімдігінің қызметкері Оксана Гайдукова да жастарға үлкен қолдау көрсетті.
Руслан Эльмурзиев жоба ұсынған қаражатқа жартылай автоматты дәнекерлеу машинасы, тегістеуіш, компрессор, тегістеу машинасы, ағаш өңдеу машинасы сияқты жұмысқа қажетті құралдарды сатып алды. Қазір команда Жартас ауылында бос жүрген жастарды жұмысқа тартуды мақсат етеді. Тіпті жасы үлкендер де шеберханаға келіп, өздеріне қажетті пайдалы кеңес алып жүр.
Бүгінге дейін «Алтын қолдар» шеберханасында 19 адам дәріс алыпты. Қазіргі уақытта алты адам слесарь-ағаш ұсталығын үйреніп жүр. Алдағы уақытта Руслан қызмет аясын кеңейту мақсатында бірнеше өндірістік станок сатып алғысы келеді. Туристік, балық аулау және аңшылық керек-жарақтарды, кемпингтік жиһаз, құрал-саймандар мен редукторлар және тағы басқа заттарды жасау ойында бар. Ал жоба аяқталғаннан соң, ол өз өнімдерін шығарып, үй және саяжай жиһаздарын жөндеуді жоспарлап отыр.
Қарағанды облысы,
Абай ауданы