Білім • 19 Қараша, 2020

Мектепке дейінгі білім берудің сапасы маңызды

1085 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Індетке байланысты мектептер мен ЖОО-лар қашықтан оқу дәстүріне көшсе, балабақшаларда кезекші топтар жұмыс істеп жатыр. Осы ретте бас шаһардағы балабақшалар жайы қалай болып жатқанына тоқталып өтсек.

Мектепке дейінгі білім берудің сапасы маңызды

Ата-аналар жұмысқа шыққан соң бала­бақша жұмыс істеуі керек. Сондықтан бала­бақшалар дезинфекциялық санитар­лық талап­тарды сақтай отырып, жұмы­сын жалғастыруда. Бұл жұмыстың қа­лай жү­ріп жатқанын Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие және оқы­ту бөлімінің басшысы Айгүл Ере­жеповадан сұрап білдік.

Оның айтуынша, елордада 408 мектепке дейінгі ұйым жұ­мыс істейді. Оның ішінде мем­лекеттік мектепке дейінгі ұйым­дар – 94, шағын орталықтар – 41, жеке­меншік мектепке дейінгі ұйымдар – 270. Карантин кезінде Нұр-Сұлтан қаласының мектепке дейінгі ұйымдары Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес жұмыс алгоритмін қатаң ұстанады.

– Қазіргі уақытта балабақшалар 15 баладан аспайтын кезекші топ режімінде жұмыс істеп жатыр. Балабақшаға 3 күн­нен артық келмеген балалар учаскелік пе­диатр­дан денсаулығы жөнін­дегі анық­тамасын алып қана ке­­леді. Таңертең балаларды қабыл­дайтын кезде медбике дене тем­пература­сын өлшейді, ата-ана­лар тек кіреберіске дейін бала­­ны әке­леді және міндетті түр­де маска тағып келуі тиіс. Бар­лық ұйым дезинфекциялық құрал­дар­мен қамтамасыз етілген. Дезинфек­циялық-санитарлық талаптар орындалуда», дейді бөлім басшысы.

– Нұсқаулық бойынша тәрбиеле­ну­шілердің саны бір топта 15 баладан аспауы тиіс. Ал қалған бала қалай білім алады?

– Жаңа 2020-2021 оқу жылында тәрбие-білім беру үдерісін ұйым­дастырудың ерекшеліктері Білім және ғылым министр­лігінің нұсқаулық-әдіс­те­мелік хатында түсіндірілген. Нұсқау­лыққа сәй­кес мектеп жасына дейінгі балалар үшін қашықтан оқыту форматы қолданылмайды. Мек­теп жа­сына дейінгі балалары бар ата-ана­лардың үлгілік бағ­дарламаны өз бетінше игеруіне келетін бол­сақ, бұл үшін қазақстандық bilimkids.kz контенті бар. Мұнда үлгілік бағдар­ламаға сәйкес ұйым­дас­тырылған оқытудың, сабақ­тар­дың элек­тронды нұсқалары орна­лас­тырылған. Бұ­ған қоса Нұр-Сұл­тан қаласының Білім беруді жаң­ғырту орталығында платформа құ­­рылды және Elordamektep.kz элек­тронды мектеп порталы жұмыс істейді. Осында «Мектепке дейінгі тәрбие» бөлімінде балалардың ата-аналары мен мектепке дейінгі ұйымдардың педагог­теріне арнал­ған бейнесабақтар мен материал­дар бар, – дейді А.Ережепова.

Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйым­­дардың педагогтері 5 білім бе­ру саласы бойынша мемлекеттік тілде және орыс тілінде бейнематериалдар дайындады. Бұл материал ата-аналармен және балалармен бірлесіп қарау үшін дайындалған. Қазіргі уақытта Білім басқармасы осы материал­ды орналастыру үшін платформа құру жұмысын ұйым­дастыруда.

Нұр-Сұлтандағы №3 «Күншуақ» балабақ­ша­­сы­ның әдіскері Е.Попо­ва­ны да сөзге тарттық.

– Санитарлық талаптарды ал­горитм-нұсқаулық бойынша мүм­кіндігінше сақ­­тай отырып жұмыс істеп жатырмыз. Әр са­ғат сайын 15 минут бөлмелер жел­детіп, балаларды мүмкіндігінше серуенге шы­ғарып, дене қозғалысы ойында­рына басымдық берілуде. Баланың денсау­лы­ғы – басты назарда. Кезекші топтарда­ бала­лардың саны 15 баладан аспайды.­ Қал­ған балалар үшін тәрбиешілер мен пе­дагог­­теріміз мемлекеттік және орыс тілінде бейнесабақтар дайын­дады. Тәр­биешілердің балабақ­шаға келмеген ба­лалардың ата-аналарымен кері байланыс ор­натуы маңызды. Түрлі қызықты тапсырмалар беріп, үйде отырған бала­лардың да белсенділік танытуына ықпал етуі керек, – дейді әдіскер.

Індет кезіндегі жекеменшік балабақ­шаның жұмысы қалай жүріп жатқанын білу үшін «Алпамыс» жеке­меншік мек­­теп-балабақшасының директоры, «Әділет» мектепке дейінгі ұйым­дар қауым­­дастығының өкі­лі Ди­нара Құдайқұ­ловамен сөй­лескен едік. Динараның ай­туынша, пандемия кезінде жекемен­шік балабақшаны ұстап тұру оңай емес. Бала­лардың келуі 30%-ға азай­ды. Әр топта 10-15 баладан ба­ла қатысуда. Көп ата-ана ін­деттен қауіптеніп, балаларын ата-әжелерімен қалдыруды жөн кө­реді. Жеке балабақшалардың дені ғимаратты жалға алып отыр. Бизнестен түсетін кі­ріс­­тер азаю­да, шығындар өсіп жатыр – антисептик­тер, дезинфекциялық ері­тінділер мен кілемшелер, маскалар, қол­ғап­тар, термометрлер сатып алуға көп қаражат кетеді. Балалардың 20 пайызының ғана келуі бұл шығындарды өтемейді.

Жекеменшік балабақша­лардың бар­лығы мемлекеттен тапсырыс алады. Қазіргі жағдайда жеке­меншік бала­бақ­шалар мем­лекеттің қолдауының ар­қасында ғана өз бизнестерін ұстап тұр. Биыл­ғы 1 қазаннан бастап са­лық­тар­ды да кейінге шегерді. Мем­лекеттік тапсырыста жалақы, ком­муналдық қызметтер, жалдау, салық төлемдері, ағымдағы жөн­­деуге, әдістемелік материал са­тып алуға арналған шығыстар көз­делген. Алайда қазіргі мем­лекеттік тапсырыс көлемі жеке балабақшалардың барлық шы­ғынын өтемейді. Білім және ғылым министрлігі ұсынғандай, Қаржы орталығы қолдау білдіріп, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап, жекеменшік балабақшалардағы әр бала үшін мемлекеттік тапсырыс­ты 29 мың теңгеден 38 мың теңгеге кө­тереді деп үміттенеміз. Мемлекеттік тап­сырыс көлемінің көбеюі жоғарыдағы шығын­дарды жабуға мүмкіндік береді. Қауым­дастық өкілі ретінде басты мәсе­ле деп осыны айтар едім, – дейді Д.Құдай­құлова.

 

Әтіргүл ТӘШІМ,

журналист