Өнер • 18 Қараша, 2020

Стефани Бауэрле: Қазақтың ою-өрнектерінен өмірдің өзін көрдім

352 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Вивьен Вествуд пен Валентино, сонымен қатар Джон Ноймайер, Ролан Пети, Пьер Лакотт, Владимир Малахов, Йорма Эло, Луиза Спинателли, Сандра Вудолл сынды әйгілі дизайнерлермен, хореографтармен, суретшілермен жұмыс істеген белгілі суретші Стефани Бауэрле «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында сахналанған «Дала үні» балетіне костюмдер әзірлеуде. Айта кету керек, белгілі композитор Тілес Қажығалиевтің музыкасы негізінде хореограф Патрик де Бананың қойылымымен Тәуелсіздік тойы қарсаңында ұсынылатын «Дала үні» ұлттық балеті Қазақстанның мәдени өмірі үшін елеулі оқиға болмақ. Қоюшы-дирижері – Абзал Мұхитдин, либретто авторы – танымал қазақстандық кинорежиссер, сценарист, ақын Бақыт Қайырбеков, хореографиялық либретто адаптациясының авторы – Жан Франсуа Вазель. Төменде спектакльдің суретшісі Стефани Бауэрле осы оқиғаға орай ойларын ортаға салып, премьераға дайындық туралы айтып берді.

Стефани Бауэрле: Қазақтың ою-өрнектерінен өмірдің өзін көрдім

– Кез келген сахналық қо­йылым үшін костюмдердің сапасы айтарлықтай рөл атқара­тыны мәлім. Әңгімемізді әуе­лі осы тұрғыдан бастасақ, «Да­ла үні» балеті несімен ерек­ше­ленеді? Костюмдер негізінен қан­дай матадан тігіледі, қандай түс­терге ба­сым­дық беріледі, ол үшін сурет­шіге қандай талаптар қойы­лады?

– Бірінші және екінші акті­лер­дегі костюмдер бір-бірін қай­таламайды, ал спектакльдің бірінші бөлімінде олар Қазақстанның табиғатымен, жерімен үйлесімді өріледі, бұны бір жағынан, жаңа фольклорлық стиль деп айтуға болады. Мұнда табиғаттың мейлінше көп түсі пайдаланылған. Тігін цехының шеберлері костюмдерге аспан, көк шалғын, өзен-көлдер мен қар басқан тау шыңдары бейнеленген суреттерді салатын болады. Демек біздің мақсатымыз – жер бетіндегі адамзат баласына ортақ құндылықтарды дәріптеу ғана емес, сонымен қатар осында туып-өскен, шұрайлы мекенде ғасырлар бойы жасап келе жатқан байырғы халықтың қатпарлы тағдырын қапысыз көрсету. Меніңше, бұл жерде Ұлы дала рухын жеткізетін маңызды сәт айқын сезіледі.

 Екінші акт қазіргі заманға, Нұр-Сұлтан қаласына арналған, осыған бай­ланысты кейіпкерлердің киім­дерінен жарқын, алтын реңкті, күміс, көк және көгілдір түстерді көптеп кездестіруге болады. Жалпы алғанда, қалада алтындай жарқ-жұрқ еткен айшықты түстер басымырақ, мұнда шыны терезелер, жарқыраған айналар өте көп. Бұл бөлімді қаланың өзі сияқты аса жасампаз рухта, күн шұғыласындай шуақты һәм жарқын қалыпта көрсеткіміз ке­леді. Қойылымда жұмысшы кейіпкерлер де бар, олардың кос­тюмдері өте тығыз қаралау ма­­териалдан тігілген. Балет әр­тіс­терінің киімі де ерекше – мұн­­таз­дай ақ парақ түрінде жа­салған, демек бұл – оларға жаңа қала идеясының эскиздерін түсіруге болады деген нышанның белгісі. Балеттің екі бөлігі де бір-бірімен тығыз байланыста бо­лады. Оларды ата-бабаларымен әрдайым рухани байланыс біріктіріп тұрады.

– Спектакль идеясына сәй­кес костюмдер ұлттық ою-өрнектерге бай болуға тиіс сияқ­ты. Ал сіз мұны қаншалықты пайдалана алдыңыз?

– Мұндай ауқымды жобалармен жұмыс істегенде мен әуелі таныстығымды сол жердің халқы туралы ақпарат жинаудан бастаймын. Осы елдегі ха­лықтың тарихын, мәдениетін егжей-тегжейлі зерделеймін. Қа­зақстанда да оюдың түр-түрі бар екен, бұл мені шынымен таңғалдырды. Осыншама мол байлыққа ие қазақ халқы туралы деректер іздестіргенімде, дәл осы оюларға нақты сипаттама табу маған қиынға соқты, себебі барлық мағлұмат тек туристерге бағытталып әзірленген. Соған қарамастан мен жай адамның көзіне іліге бермейтін дүниені көрсетіп, ерекше әрі байырғы ою-өрнектерді жеткізгім келді. На­­қыштардың киіз үйлерде, ат­тылы адамның киімінде, ат әбзел­дерінде қандай болатынын бақылай бастадым. Осыған ұқ­састырып сурет салдым да, «Ас­тана Операдағы» кәсіби мамандармен кеңестім. Олар менің жұ­мысымды мақұлдады. Ою-өр­нектердің нақты бір түрлері тек ерлердің киімдерінде кездессе, ал кейбірі тек әйелдердің киім-кешектеріне ғана тән болып келетінін аңғардым. Және осы айырмашылықты нысанаға ала отырып, жаңа үлгіні әзірлеуде тігін цехының шеберлері көп көмектесті. Қолы гүл шеберлер өзімді қызықтырған Қазақстанның даму тарихымен, сонымен бірге кішігірім болғанымен, маңызы зор дүниелермен таныстырды. Мәселен, костюмдегі белгілі бір элементтің қандай жағдайда қол­данылатыны жайында ақпа­ратпен бөлісті. Біз бірігіп қызықты дизайн ойластырдық. Қазақстан халқының түп-тамырын терең пайымдап, өткен ғасырлардың тарихына терең бойлауға тырыстық.

1

Егер сіз Еуропада тұратын адам болсаңыз әрі бұл мәде­ниет­­тің түбіне бұрын шұқшия бой­лап көр­меген жан болсаңыз, онда мұн­дағы халықтың даму тари­хынан хабар беретін осынау ғажайып ою-бедерлердің айыр­машылығын, өзгешелігін алғаш­қыда оңай бай­қай қоймай­тыныңыз анық. Уа­қыттың түрлі кезеңінде сан-са­пат мәдениеттің белгілі бір ық­па­лы болғаны әр оюдың өзгеше таңбалануынан айқын көрініс табады. О баста маған олардың бәрі біріне-бірі ұқсас болып көрінген. Алайда тарихты терең зерделегеннен кейін, «Астана Опера» театрын­дағы әріптестерімнің көме­гі нә­тижесінде меніңше, бар­лық бөл­шекке жеке мән беріліп, әр нақышты костюмдерге орнымен қолдана білдік деп ойлаймын.

– Қойылымның дайындығы пандемияға дейін басталып кет­кенін естіп-біліп жатырмыз. Яғни басты кейіпкерлерге ар­налған костюмдердің қандай үлгіде болатындығын алдын ала ойластырып, ортақ шешім қа­былдауға уақыт жеткілікті болған сияқты. Осы аралықта костюмдердің алғашқы нұсқа­сына тағы қандай басқа толық­тырулар енгізілді, мүмкін кейбіреуін түбімен қайта өзгер­ту­ге тура келген шығар?

– Мұндай құбылыс театр тәжірибесінде пандемиясыз да өте көп кездеседі. Шығарманың тұжырымдамасы бір жарым жыл бұрын талқылана бастады. Біз алдымен нені қалайтынымызды анықтап алдық, сосын нақты қа­лай жүзеге асырудың жолын қа­­растырдық, одан кейін ай­тар­лықтай бір маңызды өзгеріс енгізе қойған жоқпыз. Бұдан басқа, спектакльдің уақыты біршама ұзартылды және алғашқы отыз минутында декорацияларға ғана емес, костюмдерге де әсер ететін ерекше атмосфера жасау қажет болды. Қазір бізде костюмдерді өлшеу жұмыстары жүруде, оның барысында кейбір заттар өзгертілуі мүмкін әрине, бірақ біз негізінен әрбір бөлшектің оқиғамен үндесіп, үйлесімді шығуына мән береміз. Ең маңыздысы – костюмнің әртіске шақ келуі. Әрбір солист пен кордебалет әртістерінің өздеріне құйып қойғандай сәнді, мінсіз сахналық киімде болғанын қалаймыз.

– Осы киім үлгілерінің қай­сысы өзіңізге ерекше әсер қал­дырды?

– Маған бірнеше костюм ұнады. Сүйікті киім үлгісінің бірі – ескі стильдегілер, неге десеңіз, мен Қазақстан туралы өте көп ізденіп оқыдым. Осы білгендерімді, санаға түйгендерімді костюмдер арқылы жеткізе білу жауапкершілігі мені көп нәрсеге қанықтырды. Мен қазақ арулары мен аналары, ер-азаматтары киетін ұлттық киімдердің ерекшеліктерін қазір кәдімгідей жақсы ажырата аламын, танымдық-тағылымдық тұрғыда бұл жобаның маған тигізген пайдасы ұшан-теңіз. Әсіресе тігін шеберлерінің іс-әрекет үстіндегі жанкешті бейнесін бақылау қат­ты ұнайды, олар өздерінің жұмы­сын бар ынта-шынтасымен сүйіп істейтін жандар, түпкі идеяға барынша жұмылып, жақсы нәтиже көрсетуге тырысады, әр киім үлгісін жақсарта түсу мақ­сатындағы тың ойларын ұсы­нады. Бұдан басқа, таза ақ қағаз сипатындағы костюмдер ұнайды, олар ашық түсімен жан бау­райды. Мұны бір мезетте басқа бір үлгіге айналдырып үлгеру – едәуір қиындық туғызғаны рас. Алайда бәрі ойыңдағыдай орындала бастағанда, бұлар ұмытылады.

– Қазақстандық труппамен қоян-қолтық жұмыс істеу сізге несімен ұнады?

– Мен көпғасырлық тарихы бар көптеген көне театрмен жұмыс істедім. Ал мына труппада өндірдей жастар өнер көрсетеді әрі театрдың өзі де Еуропадағы басқа театрлармен салыстырғанда тым жас. Сондықтан мұнда келмес бұрын алдымда не күтіп тұрғанын онша біле қойған жоқпын, ал бірақ театрға бас сұққан бойда бұл жер­дің мәдениеті жоғары деңгейде екенін түйсіндім.

Барған жерлеріңде кейде алдыңнан тың дүниелер кездесіп қалып жатады. Оның бәрін өкі­нішке қарай, шетінен інжу-маржан деп айту қиын. Алайда жүре келе, уақыт өте бастағанда белгілі бір биікті бағындырарына іштей сенім артасың. Кейде тіпті тамашалаған дүниеңнің кем-кетігін ішіңе жұтып кете баруға мәжбүрсің. Мұн­дайда компанияға әлі көп нәрсені үйренуге тура келеді деген ойға тірелесің. Бірақ осы айтылған нәрселердің «Астана Опера» театрына еш қатысы жоқ. Мұндағы цех керемет жұмыс істейді, өз істерін жетік меңгерген шеберлер көп. Мен мынадай жас театрдан осыншалық жоғары сапаны көріп таңғалдым. Екінші құндылығы – бұл жердегі ашық-жарқын, кең пейілді әрі қайырымды жандар ұнады. Жүзінен мейірім нұры төгілген тігінші әріптестерім ма­ған қалада қандай орындар­ды та­машалауға болатынын түсін­ді­ріп, тіпті қайдан, қандай ас ішу керектігіне дейін кеңес береді. Қарапайым адами қарым-қа­ты­настың қағидалары сақталғаны қандай ғажап. Жалғыз-ақ қиындық – Қазақстанға келу үшін ұзақ жол жүруге тура келеді, бірақ бұл жер­дің ғажайып құндылықтары соған тұрарлық-ақ. 

– Бұл балетті міндетті түрде көру керек екен. Осы ойды бір ауыз сөзбен қалай түйіндеген бо­лар едіңіз?

– Алтын уақытын қиып, «Дала үні» балетін тамашалауға келген адамның қанжығасы қазынаға майланып қайтатыны хақ. Себебі бұл қойылым – өткен шақ, қазіргі сәт пен болашақ туралы. Туған еліңіздің осы бір ұштасқан үш тамырын театрдан тамашалап, музыка мен пластиканың, дәуір мен бояудың алуан сырлы ғажайып сәтіне куә боласыз дегім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»