Саясат • 18 Қараша, 2020

Елімізде саяси қызметкерлер ротацияланады

505 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі елімізде саяси қызметкерлерді ротациялау институты енгізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Елімізде саяси қызметкерлер ротацияланады

Еске салайық, Мемлекет басшысы биылғы 13 қарашада мемлекеттік қызмет саласындағы кейбір актіге өзгерістер енгізуді көздейтін Жарлыққа қол қойды.

"Осылайша, елімізде саяси қызметкерлерді ротациялау институты алғаш рет енгізілді (бұрын ротация әкімшілік қызметкерлерге ғана қолданылған). Енді саяси қызметкерлер атқаратын лауазымына тағайындалған күннен бастап әрбір төрт жыл сайын ротацияланатын болады", деп хабарлайды ведомство өкілі.

Тиісті мемлекеттік орган басшысының шешімі бойынша саяси қызметшінің атқаратын лауазымында болу мерзімі екі жылға ұзартылуы мүмкін. Кейіннен екі жылға ұзарту Президент жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі бойынша ғана мүмкін болады.

"Саяси қызметкерлердің лауазымда болуының рұқсат етілген ең ұзақ мерзімі сегіз жылдан аспайды. Саяси қызметкерлерді ротациялау институты 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі", делінген хабарламада.

Сондай-ақ осы Жарлықпен "Б" корпусының қызметкерлерін ротациялау тәртібіне толықтырулар енгізілді. Мәселен, әкімдіктер басқармаларының басшыларына өңіраралық ротациялау енгізілді (бұрын оларды ротациялау тек бір әкімдік шегінде ғана мүмкін болатын). Бұл ретте мұндай ротация әкімдіктерде командалық орын ауыстыруға жол бермеу мақсатында Агенттікпен келісім бойынша жүргізіледі.

Бұдан бөлек, соңғы үш жылдан кем емес белгілі бір басшылық лауазымдарды атқаратын, оның ішінде әртүрлі мемлекеттік органда жұмыс істейтін "Б" корпусының қызметкерлерін ерікті ротациялау енгізілді. Мұндай ротация басқа әкімшілік-аумақтық бірлікке ғана мүмкін болады.

Зейнеткерлік жасқа толғанға дейін үш және одан аз жыл қалған қызметкерлерге ротациядан бас тарту құқығы берілгенін атап өткен жөн.

"Ротацияның негізгі мақсаттары мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ қызметшілердің кәсіби әлеуеті мен басқарушылық тәжірибесін дамыту және тиімді пайдалану болып табылады", деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі.

Осы Жарлықпен "Б" корпусының қызметкерлерін мемлекеттік органдардың ішінде ауысу тәртібімен тағайындау мүмкіндігі енгізілді. Сонымен мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік орган ішіндегі өзге де тең дәрежелі лауазымға, сондай-ақ жоғары тұрған лауазымға осы мемлекеттік органда кемінде соңғы екі жыл төмен тұрған лауазымда өтілі болған жағдайда ауысу тәртібімен тағайындалуы мүмкін.

Бұл өзгеріс мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органдар ішінде мансаптық ілгерілеуіне ықпал етеді.