Қоғам • 20 Қараша, 2020

Жастар ұйымдары қалай қаржыландырылады?

799 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Үкіметтік емес ұйымдар бұқара мен билік арасындағы көпір іспеттес. Бүгінде көптеген өзекті мәселені көпшілік назарына ұсынып, талқыға салып жүрген де үкіметтік емес ұйымдар. Алайда азаматтық қоғамның бұл институты әзірге тек аралық көпір функциясын атқарып келеді. Әсіресе жастар ұйымдарының флешмоб пен акциялардан қолы босамайды. Жалпы, жастар ұйымдары қалай қаржыландырылады?

Жастар ұйымдары қалай қаржыландырылады?

 

Ақпарат және қоғамдық даму минис­тр­лігінің мәліметіне сүйенсек, елі­мізде 547 жастар ұйымы тіркелген. Ал үкі­меттік емес ұйымдардың жалпы саны – 22 344. Олардың 8,66 пайызы – жастар ұйымдары. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына елдегі төтенше жағдай да ке­дергі емес тәрізді. Өйткені жыл басын­да ұйымдар саны 16,4 мыңнан сәл асқан. Көріп отырғанымыздай, бірнеше ай ішін­де әжептәуір өсім бар. Алайда саны бар ұйымдардың сапалы болуына не кедергі?

Кез келген ұйымның кең қанат жа­йып, жұмысының өрлей түсуіне ортақ идеядан бөлек қаражат қажет екені сөзсіз. Біз­дегі үкіметтік емес ұйымдардың қа­­лай қаржыланатынын анықтау мақ­сатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне хабарласқанымызда, ел­дегі ұйымдардың грант конкурсына қатысып, мемлекеттен қолдау алатынын айтты. Министрлік – тапсырыс беруші болса, грант конкурсын ұйымдастыру, іріктеу мен үлестіру «Аза­маттық бастамаларды қолдау ор­талығы» коммерциялық емес акцио­нерлік қоғамның міндетінде. Жастар және отбасы комитетінің бас сарапшысы Гүлдана Аргенова министрлік тех­никалық тапсырма мен шараның тақы­рыбын, концептін жасаушы рөлінде екенін айтады. «Біз өткізілетін шараның тақырыбы мен концептін жасаймыз. Яғни қандай мәселе қамтылып, қандай тақырыптың қозғалуы керегін тапсыра­мыз. Ал конкурсты өткізіп, грант иегер­лерінің ережеге сәйкес қалай таңда­ла­­тынын Азаматтық бастамаларды қол­дау орталығы қадағалайды. Жалпы, қа­зіргі таңда осындай тақырыптар ма­ңызды деп айту қиын. Өйткені ми­нис­тр­ліктегі әр комитет өз саласына қарай тап­сырма береді. Конкурс та, шара да өткізілгеннен кейін аталған ұйым ми­нистрлікке есеп береді. Биыл Жас­тар және отбасы комитеті 21 грант жобасына тапсырыс берді. Көбіне жастар ара­сындағы зорлық-зомбылық­тың алдын алуға, инновациялық бастамаларды қолдауға, волонтерлік бастамаларға ба­сымдық бердік. Ұлы Абайдың 175 жыл­­дығына орай да конкурс өтті», дейді са­рапшы.

Ақпарат және қоғамдық даму минис­­тр­­лігінің ақпаратына сүйенсек, биыл үкі­меттік емес ұйымдарға бағыт­талған грант­тың жалпы сомасы 1,9 млрд теңгені құ­райды. Бұл қаражат 118 жобаға жос­пар­ланған. Жастар ұйымдарына ба­ғыт­талған гранттарға 632 млн теңге қарас­тырылған. Ал үкіметтік емес ұйым­дарды қолдауға бөлінген грант көлемі – 305,4 млн теңге.

«Биыл Волонтер жылына орай «Bir­gemiz» бастамасы шеңберінде мектеп оқу­шыларын қолдау, оларға ағылшын тілі мен компьютер курстарын өткізуге қа­тысты жобаларға қолдау білдірілді. Ал былтыр Жастар жылы аясында жас­тар ұйымдарына бөлінген қаражат кө­лемі биылғыға қарағанда айтарлықтай көп болды. 2019 жылы үкіметтік емес ұйым­дардың 128 жобасына 3,5 млрд тең­ге көлемінде грант берілсе, 2018 жылы 1 млрд теңге көлемінде қаржы бө­л­ін­ді», дейді Азаматтық қоғам істері коми­тетінің Азаматтық бастамаларды қолдау басқармасының басшысы Мақпал Салық.

Түсінгеніміздей, жастар ұйымда­ры­ның да, жалпы үкіметтік емес ұйымдар­дың да негізгі қаражат көзі – республика­лық бюджет. Краудфандинг негізінде қор жинайтын, меценаттардан қолдау алатын ұйымдар да жоқ емес, алайда олар көбіне қайырымдылық пен белгілі бір идея не­гізінде құрылған топтар. Мемлекет қар­жысына күн көріп жүрген жастар ұйымдарының көбінің санасында әуелден қалыптасып қойған флешмоб пен акциялармен шектелуден басқа амалы жоқтай. Бәріміз білетін Greenpeace те бір кездері Канада үкіметінің қолына қарап отырған-ды. Ал технология мен инновация заманында жұмыс істеп жүрген жастар­дың мемлекеттік грантпен шектелу себебі неде? Әрине, ақпараттың аздығынан.

Осы орайда Атырау облысы Ішкі сая­сат басқармасына қарасты Азаматтық орта­лығының мамандарымен тілдескен едік. Бұл әкімдікті арнайы таңдап алуы­мыздың себебі – мамандар аймақтағы үкі­меттік емес ұйымдардың, әсіресе жас­тар ұйымдарының атқаратын қызметі мен тақырыптарына сай гранттарды саралап, оларды жергілікті үкіметтік емес ұйымдарға ұсынып отырады екен. Яғни тек мемлекеттік қолдау емес, ше­тел­дік, халықаралық ұйымдардың конкурс­тарына да қатысып, бақ сынауға мүм­кіндік туады. Біз бұған дейін де бірнеше атыраулық ISeed стартап конкурсына қатысып, бүгінде жастарға қатысты же­місті әлеуметтік жобаларды жүзеге асыр­ғаны туралы жазған едік.

2017 жылы қазығы қағылған Аза­мат­тық орталығы аймақтағы әлеу­мет­тік маңызды мәселелерді шешуге бел­сенді араласып, азаматтық қоғам инсти­тут­та­рының тұрақтылығын арттыруға және ұйым­дастырушылықты жақсартуға жәр­­­­демдесу мақсатында жұмыс істейді. «Әлеу­­меттік бағдарламаларды үйлесті­ру» бөлі­мінің басшысы Әйгерім Саулен­нің айтуынша, орталық үкіметтік емес ұйымдарға ақпараттық-консультациялық көмек көрсету, жаңа ҮЕҰ құруға жағдай жасау, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар, сыйлықақылар беру бойынша конкурстық ресімдерге қатысу үшін құжаттар дайындауда әдістемелік көмек көрсетіп келеді. «Жалпы жыл өткен сайын ҮЕҰ-ның жаңа жобаларына, тың идеяларына үкімет тарапынан, түрлі қор­лардан қолдау артуда. Бізде өңірдегі ұйымдардың арнайы базасы жасақталған. Олардың грант өтініштерін дұрыс тол­тыруын қадағалап, қажет кезінде тү­зетулер енгізіп, құжаттар дайындауына көмектесеміз. Бөлім күн сайын арнайы қорлардың сайттарына мониторинг жүр­гізу арқылы жаңадан жарияланған гранттар туралы ақпаратты уақтылы біліп отырады. Әр дүйсенбіде базада тіркелген құрылымдарға жаңалықтар мен хабарламалар жіберіледі. Қазіргі кезде гранттар көбіне «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы», «Сорос-Қазақстан» қоры, Қазақстандағы Фридрих Эберт атындағы қор, Қазақстандағы АҚШ елшілігі, USAID, Тұңғыш Президент қоры, Орталық Азияның Еуразия қоры сынды ұйымдар тарапынан бөлінеді. Атыраулық 2 жоба «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» грантын жеңіп алды. Одан бөлек Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі аясында шетелдік компаниялардың қаржылық қолдауына 4 ұйым ие болды. Жалпы айтар болсақ, биыл өңірге 55 370 580 теңге қаржы тартылды», дейді маман.

Азаматтарды гранттар мен конкурс­тардан хабардар ету, ұйымдардың бәсе­келестігін арттыру мақсатында биыл үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға бағытталған әлеуметтік жобалар жәр­меңкесі ұйымдастырылған. Оған «Теңіз­шевройл», Flour, NCOC, «Болашақ Аты­рау», Fircroft Kazakhstan, Sarens Kazakhstan, ESS Support Service, «Болат жол» сынды компаниялар қатысты. Биыл­ғы шарада үкіметтік емес ұйымдар мүм­кіндігі шектеулі жандар мен ерекше балаларға арналған 14 әлеуметтік жоба ұсынды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 4 жоба қолдау тапты. Осы сынды басқа да гранттарды іздеп, туған өлкесіне пайдалы болуға тырысып жүрген азаматтарға, ұйымдарға жол ашуға жағдай жасап отырған орталық бүгінге дейін талай өрен­нің өрге жүзуіне себепкер бол­ған. Оның дәлелі ретінде биыл елдегі төтен­ше жағдай мен әлемдік пандемияға қара­мастан 25 жобаға қаржылай көмек алуға көмектескен.

Азаматтық орталығы тарапынан бел­сенді жастардың басын қосу, үкіметтік емес ұйымдарды бір-біріне таныстыру мақсатында дәстүрлі түрде «Өзіміз болып шай ішейік» кеші ұйымдастырылады екен. Ал ҮЕҰ өкілдеріне өз жобаларының ерекшелігіне назар аударып, ұйым тір­керде белгілі бір бағытты таңдап, өз ісін сол бағытта дамытуға, жобаларды іске асыруда инновациялық шешімдерді кеңінен қолдануға, қоғамдық мәселелерді шешуде өзекті тақырыптарды қамтуға, жобаның ғылыми, статистикалық сипатына мән беруге кеңес береді.

Жастар ұйымдарының жұмысын арттыру, қоғамдағы орнын нығайтуға мем­лекеттің мүдделі екенін атқарылып жат­қан шаралардан біле аламыз. «Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы» – бұл саладағы тал­пыныстардың көрінісі. Жоғарыда көр­се­тіл­ген статистикадан да бұл бағытта жұм­­салатын қаражаттың аз емесін тү­сін­­дік. Дегенмен бұл қаражаттың қай­да жұм­салғанын көрсететін есептерде көбіне «Жыл студенті», «Ең үздік университет жобасы» сынды үздіктерді анық­тау шараларын ғана байқаймыз. Бәлкім, науқаншылықтан нақты іске жұмылсақ жөн болар ма еді...