Медицина • 19 Қараша, 2020

Қатерлі ісікті жасанды интеллект арқылы анықтауға болады

427 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырау қаласында қатерлі ісікті жасанды интеллект арқылы анықтауға болады, деп хабарлайды Egemen.kz

Қатерлі ісікті жасанды интеллект арқылы анықтауға болады

"Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының" директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Диляра Қайдарованың айтуынша, соңғы төрт жылда онкологиялық аурудың тіркелу динамикасында бәсеңдеу бар. Бұл туралы ол облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың қатысуымен өткен үйлестіру кеңесінің отырысында мәлім етті.

"Соңғы жылдары өңірдегі онкология диспансері 26 маманмен толықты. Бұрын науқастар ем алу үшін Алматыға барып қаралатын еді. Қазіргі онкологиялық ауруға шалдыққандарға жоғары сапалы көмек жергілікті медициналық мекемеде көрсетіліп отыр. Атыраудың медицина мекемелері соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Мұнда күрделі ота жасауға да мүмкіндік бар", дейді Диляра Қайдарова.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиевтің мәліметінше, Атырауда сүт безі, өкпе обыры, асқазанның қатерлі ісігі аурулары жиі кездеседі.

"Сол себептен медициналық мекемелер ерте мерзімде диагностикадан өткізіп, зерттеуге мүмкіндік беретін, күрделі ота жасауға қажет құрылғылармен жабдықталды. Бірақ, облыстағы онкологиялық диспансердің ғимаратының ескіргені рас. Осыған байланысты аймақ басшысына ұсыныс дайындалуда", деді басқарма басшысы Асхан Байдуалиев.

Жақында өңірдегі медициналық мекемелер ортақ жүйеге қосылды. Бұл жүйе қала-аудандардағы томография, рентген зерттеуінің қорытындыларын ортақ базада жинақтап, зерделеуге мүмкіндік береді. Ал, қатерлі ісіктің белгілерін жасанды интеллект көмегімен анықтауға мүмкіндік жасалып отыр.

"Жасанды интеллект қатерлі ісіктерді мейілінше ерте мерзімде анықтауға мүмкіндік береді. Біз обырға шалдыққан науқастың өмір сүру ұзақтығын кемінде 5-6 жылға соза алсақ, мұның өзі үлкен жетістік", деді Асхан Байдуалиев.

Академик Диляра Қайдарованың айтуынша, онкологиялық ауруларды анықтаудың ең тиімді жолы – медициналық скрининг. Қатерлі ісік ерте анықталған жағдайда мамандар науқасқа 70-80 пайызға дейін көмек көрсете алады. Оның мәліметінше, Қазақстанда қатерлі сырқатқа қарсы скринингтік тексерулер 25 жастан басталады.

Әйелдер арасында жатыр мойыны обырына қарсы тексеру 30-35 жастан, сүт безі обырына қарсы тексеру 50-60, ерлер арасында қуық безі обырына қарсы медициналық скрининг 50-54, 58-62 жас аралығында өткізіледі. Асқазан, өңеш обырына қарсы тексеру ер, әйел адамдар үшін 50 жастан басталады. Ал, бауыр обырына қарсы тексеруден пациент кез келген жаста өте алады. Қазір Атырау облысында онкологиялық есепте 4500 науқас тұр. Соңғы бір жылда қатерлі ісік 1150 адамнан анықталған.