Туризм • 20 Қараша, 2020

Өндірістік өңірде туризм де дамыған

672 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Риддер – өндірістік қала ғана емес, Батыс Алтайдың бөк­теріндегі туризмді дамытуға қолайлы өңірлердің бірі. Облыс орталығына таяу жатқандықтан қысы-жазы туристер көп ағылады мұнда. Саяхатшылар жаздай тау-тасын араласа, қыста шаңғы тебу үшін өңірді бетке алады.

Өндірістік өңірде туризм де дамыған

Ертеректе өндірісіне ғана мән беріліп келген өңірде 1992 жылдан бастап Батыс Алтай табиғи қорығы құрылып, тұмса табиғат мемлекеттің қорғауына алынды. Ағаш отауға, аң атуға үзілді-кесілді тыйым салынды. Со­дан бері мемлекет қанатының астындағы аумақта аң-құс кө­бейіп, табиғаты құлпыра түскен. Кейінгі жылдары қысқы, жазғы туризмді дамыту да мықтап қол­ға алынды. 

Үлкен додаларда топ жарып жүрген шаңғышылар осы­нау Батыс Алтайдың асқарла­рында жаттығады. Мұндағы тау шаңғысы кешендерінің бет­кейлері әртүрлі биіктікте болған­дықтан, кәсіби шаңғышылардан бастап аяғына шаңғыны жаңа байлаған демалушыларға дейін уақытты тиімді өткізе алады.

2019 жылы тау-шаңғы ба­за­­ла­рының екі алып жола­ғы­ «FIS» сертификаттарына­ қол жеткізген. Демалу ке­шен­­дері таудың бөктерінде ор­на­ласқанымен, жаяу және авто­көлікпен шығатын жолдары сайрап жатыр. Халықтың келіп, тынығып кетуі үшін тиісті жағдайдың барлығы жасалған.

Сонымен қатар Батыс Ал­тайдың киелі жерлерін жаяу, ат­пен аралап шығуға болады. Ол үшін туристік маршрут­тар белгіленген. Риддер қала­сының кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Әсел Жұма­баеваның айтуынша, өңірдегі туризмнің негізгі түрлері: мә­де­ни, танымдық, ауылдық-этно­графиялық, спорттық және экстремалды.

Әр саяхатшы таңдауына қа­рай, Батыс Алтайдың шың­да­рын, орман-тоғайын, өзен-көл­дерін аралап, көріп шығула­рына болады. Қажет болса, көп­теген туристік фирмалардың қыз­мет­теріне жүгіне алады. Олардың ұсынатын бағдарламалары, ту­ристік бағыттары да сан алуан.

Саяхатшылардың кө­бін қы­зықтыратын киелі нысан­дар­дың бірі – таудың биігіндегі Радон көлі. Көлдегі радон зерт­тел­мегенімен, мұнда халық көп қатынайды. Сонымен қа­тар Британ аралындағыдай, қаз-қатар тізілген алып тас­тар Риддер өңі­рінде де бар. Туристерді қы­зық­тыратын бір нысан да сол, «Ертегі тастары». Ал таулы өлке­нің биік шың­да­рына өрмелеу үшін алыс-жақын шетелдерден альпинистер де келіп бақтарын сынайды.  

Туристификация картасына сәйкес, Риддер қаласы үздік 50 нысанның қатарында екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ Алтай ку­рорттық және тау шаңғысы кластері аймақтарына енген. Ал өңірдегі этнографиялық туризм­ді дамыту мақсатындағы үш ба­сым аумақ – Үлбі кенті, По­пе­­речное және Коноваловка ауылдары белгіленген. Аталған ауылдарды аралаған саяхатшылар орыстың ұлттық тағамдарынан дәм татып, қолөнер шеберлерінің бұйымдарын сатып ала алады. Бәрінен де қызығы, орыстың сәл ерте замандағы мәдениетіне куә боласыз.

Қазіргі таңда жол бойын­дағы сервис пен марал шаруашы­лығын дамыту бойынша жұ­мыс­тар жүргізіліп жатыр. Ма­рал өсі­ру үшін жер учаскесі белгі­ленді. Болашақта Риддерде де Катон­­қарағайдағыдай пантымен ем­­деу орталықтары ашылуы мүм­кін.

 

Шығыс Қазақстан облысы