Аймақтар • 20 Қараша, 2020

Спорт нысандары көбейді

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында 359,3 мың адам дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл тұрғындардың 31,7 пайызы. Биыл аталған салада 120 жоба іске асырылып, нәтижесінде спортпен шұғылданушылар саны 10 460-қа жетеді деп күтілуде.

Спорт нысандары көбейді

Бұл туралы кеше Жамбыл облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының бас­шысы Нұрбол Жүнісбеков Өңірлік коммуникация­лар қызметінің ақ­парат алаңында өт­кен брифинг барысында баяндап берді.

– Облыс бойынша 2594 спорт нысаны тұрақты түрде халыққа қызмет көрсетсе, оның ішінде, 23 дене шынықтыру-сауықтыру ке­шені, 17 стадион, 1 спорт сарайы, 436 футбол алаңы, 652 спорт зал, 1429 спорт алаңшасы және 36 басқа да нысандар бар, – деді спикер өз сөзінде.

Сонымен қатар облыстың бас спортшысы Нұрбол Әбдіма­жи­тұлы халықты спорттық ин­фрақұрылыммен қамтамасыз ету арқылы дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғыл­данушылар санын арттыру мақ­сатында арнайы индикатор енгі­зілгенін, бағдарлама аясын­да 2020 жылы 120 жо­ба, оның ішінде 13 дене шы­нық­тыру сауықтыру кешен­дерінің құрылысы, 2 нысанда күрделі жөндеу, 1 нысанда қай­та жаңғырту, 12 нысанда ағымдағы жөндеу және 92 спорт алаңшасын орнату жұмыстары іске асырылып, нәтижесінде шұғылданушылар саны 10 460 адамға артатынына да тоқталды.

 

Тараздың балмұздағы

Облыс орталығында «Им­перия» ЖК балмұздақ шыға­ратын цехының құрылысы аяқталуға таяу. Бұл жобаны жүзеге асы­руға жергілікті атқарушы ор­ган­дардың қолдауы көп болды.Жуырда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев осы цех­қа арнайы барып, техноло­гиялық желімен танысты. Цех басшысы Патохберди Тали­пов цех іске қосуға дайын тұр­ға­нын, инфрақұрылымды жүр­гізу мәселелерін шешу қажет екенін айтты. Өңір бас­шы­сы оған жан-жақты қолдау көрсетілетініне сен­дірді. Ол кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына тиісті тапсырма жүктеді.

– «Бизнестің жол карта­сы-2025» бағдарламасы шең­берінде облы­сымызға ауқым­ды қаржы бөлінуде. Мәселе жоба­лардың аздығында болып отыр. Бизнес-идеяларды қолдау үшін барлық мүмкіндіктер бар. Тек мәселелерді дер кезінде көтере білу керек, – деді облыс әкімі.

Жоба құны 800 миллион теңгені құрайды. Қуаты тәулігіне 8000 тонна тәтті өнім шығаруға шақталған. Мұнда балмұздақтың 30 түрін шығару жоспарлануда. Серіктестіктің басқарушы директоры Ра­хат­ Әшімовтің айтуынша, кә­сіпорын­да жүзден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

– Жазда үздіксіз өнім өн­діруге мүмкіндік бар, – дейді ол.

Өнім шығаруға қажетті сүт ши­кізатын жақын маңдағы шаруалардан алуға ниетті. Айта кетейік, қазір «Империя» ЖК шұжықтар мен кондитерлік өнімдерді сақтаумен және тасымалдаумен айналысады.

 

Жамбыл облысы