Руханият • 19 Қараша, 2020

Ұстаз аға ұлағаты

728 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

«Социалистік Қазақстан» газеті ұжымы үшін (қазіргі «Egemen Qazaqstan») 1973 жылдың бірінші жартысы өте ауыр болды. Біразға созылған науқастан айыға алмай редакторымыз Ұзақ Бағаев қайтыс болды. Қазақ қауымын қатты шайқалтқан бұл қазадан сәл бұрын сол Ұзақ ағаның бірінші орынбасары қызметіндегі Сапаржан Хайдаров дүниеден өтті. Осылайша жарты жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде екі бірдей басшысынан, қазақтың екі мықты қаламгерінен, аяулы азаматтарынан айырылып қалған үлкен газет ұжымы жетімсіреп-ақ қалдық.

Ұстаз аға ұлағаты

Өмір ағысы өз дегенін істемей қой­майды. Тіршілік тызылы жалғаса бер­ді. Газет шығып жатты. Ай соңынан ай өтіп, күзге іліктік. «Әне келеді, мі­не келеді», деп күткенмен, газетке бас­шы келе қоймады. Сөйтіп газет шы­ғару шаруашылығының тірлігімен қо­ңыр­сал­қындау, қоңыртөбелдеу күй кешіп жүр­ген ұжым күздің жуан ортасына ілік­кен бір күні елпең-желпең етіп, гуіл­дей жөнелді. «Орталық Комитетте (Қа­зақ­стан Компартиясы деген сөз қо­сыл­май, осылай қысқартылып айтыла бе­ре­тін) газет редакторы бекітіліпті, жұ­мыс­тың соңына қарай орнына отыр­ғызып, ұжым­мен таныстырады екен», деген хабар шықты.

Газет қызметкерлері бір-бірінен «кім екен» деп сұраса бастады. Әр ұжымның үлкен-кішісі болады. Жаңалықтың бәрін, әсіресе аса маңыздыларын басқадан бұрын еститіндері болады. Біздің ұжым­дағы үлкендер, құлақтары түрік жүре­тіндер бірінші, екінші, үшінші басшыдан кейінгі ортадағы жетекші буын бөлім меңгерушілері болатын. Олардың оң қолдары – аға әдеби қызметкерлер де көп жағдаяттарды бізден бұрын сезіп, біліп жүретін. «Біз» деп отырғаным – кішілер, жас жағынан емес, шығармашылық құ­­рамдағы қызмет сатысы жағынан кіші әдеби қызметкерлер. Мен хабар бө­лімінің әдеби қызметкері едім. Редак­цияда істей бастағаныма екі жыл болып қалған. Бұл үлкен газет редакциясы үшін көп уақыт емес. Сондықтан жас әрі жаңа қызметкер санатындамын. Білгім, естігім келіп тұрса да, ешкімнен қадалып ештеңе сұрай қоймадым. Бір кабинетте қарсы үстелде отыратын бөлім бастығым Совет Шиманбаевтан жай ғана сыр тартқым келіп еді, Совет ағам «естисің ғой, асықпа», деп айта қоймайтын ыңғай танытты. Редакцияда әйел заты өкілдері санаулы-ақ болатын. Бибіш, Сәнәм сияқты тіс қаққан машинистка апайлар тобы, ішінде жас Шолпан бар, бір бөлмеде отыратын. Оларға қалай болса, солай кіріп кете алмайтынмын. Мені қойып, бөлім бастығы, азулы аға қызметкерлер Дәрібай, Ғалымжан, Тәжібайлар олардан тайсақтап жүретін. Қай шаруаның болсын рет-ретімен жүруін, тәртіпті ұнататын марқұм Бибіш апа отырған бөлменің есігін арнайы жұмысымыз болмаса, аша бермейтінбіз. Әйел қызметкерлердің бір бөлігі еңбек­шілер хаттары бөлімінде отыратын. Жайшылықта жайдары Нәзигүл, Са­ра­гүл апайларымды жағалап кіріп едім, олар да өте маңғаз отыр екен. Ойла­дым: «біліп отыр, бірақ айтпайды, сұра­май-ақ қояйын», деп қызмет орнымда қағаздарымды қарап, тып-тыныш күте­йін деп шештім. Көпшілік болған соң жігіттер жағы емін-еркіндеу. Бір-біріне кіріп-шығып, екіден-үштен сөйлесе қалып, жұмыс бөлмелерінде байыздап отыра алмай, жиі жүргіштеп, жиналыс болар уақытты дегбірсіздене күткені байқалып тұрды. Үлкен редакцияның сол күнгі сырт көзге байқала бермейтін ішкі тыныс-тіршілігінен мен бірінші басшысы жоқ мекеме ұжымының иесіздік хал кешіп, қиналатынын айрықша сезген едім. Әрине басшының бәрі бірдей емес. Басшының жақсысын да, жаманын да көретін де, көтеретін де ең әуелі оның қарауындағы еңбек ұжымы, қала берді елі, халқы. Ал «Социалистік Қазақстан» газеті сияқты «Орталық Комитеттің өзі емес, бірақ Орталық Комитеттен кем емес» мемлекеттік баспасөздің басшысы болған газеттің бас редакторына жан-жақтан, жоғары-төменнен қойылатын талап та, сын да, жауапкершілік те орасан ауыр еді. Содан да болар, сондай үлкен сынға лайық болған кім екен деп, дегбірсіздене күткенбіз. Содан да болар, осындай аса жауапты орынға келетін кісінің аты-жөнін алдын ала білсе де, ресми белгілі болғанға дейін айтуға асықпайтын әдеттің қалыптасып, жазылмаған қағидаға айналғаны.

Мен мұның бәрін іштей сезіп біліп, түсініп, маған айта қоймады-ау деп ренжіген жоқпын. Ал өзімнің еш хабарсыз болғаным менің газет өміріне араласқанға дейінгі уақытта мүлдем басқа салада, ресми ортаның ішкі өмірі­нен алыстау, бейхабарлау жүретін ғылы­ми ортадан келгендігімнен екенін де білдім. Сондықтан асықпай әліптің артын бағып, кім болса да үлкен орынға лайық үлкен жүректі жан келсе екен деп тіледім. Бұл – бір менің ғана емес, көптің тілегі еді.

Кештете жиналысқа шақыру хаба­ры келді. Редакция қызметкерлері бір­неше ай бойына есігі жабық тұрған бас редак­тордың кең де еңселі бөлмесіне жапырлай кіріп, төргі үлкен үстел басында отырған ел ағаларына бас изей амандасып, қабырғаны жағалай жайғастық. Көп ұзамай-ақ жиналыс басталып кетті. Орталық Комитеттен келген орта бойлы дөңгелек жүзді Дәуірхан Айдаров деген кісі «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы болып тағайындалған жазушы-журналист, ғалым зерттеуші Сапар Байжановты таныстыруға, жа­ңа қызметіне кірісуіне жол болсын ай­ту­ға келгенін бір сыдырғы қоңыр үн­мен асықпай айтып шықты. Жаңа басшы­мыздың еңбек жолы, өмірбаяны оқылды. Осылайша саябырлау басталған жиын сөз кезегі ұжым мүшелеріне тигенде қызып ала жөнелді. Жиналыс басқарушы «айтар тілек, пікір бар ма?», деп айтуы-ақ мұң екен, әр тұстан үш-төрт қол қатар­ласа көтерілді. Бірінен кейін бірі сөз алғандар жаңа басшыға жақсы тілек­терін, жұмысқа, ұжымға байланысты ұсыныс-пікір, талап-ұсыныстарын жарыса айтысты.

Отырғандарға шола қарап, сөйлеп тұрғандарға күлімсірей қарап, ерекше зер салып, зейін қоя тыңдап отыр­ған басшымыздың толқынды ішкі сезім­нен нұрлана түскен жылы жүзінен жақ­сылықтың шуағын сезгендей бір уақытта мен өзімнің қалай қол көтеріп, қалай сөзге араласып кеткенімді байқамай қалдым. Жаны жайсаң адамның алды кең деген асыл сөз осындайдан шыққан болса керек. Жас адамға, жас журналиске басшының да, ұжымның да қамқорлығы қажет деген пікірді айта тұрып мен өмір жолында үлгілі де ұлағатты іздері сайрап жатқан Сапар ағаның келуімен газеттің де, газет редакциясы ұжымының да бағы көтеріліп, баянды істері, жемісті табыс­тары, жақсылығы көп жаңа кезеңі бас­талатынына анық сендім. Бір мен емес, сол жылдары «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясында қызмет етіп жүрген үлкен-кішінің бәрі дерлік қарымды қа­лам иесі әрі басшы-ұйымдастырушы қыз­метінде әбден шыңдалған, ел-жұртқа аса танымал, абыройы биік Сапар ағаның келген қадамына сәттілік тіледі.

Байжан-ата Сапар аға «Социалистік Қазақстан» газетін басқарып, он жылға тарта қызмет етті. Осы он жылдың төрт жылында тәңірімнің маған Сапар аға басшылығымен жұмыс істеу бақытын бұйыртқанына мың да бір шүкір айтып, қуанамын да мақтанамын. Аға газет редакциясында мен әуелі секретариаттың, одан кейін хабар бөлімінің әдеби қыз­мет­кері, ғылым және оқу орындары бөлімінің аға әдеби қызметкері болып алты жыл қызмет еттім. Осы жылдарым­ды мен журналистік теориялық және прак­тикалық оқу мен еңбектің көрігі болған университетіме балаймын. «Со­циа­листік Қазақстан» газеті редакциясы – менің университетім, үлкен ұстазым әрі жетекшім Сапар Ілиясұлы болды.

Бір менің ғана емес, Сапар аға бүгінде республикаға кең танымал көптеген талантты қаламгерлер мен ғалым қайрат­керлердің ақылшы ұстазы, кеңесші же­текшісі болды. Бұған бір ғана дәлел ретінде Сапар аға бас редактор болып отырған жылдарда аға газет редакциясына қаламы қарымды бірқатар журналист-жазушы жігіттердің шоғырланып жиналып, шығармашылық үлкен мектептен, қаламгерліктің бүкіл елдің қатаң сынынан өтіп, абырой, атақ биігіне өрлеуінен көруге болады. Мен қызмет еткен төрт жылда, Сапар аға басқарған он жылда аға газет ұжымына Қарағандыдан Ақселеу Сейдімбек, Шымкенттен Мыңбай Ілес, Өскеменнен Тоқтарбек Қызықбаев, Атыраудан Нұри Муфтах, Семейден Мамадияр Жақып, Торғайдан Бекболат Әдетов, Қойшығара Салғарин, КазМУ-дің журналистика факультетінің дарынды түлектері Сауытбек Абдрахманов, Ержұман Смайыл сияқты әрқайсысы жеке-жеке бір-бір басылымға бас тұлға болатын талантты журналистер келіп қосылды. Таланттарды танып, олардың астанамыз Алматыға, аға газетіміз «Со­циа­листік Қазақстан» газеті редакциясына келуіне, жауапты хатшы, бөлім редакторы, аға редактор, тағы басқа жа­уапты қызметтің тұтқасына ие болуы­на бас редактор Сапар Байжановтың тікелей қамқорлық жасағаны, рудың, жүздің емес, елдің, жұрттың мүддесін көздеп, ойы озық, қаламы жүйрік жасқа да, жасамысқа да шапағатын шашып, азаматтық үлкен ағалық жол көрсеткені айқын да анық.

Аға газет редакциясына Сапар аға­ның басшы болып келуімен бірге ешуақытта ұмытылмайтын көптеген қуанышты жаңа­л­ықтар қоса келді. Қызметінің ал­ғашқы күндерінен бастап-ақ Сапар аға редакция қызметкерлерімен бір-бірлеп сөйлесіп, шығармашылық жоспар-жобасымен, тұрмыс жағдайымен танысып, ұжым мүшелерінің көңіл күйін бір көтеріп тастады. Мұндай танысу, пікір­лесу қай ұжымда болсын, бар шығар. Мәселе – нәтижесінде, қорытындысында. Жаңа 1974 жылдың басында, Сапар аға бас редактор қызметіне кіріскеннен кейінгі екі-үш айдан соң редакцияға жаңа пәтерлер бөлінетіні туралы хабар жетті. Аға газетте істейді дегенімен, үйсіздіктің тау­қыметін тартып жүргендер үшін де, бастары көбейгеннен кейін бір кезде алып қалған бір-екі бөлмелі баспанала­рында қысылып-қымтырылып тұратындар үшін де бұл аса жағымды жаңалық еді.

Жаз шыға «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясы қызметкерлерінің қала ішіндегі үлкен көші-қоны бастал­ды да кетті. Көші-қон деуімнің мәнісі – редак­цияға бөлінген 5-6 пәтерді алғандардың бұрыннан тұрып келген баспаналары да редакция қарауына қалдырылуында. Сөйтіп жаңылмасам, редакцияның 12 қыз­меткері бір жаздың, бір айдың ішінде үй­лі-күйлі болдық та шықтық. Көшіп, қо­натын көлік іздеп те қиналмадық. Ре­дак­ция әкімшілігі қазіргі «Дәуір» аталатын баспаның автогаражынан жүк таси­тын машина алып берді. Сол машина біре­уі­міздің мүлкімізді тиеп көшірсе, екін­­шіміздің сол пәтерге кіруімізге кө­мектесті. 

Көп жылдан бері редакцияда машинистка болып жұмыс істеп, енді зейнетке шығуды ойлап жүрген Мариям апайдың Тимирязев көшесіндегі бұрынғы пәтері­не мен ие болдым. Әуелі апайды көшіруге көмектестім. Сонда ол кісінің көзіне әл­сін-әлсін жас келіп, Сапар ағаға деген риза­шылығын, аналық алғыс сезімін қай­та-қайта айтып, тебіренгені әлі есімде. «Марқұм Ұзақтан кейін басшымыз кім болады екен деп жүргенде осы Сапар келеді дегенді естіп, қатты қуанып едім. Ұзақпен дос болған, бір ауылда өскен, еңбекшіл, ерекше мейірімді мінезді деп еститінбіз. Сапар редактор болып келеді дегенді естісімен-ақ, кесіріміз тиіп кетпесін, алдын ала дабырламайық деп, бір-біріміздің аузымызға қақпақ болып, тілеуін тіледік. Орталық Комитет сөз шығып кетсе, шешімін  өзгертіп қоя ма дейміз ғой. Ондай да болған. Құдайға шүкір, тілегіміз болды. Енді, міне, Сапар­дың арқасында мәре-сәре болып жатыр­мыз. Қартайғанда жеке бір бөлмем болса деп армандаушы едім. Енді, мына үш бөлменің бір басы бүтін менікі ғой. Ана екі бөлме – балалардыкі. Бұл күнге жет­кізген Аллаға, Сапар балама мың да бір рахмет», деп тебіренген еді Мариям апай. Расында, жұмыр басқа жұпыны болса да емін-еркін кіріп шығатын жекеменшік пәтері болғанның өзі бір бақыт. Сапар ағаның басшы ретіндегі бұл тағылымы – қандай деңгейдегі қай басшыға болсын үлгі-өнеге тұтарлық ұлағат.

Редакцияның ішкі тыныс-тіршілігіне қатысты қандай істі қолға алса да, Са­пар ағаның түп мақсаты – газеттің маз­мұндық сапасын барынша байыту, сөй­тіп оның таралымын көбейте тү­су­ді көздейтін. Апта сайын жарыққа шық­қан газет сандары сарапталатын лез­де­мелер, алдағы нөмірлерді жоспарлау, тағы басқа әртүрлі басқосулар, ашық әңгіме, еркін пікір алысуларға ұла­сып, ұжымның шығармашылық ізде­нісін, ұйым­шылдығын, ортақ іске жауап­кер­шілігін шыңдай түсетін.

Сапар ағаның басқару, пікір алысу орайындағы бір ерекшелігі қандай мәсе­лені болсын ақылдасуды, кеңесуді сол мәселеге қатысты қызметкерлерді, лауа­зымның жоғары-төменіне қара­май, бірге қатыстыра отырып жүргізетін. Айта­­лық ғылым және оқу орындары бө­лімі жұмысының бағыт-бағдарын ай­қын­дау, тың тақырыптарын, оның шығар­машылық шешімдерін табу сияқты ке­лелі ой-пікірге жаңаша ізденіске, жақ­сы бастамаға жол ашатын маңызды әң­гіме-сұхбат өткізуге бас редактор бөл­месіне бөлім жұмысына жауапты орын­басар Сарбас Ақтаев, бөлім бас­тығы Тоқтарбек Қызықбаевпен бірге сол бө­лім­нің әдеби қызметкері мен де шақы­рылып тұратынмын.

Осындай отырыстарда Сапар аға өзі бас болып ой тарқатып, пікір-ұсыныс­тарын ортаға салып, екшеп, таразылап, тың тақырып, жоспарлардың тууына түрткі болатын. Шағын басқосулардан бастау алған жоспар, жобалар ұжымдық жиындарда көпшілік талқысына ұсыны­лып, ортақ ұйғарыммен бірте-бірте шы­ғар­машылық ізденіс арналарын тауып жататын.

Жетпісінші жылдардың орта шенінде «Социалистік Қазақстан» газетінің апта­лық арнаулы беттері жарық көре бастады. Сапар аға ұйытқы болып журналис­тер қызыға қолға алған бұл жаңалық газет оқырмандарының, зиялы қауымның, әріптес қазақ, орыс тілді басылымдардың назарын аударып, кең қолдау тапты.

Қыз-келіншектерге, аналарға арнал­ған «Қаламқас» апталық бетін жүргізу, ұйымдастыру жауапкершілігі маған тапсырылды. Бұл мен үшін университеттің соңғы курсында жазылатын дипломдық жұмыспен пара-пар нағыз сынақ әрі журналистік мүмкіндігімнің шыңдалу мектебі болды. Мұндай үлкен сенім көрсеткені үшін Сапар ағаға, ұлағатты ұстазыма деген алғыс сезімім шексіз.

Қазіргі «Egemen Qazaqstan»-ның әйел қауымға арналған «Әйел әлемі» ар­нау­лы бетін оқыған сайын сонау жетпі­сін­­ші жылдардағы «Қаламқастың» із­­­­­де­­­­рін көргендей боламын. Әлі есім­де, «Қаламқас» арнаулы бетінің бірі ха­лықаралық әйелдер мерекесі 8 нау­рызға орай шығарылды. Оның маз­мұн­­дық сапасы, көркемделуі апталық лез­­демеде аталып өтіп, маған сыйлық бе­рілетін болды. Сол бетте «Ер-азаматтар лебізі» айдарымен Әбділда Тәжібаев, Олжас Сүлейменов сияқты әр салада еңбек етіп жүрген елге танымал замандас аға-інілердің ағынан жарылған пікір-тілегі сәтті шықты. Ә.Тәжібаев: «Көктегі күн – жалпыға ортақ. Ал әр отбасының, үй іші­нің кішкентай күні – әйел», деп жазды.

Өзінің жарын басқадан ерекше шынайы сыйлау, құрмет тұтып, қадіріне жету – ер-азаматтың асыл қасиеті. Сапар аға алдына жан салмайтын еңбекшіл, ұшқыр ойлы, мықты журналист әрі ұйымдастырушы болуымен бірге өзінің отбасында осындай асыл қасиеттің, биік адамгершіліктің иесі еді. Аяулы ағаның көзі тірісінде жиырма жылдан астам уақыт отбасымен, үй-ішімен жа­қын туыстай араласа жүріп, мен Күләш апай екеуінің бірін-бірі еркелете аялап тұратын мінездеріне тәнті болатын­мын. Сапар аға өзінің жары Күләш апайдың атын тура «Күләш» деп атағанын естімеппін.

1977 жылдың қазан айында мен «Қа­­зақстан әйелдері» журналы редак­ция­сының жауапты хатшысы қызметіне та­ғайындалдым. Бұрын сырттай танып, кейде бас изесіп жылы амандасып жү­ретін Күләш апаймен, Сапар ағаның үйіндегі жеңгеміз әрі әріптесіміз Күләш Бей­сенбиевамен енді бір редакцияда қызмет ететін болдым. Күләш апай «Қа­зақстан әйелдері» журналында бөлім ре­дакторы болатын. Бұл редакцияда бір­ге жұмыс істеген алғашқы күннен бас­тап-ақ Күләш апай мені өзіне жақын тар­тып, жылы қабақ танытты. Келе-келе ақын-журналист Ырза Қунақова (осы редакцияда бөлім редакторы еді) үшеуміз жас ерекшелігімізге қарамастан қатар құрбыдай, сыйлас апа-сіңлідей қызметте де, отбасында да араласып, сырласып, сыйласып кеттік.

1983 жылы мен «Қазақстан мектебі» журналы редакциясында, одан сәл бұ­ры­нырақ Күләш апай «Мәдениет және тұрмыс» журналы редакциясында қыз­мет ете бастады. 1991 жылы тағ­дыр бізді «Қазақстан мектебі» журна­лында қайтадан тоғыстырды. Білім ми­нистрлігінің шақыруымен Күләш апай сол жылы шыға бастаған «Отбасы және балабақша» қосымша журналына редактор болып келді. 1994 жылы бұл журнал бөлініп, жеке шаңырақ тікті. Күләш апаймен бірге қызмет еткен, жақын сыйласқан жылдар ішінде бұрын аса құрметтейтін басшымыз Сапар ағамен туыстай, ағалы-қарындастай болғаныма қуанамын. Адам­ға тек жақсылық тілейтін, жылы жү­зінен мейірім шуағы төгіліп тұратын Сапар аға менің өмірдегі табысыма қуа­нып, жылы сөзін, ақ тілегін айтуға асығатын еді. Қиналып жүргенімді сезсе, жымия қарап, «біздің Сайраштың қолынан бәрі келеді», деп мақтап, демеп жүруші еді. Енді сондай аға бүгін өмірде жоқ. Ағаның көзіндей Күләш апайды, ұлдары Ұлан, Нұрлан, Ерланды, қызы Назымды көрсем, кездестірсем жүздеріне кейде қадала ұзақтау қарап қаламын. Дүниеден өткен асыл ағаның, ұстазымның мейірім төгіліп тұратын жанарын, жымия қарайтын сабырлы, терең ойлы жүзін іздейтін сияқтымын.

 

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері