Аймақтар • 20 Қараша, 2020

Үшінші мегаполис қысқа дайын ба?

550 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Синоптиктердің болжамына сүйенсек, таяу күндері оңтүстік өңір­де күн күрт суытуы мүмкін. Еліміздің ең жылы аймағы десек те, қыс­тың аты қыс, жан-жақты дайындықты қажет етеді. Сол себепті қысқы маусымда туындауы ықтимал төтенше оқи­ға­лар­дың алдын алу үшін тиісті мекемелердің дайындығы пысық­талды.

Үшінші мегаполис қысқа дайын ба?

Қала әкімі Мұрат Әйтенов шаҺардағы тиісті мекемелердің қыс мезгіліне дайындығымен танысты. Апаттық құтқару және коммуналдық-техникалық қам­тамасыз ету қызметтерінің қаз-қатар сап түзеген арнайы техникалары қаланы қардан тазалап, көк тайғақ кезеңде қажетті инертті материалдар себуге са­қадай сай.

– Алдымызда қыс. Техника­ның­ ба­сым бөлігі жаңарғанын өзім көріп шықтым. Жағдайдың бәрі бақылауда болуға тиіс, – деді.

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, биыл үшінші мегаполистің көшелерін қардан тазалауға, құм себу жұмыстарына 182 техника, 670 жеке құрам сақадай сай. Көктайғаққа қарсы 17 мың текше құм мен 5 мың тонна тұз  сынды инертті материалдар қоры жасалған.

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жәнібек Кәрімбаев:

– Қыс мезгілінде 32 бағытта ұзындығы 1 мыңнан астам шақы­рымды алып жатқан 299 көшеде жұмыстар жүргізіледі, – дейді.

Қалаға жылу беретін мекемелер де жылудан кінәрат болмай­ды, халық тоңбайды деп сен­­дірді. Айтуларына қарағанда, ор­­талықтандырылған жылу жү­йе­сіне қосылған көп қабатты үйлер, бюджеттік және коммер­циялық нысандарда тексеру жүргізілді, оларға жылу берілді.

«Қазигдромет» синоптик­те­рінің болжауынша, 17-19 қа­раша күндері еліміздің бірқатар аймағында күн суытып, кейбір өңірлерде 18-26 градус аяз болады. Шымкенте де алдағы күндері күннің күрт суытуы болжануда. Осы аптаның соңына қарай қар жаууы мүмкін.

 

ШЫМКЕНТ