Аймақтар • 19 Қараша, 2020

Үнемдеу – үлкен жетістік

258 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы үшжылдық бюджетке енгізілген имидждік шараларды өткізуден бас тартты. «Нәтижесінде, біз 2020 жылы – 395,4 млн теңге, 2021 жылы – 352,9 млн теңге, 2022 жылы – 356,4 млн теңгені үнемдедік. Үнемделген 1 млрд теңгеден астам қаржы өңірдің өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге жұмсалады» дейді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Үнемдеу – үлкен жетістік

Дотациялық өңір болып саналатын Батыс Қазақстан облысы үшін мемлекеттік инвестиция­ның тиімділігін арттыру – негізгі басымдықтың бірі. Өңір басшысы Ғали Есқалиевтің осы қызметке таға­йын­­далғалы қолға алған іргелі жұмыстарының бірі осы.

– Біз бюджет қаржысын үнем­деп, тиімді пайдалануымыз керек. Сол үшін биылдан бас­тап мем­лекеттік сатып алу және қыз­мет көрсету саласын үш­жылдық қаржыландыруға көш­тік, – деген еді өңір басшысы.

Әкімнің айтуынша, мұның біршама тиімді тұстары бар. Мәселен, Орал қаласында бейне­бақылау жүйесін орнату үшін 2,3 млрд теңге жұмсау жоспарланған екен. Үнемдеу нәтижесінде бұл жоба облыс бюджетіне 700 млн теңгеге түсті. Мұның ішіне жүйе­ге үш жыл қызмет көрсету де кіреді.

Бұл жерде қаражат қана емес, уақыт та үнемделеді. Мердігер­лердің жауапкершілігі артып, ұзақ­­мерзімді және тұрақты келі­сімшарттарға ие болады. Ең бас­тысы, сыбайлас жемқорлық қаупі азаяды.

Биылдың өзінде «Жастар» стадионы, Сервис және жаңа техноло­гия­лар колледжі, протездік-орто­педиялық шеберхананың апатты жағдайда тұрған ғимараты, «Ел ырысы» коммуналдық базары және қаңғыбас иттер мен мысық­тарды аулау қызметі жекеге берілген.

Сараптамаға қарағанда, Мем­ле­кет басшысының пандемия ке­зінде ұсынған бизнесті қолдау шараларының нәтижесінде Батыс Қазақстан облысының 12 мыңнан астам кәсіпкері 6 млрд теңгеге жуық қаражат үнемдепті.

«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсетілді. Нәтижесінде, жыл басынан бері 270 жұмыс орны құрылып, 2875 жұмыс орны сақталған.

«Қарапайым заттар экономи­касы» бағдарламасы бо­йынша 19 млрд теңгеге 217 жоба қаржы­лан­­ды­рылды.

– Президентіміз өз Жол­да­уын­да: «Мемлекет шаруашы­лықты тәуір жүргізе алмайды де­ген қағида аксиомаға айнал­ды» деген болатын. Сол себепті біз облыс бюджеті шығын­да­рын оңтайландыру және кәсіпкер­лерге қолдау жасау мақсатында ком­муналдық нысандарды сенім­герлік басқаруға беру жұмыс­та­рын жүргізу үстіндеміз, – дейді өңір басшысы.

Мысал үшін айта кетсек, ком­муналдық «Ел ырысы» база­рын алған инвестор 500 млрд теңге қаражат бөліп, базар­дың инфрақұрылымын реттеп жа­тыр. Сондай-ақ қосымша тағы 15 жұмыс орны ашылды. Осы­лайша жеке сектор – кәсіп­кер­лер өздеріне берілген мүлікті тиім­ді пайдаланумен қатар, одан тиі­сінше пайда тауып, салық төлеп, жұмыс орындарын сақтап отырғанын көрсетеді.

Ел ішінде түрлі пікір айтыл­ғанымен, Батыс Қазақстан облысында мемлекет қаражатын үнемдеу шараларының бірқатары спорт саласын оңтайландыру тү­рінде көрініс тапты.

– Біз өңірдің спорт саласы қыз­метіне толық талдау жасадық. Сөйтіп биыл дене шынықтыру мен спорт саласы бойынша 57,5 штаттық бірлік қысқартылды. Қысқартылғандардың 30 пайы­зы – әкімшілік қызметкер бол­са, қалғаны – техникалық қыз­мет көрсетуші персонал. Нәти­жесін­де, биылдың өзінде 28 млн тең­геден астам қаржы үнемде­леді. Осы үнемделген қаражат жат­тық­тырушылардың немесе өзге де қызметкерлердің ең­бекақы­сын өсіруге, спорт ұйым­да­рының материалдық базасын нығайтуға жоспарланып отыр, – дейді Батыс Қазақстан об­лыстық дене шынықтыру және спорт басқар­масының басшысы Қаймен Есендияров.

Президент өз Жолдауында: «Қаржы жетіспеушілігі жағ­дайында кәсіби спорт клубтарын толықтай бюджет қара­жаты есебінен ұстаудың маңызды­лығы жоқ» деген болатын. Ба­тыс Қазақстан облысында «Ақ­жайық» футбол клубы, «Ақжайық» доп­ты хоккей клубы және волейбол командасы секіл­ді 3 кәсіби спорт клубы бар. Қазір аталған кәсіби клубтардың бюджетін қысқартып, үнемдел­ген қаражатты балалар мен жас­өспірімдер спортын ілгерілету, бұқаралық спортты дамыту, соның ішінде аудан спортының қажетіне жұмсау қарастырылып жатыр.