Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Ашық жүрек» жобасы аясында «Қазақстан еріктілері лигасының» ұйымдастыруымен онлайн форматта өңірлік жастар көшбасшыларының форумы өтті. Шара жастар арасында волонтерлікті танымал етуді, «Ашық жүрек» аралық жобасында ерекше көзге түскен қайырымды жандардың еңбегін бағалауды көздейді. Форум Волонтер жылына орай ұйымдастырылды.
Жастардың басын қосқан жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, «Asar-ume» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Асхат Нұрмашев, еліміздің барлық өңірінен еріктілер, жастар ұйымдарының өкілдері мен өңірлік үйлестірушілер қатысты. Сондай-ақ игі істерімен көзге түскен волонтерлер белсенді жұмысы үшін марапатталды.
«Ашық жүрек» жобасы жастар арасында жаппай волонтерлік қозғалысты құруға, балалардың белсенді азаматтық ұстанымын, әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал ететін жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған. Одан бөлек, бұл бастама жастардың дамуына, волонтерлікпен айналысуына, қоғамда өз орнын табуына ықпал етеді.
Жобаға барлығы 20 мың адам қатысқан. Сонымен қатар өңірлерде «Ашық жүрек» волонтерлерді үйлестіру орталықтары ашылып, 28 жоғары оқу орнымен меморандумға қол қойылды. Волонтерлер үшін шеберлік сыныптары өткізіліп, көмекке мұқтаж жандарға қол үшін созатын игі бастамалар мен қоғамға пайдалы жобаларға шағын гранттар үйлестірілген.