Кино • 19 Қараша, 2020

Отандық анимация тың жаңалықтар күтеді

1248 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеңестік дәуірден бастау алған қазақ анимациясы осы күнде кеңінен қанат жайып, қалың көрерменнің көзайымына айналды. Бүгінгі әлеуметтің цифрлы нарыққа бейімделіп, сапалы әрі танымды дүниелердің жарыққа шығуына жол ашылды. 1967 жылы алғашқы қадамын жасаған мультипликация өнеріне биыл 53 жыл толып отыр. Әрине, қазақ анимациясы дегенде Әмен Қайдаровтың телеарна тарихындағы өлшеусіз еңбегін еске аламыз. Қазір сол игі дәстүрді кімдер жалғастыруда? Маңдай термен келген еңбек тиісті бағасын алып жүр ме? деген секілді сұрақтарды қал-қадірімізше зерделеп көрелік.

Отандық анимация тың жаңалықтар күтеді

Басшылыққа алатын мәселе­лер­дің қа­та­рында алдымен мультипликация шең­беріндегі кон­курстарды сөз еткеніміз дұрыс. Жалпы, отандық анимация бел­сенді дамып келеді және біздің мамандарымыздың жетістіктері халықаралық аренада да топ жару­да. Мәселен, жас режис­сер-аниматорлар Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы түсірген «Мұзбалақ» толықметрлі ани­­­­ма­циялық фильмі неміс ани­ма­­ция­лық фильм­дер институ­тынан (DIAF) Schlingel балалар мен жасөспірімдер фильм­дерінің 24-ші Халықара­лық­ кинофестивалінде және Из­раильде өткен Near Naza­reth Festival-інде «Үздік анима­ция­лық фильм» жүлделеріне ие болды. Бүгінде біздің мульт­­­фильмдерге отандық телеарналармен қатар шетелдік (Түркия, Иран, Еуропа елдері) продюсерлер қызы­ғушылық танытып отыр.

Осыған орай Мәдениет және спорт ми­нис­трлігінің баспасөз хат­шысы Əсел Жеңіс­пек­қызы ми­нис­трлік тарапынан елімізде қазақ анимациясының дамуына серпін беріп, жас дарындарды қолдау мақсатында «ÁMEN Animation Film Festival» биыл екінші рет ұйым­­дастырылғанын тілге тиек етті.

«Фестивальде қазылар алқа­сы­ның құра­мына әлемге әйгілі жа­пондық аниматор Ашино Йоши­ха­рудың онлайн-форматта қаты­суын қам­тамасыз етіп, қолдау білдіріп отырмыз», деді ведом­ствоның бас­пасөз хатшысы.

Дегенмен 3D аниматор Асхат Шүленбаев бұл пікірге келіспей­тінін алға тартты. «Осын­­дай игі істің қолға алынып жатқаны мені де қатты қуантты. Алайда фес­тивальде ре­жис­серлердің жас ерекшеліктеріне шектеу қой­мау керек се­кілді. Мәселен, менің жасым бұл конкурсқа сай келмейді. Соған сәйкес жас айырмашылық­ты 35-40 жасқа дейін ұзартып, әрбір жастың өзіндік ерекшелігіне қа­рай бағаланса дұрыс болар еді. Бұл елімізде анимациялық бағытта ұйымдастырылып жатқан жал­ғыз байқау. Оның өзінде де жүл­де қоры өте аз. Себебі бір ани­мациялық дү­ниені жарыққа шығаруға айлап, тіпті оның са­палы әрі танымдық материал­ болып шыққанын қала­саңыз жылдарды кетіруге болады. Сон­дықтан еңбекке кеткен өл­шеусіз уақыт пен материал өз ба­ғасын алуы тиіс. Қоғамда бә­се­келестік көбейсе, сұра­ныс арт­қан өнімнің сапасы да беки түсе­тініне сенімім мол», дейді Асхат Шүленбаев.

Жас өркеннің болашағын ойла­ған мемлекет анимация саласының дамуына жете көңіл аударуы керек. Отандық анимацияны дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау − осы сөздің дәлелі. Жалпы, ани­ма­циялық фильм­нің мақсаты қа­зақ­тың салт-дәстүрі мен өнерін, мәдениеті мен әдет-ғұрпын ба­ла­ға түсінікті әрі қызықты етіп жет­кізу десек, адамгершілік, мейі­рімділік, достық, Отанын сүю және тағы басқа қасиеттерді – бала ани­­мациялық фильмдер арқылы сана­сына сіңі­реді, сондай-ақ қазақ тіліндегі контентті кө­бей­тіп, күн тәртібіндегі келелі мә­селелердің біразы оң шешімін табар еді.

Асхат Шүленбаев соны­мен қатар байырғы қазақ ойын­дарының заманауи нұсқада же­тілуіне сеп­тігін тигізіп келе жат­қан біре­гей ма­­ман. Ол өз ке­зе­гінде компью­терлік бағдар­ла­­малаушы, талантты аниматор ретінде де танымал.

Атап айтсақ, осыдан бірнеше жыл бұрын қазақтың ұлттық ойындарын, соның ішінде «Ақ сүйек»/ WHITE BONE жаңа компьютерлік ойын жобасының авторы атанды. Ойынның офлайн нұсқасы Steam онлайн-платформасында сатылса, ал онлайн нұсқасы әлі де жетілдіріліп жатыр.

− Ойында Тұрымтай, Қа­сым, Алдан, Бе­гім және Кенже есімді ­бес кейіпкеріміз бар. Жобаны әзір­леу кезінде әрбір детальға, киім-ке­шекке, табиғат көріністеріне, тіпті музы­ка­лық әрлеуге де жіті мән беріл­ді. Интерфейс дәс­түрлі көш­пен­ділер стилінде әзірленді. «Ақ сүйек» екі сатылы ойыннан, бір­неше дең­гейден және кө­не қалаларға саяхаттау­дан тұра­ды. Ойын шарты сайыс (арка­да) тү­рінде ойластырылған. Сон­дықтан ойында шапшаңдық пен ақыл-ойдың ұтқырлығы көбірек қажет, − дейді Асхат Шүленбаев.

Бұл жұмысынан бөлек, Абай Құнанбай­ұлы­ның «Ғақлиялары», Сәкен Майғазиевтің «Қазағым, қасиетіңнен айналайын» жә­не Ди­маш Құдайбергеннің «Ұмы­тыл­мас күн» әні, мың­даған ғасырдың кө­не жауһары – «Түр­кістан» қа­ласы, сондай-ақ «Мәңгі қазақ күн­тізбесі» секілді тың жобалары 3D үлгісімен көп­шілікке жол тартқан болатын.

Алайда кейіпкеріміз 3D ани­ма­цияны жо­ғары оқу орында­рын­да үйрететін пәндік бағ­дар­ла­малардың және курстардың аз­ды­ғын айтады. Өзі болса бұл саланы арнайы шетелдік білім ордаларынан үйреніп меңгерген. Мәселен, көршілес Ресейде анима­цияны үйрететін курстардың жар­нама­сынан аяқ алып жүре ал­майсыз. Әлемдегі ең үздік 10 ани­мациялық сту­дияның ішінде де «Союз­мультфильм» көш бастап тұр. Со­лардың қатарында Walt Disney Animation Studious, Warner Bros.Cartoons, PIXAR, Studio Ghibli, DreamWorks Animation SKG, Aardman Animations, Rainbow S.r.l, «Мель­ница» және Blue Sky Stu­dios-ты да атап өтуге бо­лады. Өкініштісі, үздіктердің қата­рында отандық бірде-бір студияның жоқ­­тығы. Бүгінгі таңда отандық анима­цияға ай­тар­лықтай қаражат бөлі­нуде десек, оның нәти­жесін таяу арада көргіміз келетінін жасыр­маймыз.

Елімізде тәуелсіздік жылда­ры әзірленген анимациялық туын­ды­лардың басым бөлігі мем­ле­кет­тік тілде жарық көрген. Соң­ғы он жылда Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің тап­сырысымен 50-ден астам ани­мациялық фильм түсі­ріліпті. Осы­ның нәтижесінде елі­мізде 10-нан астам жеке студия бой көтер­генін айта кеткен жөн.

«Қазірде еліміздегі негізгі ани­мациялық фильм­дердің өнді­ру­шісі «Шәкен Айманов атын­­да­ғы «Қазақфильм» АҚ база­сын­да 2009 жыл­дан қайта құ­рыл­ған «Анимациялық кино» шы­ғар­ма­шылық-өндірістік бір­лес­тігі еке­ні бел­гілі. Бірлестік 10 жыл ішінде 40-тан аса қыс­қа­­метрлі және 3 толықметрлі анимациялық фильм­ді жарыққа шығарды. Олар­дың ішінде қа­зақ мультипликациясы тарихындағы тұңғыш ұлт­тық толықметрлі «Ер Төстік және Айдаһар», бүр­кіт­­пен адам достығы туралы «Мұз­балақ» және түркі қол­бас­шы­сы туралы «Күлтегін» кар­тина­ларын атап айтуға болады. Одан бөлек, Қа­зақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Н.На­­зар­­­баев­тың «Ғасырлар то­ғы­­сын­да» атты кітабының желісі бо­­­йынша «Қазақ елі», сондай-ақ «Қа­­зақ­стан – біздің ортақ шаңы­ра­ғымыз» ат­ты анимациялық топ­­­та­малар жа­рық көрді», дейді ми­­­нистрліктің бас­пасөз хатшысы.

Одан бөлек, 2016 жылы Мәде­ниет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «САҚ-да­ла» киностудиясы «Қазақ елі» ат­ты тарихи толық­метрлі анима­ция­лық фильм түсірді. Өзінің ма­ңыздылығы жағынан айрықша бұл анимациялық туынды Жәнібек пен Керейдің ба­лалық шағы мен есею жылдары туралы баяндайды.

Негізінен квазимемлекеттік ор­­гандармен осы бағытта бірша­ма іс-шара атқарылып жатыр. ­Бұл туралы министрліктің өкілі: «2019 жылдың 3 қаңтарында «Ки­не­матография ту­ралы» Қазақ­стан Республикасының заңы қа­­был­данып, «Ұлттық киноны қол­дау мемлекеттік орталығы» ком­мер­циялық емес акционерлік қоғамы құрылды. Осы жылдың басында Ұлттық киноны қолдау мем­лекеттік орталығы екінші питчинг өткізген бо­латын. Кино индустриясының танымал кәсіби мамандарынан құралған команда Киноорталыққа келіп түскен 250 өтінімді қарас­тырып, қаржылай қолдауға үміткер бола ала­тын 88 жобаны іріктеп алды, соның ішінде 6 ани­мациялық фильм болды», деп толықтырды.

Нәтижесінде, Орталықтың жа­нын­­дағы Са­­рап­тама кеңесінің ағым­дағы жылғы 27 ақ­пан − 6 наурыз аралығындағы отыры­сында 5 анимациялық кино­жоба оң қорытындыға ие болып, Ведомствоаралық комис­сияның 2020 жылдың 25 ма­мы­рындағы оты­рысында да бірауыздан қолдау тауып, ке­ле­сі анимациялық киножобалар өндіріске жіберілді. Бұл өнімдердің қатарында «Алтын адам» («Шәкен Айманов атын­да­ғы «Қазақфильм» АҚ), «Кенже қыз» («Aday Production анима­ция­лық студиясы» ЖШС), ­«Бе­сік жыры» («Dala animation» ЖШС), «Тарих керуені» анима­циялық сериа­лы («Ырысы АҚ Қазақстан» ЖШС) және «Ер­ке­­тайды» («Art Maral» ЖШС) атауға болады.

Ал енді «Кинематография туралы» заң аясын­да қабылданған шешімдер бүгінде толық іске асы­рылуда ма деген сұрағымызға атал­ған министрліктің баспасөз хат­шысы: «Әрине, көптен күткен «Ки­нематография туралы» заң қа­былданып, министрліктің кино өнері сала­сындағы саясаты тұ­жырымдамалық негізде өз­гер­­ді. Мәселен, киножобаларды қар­жыланды­ру туралы шешімді уәкі­летті орган Сараптама кеңе­сінің оң қорытындысы және Ұлттық фильм­дерді мемлекеттік қаржы­лық қол­дау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық ко­миссияның ұсынымы негізінде қабылдайды. Қолданыстағы заң­намаға сәйкес, Ұлттық ки­­ноны қолдау мемлекеттік ор­та­лы­ғы ашық конкурс жария­лау арқылы аталған Кеңес пен ко­мис­сияның қарауына киножоба­ларды жинақтап енгізеді», деп нақтылап жауап берді.

Сондай-ақ аталған заңның 12-ба­бына сәйкес, әлеуметтік ма­ңы­зы бар фильмдер, дебюттік фильм­­дер және оқиғалы фильм­дер мемлекет та­рапынан 100% қаржы­лан­дырылады екен. Әлеу­меттік маңызы бар фильм­дер − қоғамның пат­риоттық, рухани-адам­герші­лік, зияткерлік және мә­дени әлеуе­тін арттыруға, өскелең ұрпақты тәр­биелеуге бағытталған өзекті, со­ның ішінде тарихи фильмдерді ведомство басшылыққа алып отыр.

Бізді министрлік тарапынан отандық ани­мациялық туын­ды­ларды шетелдік нарыққа шы­­ғаруда үлкен жоспарлар құрып отыр­ған­дығы қуантты.

«Көптеген ірі фестиваль шең­бе­­рінде өтетін кинонарық бағдар­ламасында біздің мульт­фильмдер міндетті түрде көр­сетіліп отырады. Тіпті халық­ара­лық дистрибьюторлар отан­дық мультфильмдерді өз елде­рінде көрсету үшін режиссерлермен тікелей байланысқа шық­қан болатын. Өкінішке қарай, пандемияға байланысты көп­теген жоспарымыз іске аспай қалды. Бір­неше кинофестиваль әлі де ашылмай жатыр. Алайда бұл тек уақыт еншісінде», деді Əсел Жеңіс­пекқызы. Бұдан бөлек, баспасөз хатшы­сы 2019 жылдың қазан айын­да Т.Жүр­генов атындағы Қа­­зақ ұлт­тық өнер академиясының «Ани­­­мациялық фильмнің режис­су­расы» және «Суретші-ани­ма­тор» мамандықтары бойынша оқи­­тын «Кино және теледидар» фа­­куль­тетінің студенттері үшін Ре­­сейдің жетекші анимациялық сту­­дияларының басшыларымен кез­десу ұйымдастырылғанын еске салды.

«Союзмультфильм» кино­сту­­­­дия­сы­ның директоры Бо­рис Маш­­ковцевпен және «Wizart­Ani­­mation» компаниясының бас про­­дюсері Юрий Москвинмен кез­­десу қорытындысы бойын­ша та­раптар студенттерге атал­ған кино­­студияларда оқу тә­жірибесінен өту мүмкіндігін беру туралы келіс­сөздер жүр­гізіл­ген.

Айта кетуіміз керек, өт­кен жы­­лы Шәкен Айманов атын­дағы «Қа­зақфильм» киносту­диясының Youtube желісіндегі арнасына әр жылдары жарыққа шыққан мультфильмдер, со­ның ішінде «Ер Төстік және Айдаһар», «Қазақ елі» толық­метрлі фильмдер және 20 қысқа­метр­лі ­мультфильм («Қар­­лы­ғаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Аю мен­ қоян», «Жер­ұйық», «Мақ­тан­шақ­ қыз», «Тимур мен Жан­тик», «Қазақстан – біздің ор­тақ ша­ңырағымыз» сияқты анима­циялық фильмдердің топтамасы жүктелген. Бұл арнада ең та­ны­малы − «Қошқар мен теке» мультфильмі. Оны 700 мыңнан астам көрермен тамашалаған.

Қорыта айтқанда, отандық ани­мацияның дамуы қазақ фольк­лорымен тығыз байланыс­та екенін әсте ұмытпауымыз тиіс. Болашақта бүгіні мен тарихын таразы басындай тең ұстағандар ғана уақыт талабынан ұтылмайды дегіміз келеді.