Руханият • 20 Қараша, 2020

Абыздан шыққан Гудини

332 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Америкалық әйгілі иллюзионист, актер Гарри Гудиниді білмейтін адам кемде-кем. Сиқыршылықтың сырын жетік білетін оның өнеріне бүкіл әлем әлі күнге дейін таңдай қағады. Тарихқа терең үңілсек, 1903 жылы жазда Мәскеуде Эрмитаж жазғы бағының ашық сахнасында Гудини тұтқындардың арбасына әдейі қамалып, одан көпшілік алдында адам сенбес әрекеттермен ешкім аша алмайтын құлыпқа кілт тауып, босап шығыпты.

Абыздан шыққан Гудини

Ол ол ма, 1908 жылы Ресейге гастрольмен тағы бір келген сапарында Бутырка түрмесінен «өлім жазасына кесіліп тұрса да» аман-сау қашып шыққанын көрсетіпті. Шіркін-ай дейміз ғой, сол қабырғасы қан сасыған то­зақ түрмеде біздің қаншама марғасқа тұлғаларымыз жазық­сыз оққа ұшқан жоқ па? Тым құрығанда бір Алаш ардақтысы Гудини құсап құтылып кетсе, ел игілігіне есепсіз қызмет етпес пе еді?

Жә, айтпағымыз ақтаңдақ тарих та емес, Гудинидің си­қыр­шылығы да емес, әңгіме Ар­қа­дағы Боқты тауларын бауыр­лай қонған Абыз деген ауылдан шыққан Асқар Абылайұлы атты қолы шебер, өмірі қызық адам жайлы болғалы отыр. Жал­пы, қазақтың қай қиырына барсаңыз да қолы ісмер, жасаған бұйымдары жалпақ жұрттың кәдесіне молынан жарап өткен жандар аз кездеспейді. Дегенмен бұл кейіпкеріміздің қол­өнер туындылары сонау Ке­ңес өкіметі тұсында Мирзоян мыр­заңыздың өзін таң-тамаша еткені бізді бейжай қалдырмады.

Алдымен Асқар Абылайұлы ту­ралы айтарда сол өлкеде өр­ті тұтанып, халықтың наразы­лы­ғынан туған атақты Боқты кө­терілісін айналып өтуге болмай­тын сияқты. Өмірі осынау тарихи кезеңге тұспа-тұс келген біздің кейіпкерді көзі көрген ақса­қалдар сол көтеріліске қару-жарақ дайындаған ұста деп көп айтып кетіпті. Облыстық «Orta­lyq Qazaqstan» газетіне шыққан «Боқтыдағы бұрқасын» деген ма­қалада журналист, өңір­дің азаматы Құрманғазы Өте­бай сол Асқар Абылайұлы ту­ралы бір тарау арнап, жеке тоқ­талыпты. «Атаманның қа­руы» деген тақы­рыпша ішінде: «Менің ауылымда, яғни Боқты­ның ішінде банды Асқар атан­ған қария өмір сүр­ді. Өзі – ұста, дүкен ұстаған шебер кісі. Бөкейдің Көксал деген баласынан тарай­ды. Кездесе қалса, адасып жүр­ген ақты да, қызылды да оңдыр­маған екен. Күндіз ұры жоталарда келімсектерді торуылдап, түнде қару соққан. Бұл кісі – бір кітапқа арқау болар азамат», деп жазады.

Міне, осы жазбадан-ақ оның қолы шебер, ұста, әр нәр­сеге ике­мі бар еті тірі адам еке­ні кө­рінеді. Сондай-ақ ұрпақ­та­ры­ның мына бір естелігін оқы­сақ, оның жай ғана ұста емес, езгідегі елі үшін қолынан келген көмегін аямаған, сол үшін оққа ұша жаздаған адам екенін де байқау қиын емес.

«Дутовтың әскері ауылды ойрандап, бейбіт жұртқа зор­лық-зомбылық көрсетеді. Сол­даттар атамызды ұрып-соғып, жақпарлы сайдың желкесінде атпақшы болады. Ол сол мезетте ойланбастан, қалың бүргенді сайға қарғып кеткен екен. Жо­ғарыдағылардың оғы дарымай, еш жері майып болмай, етектен шыққанда үстінде лыпа қал­мапты. Киімі бұталардың біз­дей тікенінде қалыпты. Содан түн ортасында мұржаны бітеп, ақтың біраз әскерін қырып салады. Олжалаған оқ-дәріні майлап, киізге орап, терімен қаусырып Боқтының сай-саласына жасырады. Мұндай оқиғалардың саны болыпты сол кезде», дейді атасының естелігімен бөліскен Хасен Асқаров.

Шынымен де ол адамның кө­терілісті басып-жаныштау үшін арнайы жасақталған отрядтарға қарсы қимыл жасағанын еш­кім жоққа шығармайды. Сол әре­кет­тері үшін кейін Магаданға жер аударылыпты. Оны айтпас бұрын абыздық Асқардың Мир­зоянмен кездескендегі қы­зық әңгімеге тоқталғанымыз дұрыс. Бұл әңгімені тарихшы Арман Ахметовке Асқарға аталас туыс Болат Тәңірбергенов баяндап беріпті. Тарихы қызық кездесу А.Ахметовтің «Барақ сұлтан» атты шежіре кітабында толық айтылады. Ал енді Асқар Абылайұлы Барақ сұлтан туралы кітапта қай­дан жүр дегенге келсек, оның ар­ғы аталары Әли сұлтан – Барақ сұл­тан­ның шөбересі, Бөкей ханның немересі, Көксалдың үлкен баласы. Былайша айтқанда, оның қу­далануының негізгі себебі, төре тұқы­мынан шыққан арғы тегі тіке­лей себеп сияқты.

Арман Қиятұлы аталған ең­бекте: «Қарқаралы ауданының Абыз ауылында бірнеше үй төре бар. Олардың көпшілігі өз­де­рін «Әли төренің кіші ұлы До­санның ұрпағымыз» дейді. Досанның артында Абылай, Абылхан есімді екі ұл қалған. Абылайдың жалғыз ұлы Асқар төре елге сыйлы, беделді кісі болыпты. Бірде Өкінбай деген жердегі атақты Тәтім Құса­йы­нов старшындыққа кандида­турасын ұсынып, шабармандарын жан-жаққа шаптырып, дауыс жина­тыпты. Сонда бар­лық ауыл дауысын Тәтімге бе­ру­ге келісіп отыр­са, жалғыз Ас­­қардың ауылы үнде­мей қа­лып­­ты. «Е, ол өзі келсін деп отыр­­­­ғаны ғой, жиналыңдар, жол­­ға шығамыз» деп Тәтім адам­­да­рын ертіп, Асқар отырған Әбіл­­ғаппар деген жерге бет алады. Әдейі алыс­тан көзге түсу үшін «Шашырап жүріңдер!» деп бұйырады. Өкімбай мен Әбілғаппар ауылдарының арасы жиырма шақырымдық жер екен. Асқар дүрбісімен қарап, бәйбішесіне: «Анау ит өзі келе жатыр, самауырыныңды көтере бер!» дейді. Асқардың үлкен үш самауырыны болыпты. Біреуі ет пісіруге, ал екеуі шайға арналған. Төре әкесі сияқты қолынан іс келетін шеберлігімен де танымал екен. Аулаға жақындап қал­­ған салт аттыларға назар аудар­­май, әдейі зергерлігімен айна­­лысып отыра беріпті. Бір-бірі­нің мінезін жақсы білетін кө­рінеді екеуі. Тәтім оның әдейі отыр­ғандығын біліп отырса да: «Асса­лаумағалейкүм!» деп амандасады. «Уағалейкүмассалам!» деп жауап қайырған төре жұ­мысын істей береді. Сонда Тә­тім: «Әй, түсейін бе? Жоқ кете бе­ре­йін бе?» десе, «Қоймадың ғой, түс ен­ді!» деп асын салып қонақтарын жақ­сы күтіп, ат­тан­дырып салады. Қонақтар елге кетіп бара жа­тып: «Біз осы ет жеуге бардық па? Дауыс ту­ралы әңгіме де қозғаған жоқ­­­сыз?» деп сұраған адамдары­на Тәтім: «Сендерге сеніп жүрген мен ақымақ екенмін. Әй, оның «Аттан түс» дегені күллі Кент өңірінің тасы біздікі деген сөз» деп жа­уап береді. Осы Тәтім мен Асқар өмірінің соңына де­йін жақсы араласып тұрған» деп Асқардың бет-бейнесі мен болмыс-бітімі туралы көп мәлі­мет келтіреді.

Ал енді Мирзоянмен кезде­суіне келсек, Левон мырзамыз Қазақстанның түпкір-түп­кірінен қолы шебер өнерлі он адамды таңдап, жұмыстарын тамашалауға бәйге жариялапты. Зергерлігімен аты шыққан Асқар сол ондықтың ішінде бо­лып, Мирзоянға сегіз жасы­рын коды бар құлып істеп апарыпты. Құрылысы күрделі құлыппен әрі алысып, бері алысып, ақы­ры аша алмаған армян дала қа­зағынан жеңілгенін мо­йындап, өзіне ашуын өтініпті. Өзі жасаған құлыпты жып ет­кі­зіп аша қойған Асқар құлып­тың ішінен елу рубль алып шы­ғыпты. Мирзоян «Бұл не ақша?» деп сұраса, «Ашқан адам ақшаны алады, аша алмаған адам ақша салады» деп күліп жауап беріпті. Мирзоян да жы­миып: «Екі рет аша алмадым, жүз рубль салайын» деп мырзалық танытыпты. Екінші әкелген заты бәкі, үшіншісі же­ті таспадан тұратын сақина, төр­тіншісі он екі таспалы сырға екен. Олар да ерекше бұйымдар ретінде өте бағалы саналған. «Мәскеуге жәрмеңкеге барасыз, жиналыңыз» десе, барудан бас тартып, елге қомақты ақ­шамен қайтыпты. Бұл 1934 жылы Халық арасындағы шы­ғармашыл қайраткерлердің Ал­матыда өткен 1-ші слеті екен. Бірақ кейіпкеріміз кейін 1937 жылы репрессия тізіміне ілі­гіп, 25 жылға сотталып кетеді. Жа­ғылған күйе мен жабылған жала жоғарыдағыдай. Алайда бір жарым жылдан кейін, Мәскеуден НКВД адамдары іздеп оны қайтадан та­уып алады. Сөйтсе, баяғы Мәскеуге жіберілген зат­тардың бірі жерге түсіп ша­шы­лып, оны ешкім жинай ал­ма­ған соң, әдейі шебердің өзін іздеп келген беттері екен. «Әл­гі затты жинап бергені үшін бір­неше айдан кейін босатылып­ты. Асқардың Мәскеудегі жәр­мең­кеге бұйымдар жібергені ту­ралы ұлттық энциклопедияда жа­зылған», дейді тарихшы А.Ахметов.

Сондай-ақ Асқар төре­нің бәй­бішесі Сәлима Керейбай­қы­зы да төре әулетінен тарайды екен. Бөкей ханның кіші ұлы Әбілғазының немересі. Еке­уі­нен үш ұл: Мүфтал, Мал­келді, Амангелді дүниеге келген. Бүгінде Мүфталдан тараған ұрпақтар сол Абыз аймағында, еліміздің басқа да қалаларында өмір сүріп жатыр. Мүфталдың ұл­дары: Құсайын, Хасен, Бақыт­бек, Ғазиз.

Айтпағымыз, Гудини сияқты атақты болмаса да, құрылысы күр­делі құлып жасап, оны оп-оңай аша алатын адамдар қазақ даласында да болғаны. Мәселе, ел басына төнген зауал-зобалаң­дар осындай талантты, шебер адамдардың небірін итжеккенге айдатып, түрменің түбінде шіріт­ті. Мирзоян әлгі құлыпқа таңғалмаса, бұл адам да сол Магаданның маң даласында сүйегі қурап қалар ма еді. Өнері өлтірмеді, ұрпақ жал­ғауына жалғыз бұйымы солай себеп болыпты.