Қоғам • 19 Қараша, 2020

Таразда 442 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған

437 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Тараз қалалық полиция басқармасының бастығы Асылхан Зауырбеков елімізде карантин талаптары енгізілгелі тараздық полицейлер төтенше жағдай режімін бұзу бойынша 442 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz

Таразда 442 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған

Шаһардың бас полицейінің айтуынша, карантиндік шараларды сақтау мақсатында 12 арнайы мобильді топ құрылған. Олар қаладағы шектеу шараларын бұзу бойынша 83 әкімшілік хаттама толтырып, оның 41-іне 9 миллион теңгеден астам айыппұл салған.

Жиын барысында Асылхан Зауырбеков Тараз қаласындағы қылмыстық ахуалдың жайына да тоқталды. Ол өз сөзінде қалада тіркелген қылмыстардың ашылуы 58 пайызға дейін артқанын жеткізді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 51,1 пайыз болған. Ал, ағымдағы жылдың 10 айында облыс орталығында қылмыстық құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтардың тіркелуі 35,2 пайызға, яғни 1564 дерекке азайған.

Өткен жылы бұл көрсеткіш 4437 дерек болса, биыл 2873-ке төмендеген. Тараздың бас полицейі есептік кезеңде жасөспірімдер қылмысы 26,0 пайызға төмендегенін, былтыр 77 дерек тіркелсе, биыл 57 дерек тіркелгенін айтты. Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы күш қолдану әрекеті былтырғы жылға қарағанда небәрі 4,8 пайыз төмендеген. Сондай-ақ, суицид бойынша былтыр 7 дерек болса, биыл мүлде жоқ екен.

Сонымен қатар, ол Тараз қаласында биыл жол-көлік оқиғаларынан 22 адам қайтыс болғанын, дегенмен өткен жылмен салыстырғанда жол апаты 432-ден 311-ге дейін төмендегенін, жараланғандардың саны 592-дан 439-ға дейін азайғанын мәлімдеді.