81 кило салмақтағы Айсамал Сансызбаева асқан шеберлік танытып, алтыннан алқа тағынды. Қазақ қызы қоссайыстың қорытындысы бойынша 244 килолық (107+137) зілтемірді еңсерді. Ешбір елдің өкілдері Айсамалға жарытып қарсылық көрсете алмады. Өзгелерді айтпағанда екінші орынды иеленген Тайпей спортшысы біздің спортшыдан 14 кило кем көтерді. 102 кило салмақ дәрежесінде Жанәлі Тұяқов көзге түсті. Халықаралық додаға алғаш рет қатысып отырғанына қарамастан ол қола медальді мойнына ілді. Қандасымыздың көрсеткіші – 319 (140+179) кило.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жарыс күндері Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы үш жүлде алған еді. Атап айтсақ, Абылай Әуелханов пен Рахат Бекболат алтын тұғырға көтерілсе, Гүлнұр Ыбырай қола медальді иеленді.