Қауіпті індетпен күрес қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар өңірдегі медициналық мекемелер эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында нақты шаралар қабылдап жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, індеттің таралуының «жасыл» деңгейінде науқастарды қабылдауға 750 төсектік орын әзірленіпті. Оның ішінде реанимациялық 75 орын бар.
«Бұл орындар жақында ғана жөндеу жұмыстарынан өткен бұрынғы Тараз қалалық перинаталдық орталығы және Т.Рысқұлов ауданындағы туберкулез диспансерінен сайланды. Ал «сары» деңгей орын алғанда төсектік орын қоры 1 360-қа дейін ұлғайтылады деп жоспарлануда. Мұндағы реанимациялық орындар саны – 136. «Қызыл» деңгей орын алғанда науқастарды емдеу үшін инфекциялық стационарлардағы төсектік орын қоры жалпы 2 530-ға дейін артады. Оның ішінде реанимациялық орындар саны 253-ті құрайды. Бұған қоса резерв ретінде 2 000 орын дайындалуда», дейді Ә.Қалиев.
Сондай-ақ Жамбыл облысының Қырғыз Республикасымен шектесетіні белгілі. Енді аталған аумақтарда эпидемиялық ахуалды ушықтырмау үшін еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы» қаулысына сай шекарадан өткен дене температурасы жоғары адамдарды коронавирусқа қарсы зертханалық қарауды жүргізу және оларды оқшаулау мақсатында 165 төсектік орынға арналған карантиндік стационар ашылды. Бұл да өз кезегінде қауіпті індетпен күресте жемісін беретіні сөзсіз.
Қазіргі кезде өңірдегі эпидемиялық жағдай – денсаулық сақтау мекемелерінің жіті бақылауында. Жергілікті тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету, індеттің таралуын болдырмау мақсатында алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымдарының жанынан 214 ұтқыр әмбебап бригадалары ұйымдастырылған. Сондай-ақ дәріханаларда коронавирусты емдеу хаттамасына сай дәрі-дәрмек қорын жасақтау, халықты тұмауға қарсы вакциналау жұмыстары да жоспарға сай жүргізілуде.
Дегенмен облыс бойынша санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Нейла Муликова өңірдегі жағдайға алаңдаушылық білдірді. Өткен аптаның өзінде облыста қауіпті індетті жұқтырудың 38 жағдайы тіркелген. Науқастардың басым бөлігі Тараз қаласы мен Шу ауданында анықталған. Сондай-ақ 339 тұрғын үй карантинге алынған.
«Біз қазір «жасыл» аймақта тұрмыз. Алайда Тараз қаласында соңғы аптада коронавирусты жұқтырудың 20 жағдайы, Шу ауданында 8, ал басқа аудандарда да бір-екі жағдайдан тіркелген. Әрине, біздің мамандар кәсіби түрде жұмыс істейді. Байланыста болған тұлғаларды оқшаулап, ошақтарды анықтап және дезинфекциялап отырады», дейді ол.
Бұл ретте Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев пен Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров құрылған мобильді топтардың жүйелі жұмыс істеп, тұрғындардың арасында түсіндіру жұмыстарының жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қазіргі кезде өңірде коронавирус індетімен күреске барлық ресурсты жұмылдыру маңызды болып отыр. Сонымен қатар жұмысқа әскери дәрігерлерді де тарту жоспарда бар.
Жамбыл облысы