Астаналық ұжым үш туындыны тарту етпекші: хореограф Айнұр Әбілғазинаның "Триумф" классикалық дивертисментініңпремьерасы, Джордж Баланчиннің "Серенада" бір актілі балеті мен Рикардо Амарантенің "Diversity" балетінен үзінді.
Өнерсүйер қауым дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің орындауында Петр Чайковский, Антонио Вивальди, Людвиг Минкус, Александр Глазунов, Сергей Рахманинов, Шарль Гуно мен Камил Сен-Санстың шығармаларын тыңдай алады.
"Менің ойымша, жас дарынды хореографтарға сахнасын ұсына отырып, театр өзінің шығармашылық қуатын айғақтап отыр. Айнұр Әбілғазинаның "Триумф" дивертисменті Чайковскийдің музыкасына қойылған: оркестрге арналған №3 сюита. Бұл туынды алғашқы екеуімен салыстырғанда едәуір ауқымды, қарымы кең. Айнұр Әбілғазина сюитаның тақырып пен вариациялар формасында жазылған соңғы бөлімін алған. Мұнда скрипка солосы кеңінен қолданылады, осылайша солисттердің дыбыстық және техникалық мүмкіндітерін тануға болады. Біздің оркестрде бұл солоны ғаламат скрипкашы Қаламқас Жұмабаева орындап шығады", дейді маэстро Арман Оразғалиев.
"Астана Балет" театрының жетекші солисті Айнұр Әбілғазина бұған дейін жеке билерді қойған болатын. Ал, "Триуф" оның алғашқы көлемді жұмысы. Оған жиырма шақты әртіс қатысады. Классикалық би негіздеріне сүйенген хореограф әсем, нәзік әрі биік өнер үлгісін ұштастырған дивертисмент жасап шығарды.
"Бұл туынды – классикалық өнерге деген тағзым. Себебі, классикалық балет барлық бағыттар мен стильдердің бастау бұлағы ғой. Орыс балет мектебінің негізін білгендіктен, мен, кішкентайымыздан бойымызға сіңіріп өскен өнермен, қазіргі ғажайып жай-күйімізбен бөліскім келді. Маған сенім артып, хореограф ретінде өзімді танытуға мүмкіндік берген театр басшылығына алғысым шексіз. Сөзсіз, әртістерге де ілтипатым ерекше. Олар құрметін танытып, маған қолдау білдірді. Қазір мен бәрін екшеп жатырмын. Артық кеткен тұстары болса алып тастап, жетіспей жатқан болса кейбір элементтерді қосып жатырмын. Менің басты мақсатым осы биді тиісті дейгейде көрсетіп шығу. Ал, эмоциялар кейінге қалып отыр", дейді хореограф Айнұр Әбілғазина.
Премьераға дайындық қарқын алып келеді: репетиция залында әртістер жаңа хореографияны үйреніп, костюмерлер репертуардағы спектакльдердің костюмдерін дайындап, тігін цехы болса, балеттің ең жарқын белгілерінің бірі – классикалық пачканы дайындап жатыр.
Тігін цехының ісмерлерінің айтуынша, он қабаттан тұратын бір балет пачкасын дайындауға 14 - 16 метр арнайы мата – қатты шілтер жұмсалуы мүмкін. Ер адамдар болса, классикалық балет канондарына сәйкес трико мен колет киіп шығады.
Классикалық балет өнерінің кеші ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады. Басталуы 20-қараша, сағат 19:30, 21-қараша, сағат 18:00.