Дегенмен суармалы жерлерді игеру мәселесіне жан-жақты ойласып кіріскен дұрыс. Себебі бүгінде бұл іс-шара тұрақты жоғары өнімділігімен қоса, айтарлықтай шығынды да қажет етеді. Сондықтан шаруашылықтардың өз бетінше суармалы жерлерді игеріп кетуі қиын, бастапқыда ауқымды субсидиялық көмекті қажет етеді. Демек, егістік алқаптарды суландыруға байланысты шығын көлемін, шаруашылық құрылымдары өндірісінің нормативті көрсеткіштеріне сай қалыпты табыстылық деңгейін реттеп отыратын арнайы мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде кәсіпорындар құру қажет.
Бұрын тиімділігімен ерекшеленген көлтабан (лиман, табиғи су жиналатын ойпат жерлер) жерлерді қайта қолданысқа енгізудің де тиімділігі мол. Бұл іс-шара бәлендей шығынды қажет етпейді. Шаруашылықтар кезінде оларды шабындық ретінде пайдаланып, мал азығы қорының 30-50%-ға жуығын көлтабандардан дайындаған.
– Мемлекет басшысы «Кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы – бұл саладағы қордаланған мәселелер» деген болатын. Жалпы, осы салаға ғылымның енгізілу барысында қандай проблемалар кездесіп отыр?
– Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мүмкіндіктерінің толықтай пайдаланылмай отырғанын айта келе, ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар екенін айтты. Өкінішке қарай, бүгінде еліміздің аграрлық ғылымы кенжелеп тұр. Экономиканың қай саласы болсын, оның тиімділігі бірінші кезекте ұйымдастыру-басқару жүйесінің оңтайлылығына байланысты. Қазақстанның ауыл шаруашылығы ғылымының тарихи деректеріне көз жіберсеңіз, тұнғыш ауыл шаруашылығы ғылымына басшылық жасайтын құрылым 1941 жылы Ленин атындағы Ауыл шаруашылығы академиясының Қазақстандағы филиалы ретінде құрылғанын, бірнеше мәрте дербес академия болғанын, одақтық Ауыл шаруашылығы академиясының Шығыс бөлімшесі болғанын, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ғылым-білім министрліктерінің құрамында болғанын көресіз. Бүгінгі құрлымдық жүйесі Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамындағы ғылыми-зерттеу институттарын, үш аграрлық университетті топтастырған «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» АҚ түрінде болып отыр. Мен осы жоғарыда аталған ғылыми басқару құрылымдарының көбінің өңірлік бөлімшелеріне басшылық жасадым, соңғысының ресми құжаттар жобасын дайындауға да қатыстым.
Министрлік құрамында қайта құрылған «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» АҚ-ның мақсаты – ауыл шаруашылығы ғылымы, оқу орындары, өндірісі салаларының үйлесімді байланысын қалыптастыру болды. Бірақ бұл бағытта ойлағандай нәтиже жоқ. Менің ойымша, аталған тың құрылым өндірісті айтпағанда, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасында тиімді қарым-қатынасты үйлестіре алмай отыр. Ұлттық аграрлық ғылым-білім орталығы ғылыми – өнімдерді өндіруші құрылым, яғни орындаушы. Оның тапсырыс беруші әрі қаржыландырушыға, яғни Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағыныштылығы, нарықтық қатынаста ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасына, екі жақты жауапкершілікке де кері әсер ететіні әлемдік тәжірибеден де белгілі жағдай ғой. Сондықтан жоғарыда айтылған жайттарды сараптай келе, дербес немесе Ұлттық ғылым академиясының құрамындағы құрылым болса немесе тікелей Үкіметке қарайтын ауыл шаруашылығының ғылыми басқару жүйесі құрылса тиімді болады деп санаймын.
Сонымен қатар еліміздің ғылым саласын ғылыми-өндірістік тәжірибесі мол нағыз ғалымдар басқарса деген тілек те бар. Мысалы, даңқы әлемге әйгілі Қ.Сәтбаев, атақты геолог Ш.Есенов, Лениндік сыйлықтың лауреаты М.Айтхожиндер Қазақ КСР Ғылым академиясын, Ауыл шаруашылығы ғылыми мекемелерін басқарған уақыт Қазақстан ғылымының шарықтау кезеңі болған-ды.
– Ғылыми зерттеулер мен олардың тәжірибедегі қолданысы қаншалықты дамыды?
– Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновпен кездескенде Қазақстан ғылымының дамуы, отандық ғылыми өнімдердің өндірісте пайдаланылуы, ғылыми-зерттеулердің экономикалық мақсаттылығы туралы айта келе, жалпы ғылым саласы елдің экономикасына жұмыс істеу керек деп тұжырымдаған болатын. Бүгінде, өкінішке қарай, бұл бағытта, әсіресе ауыл шаруашылығы ғылымы идеяларына, өнімдеріне өндірістен сұраныс айтарлықтай төмендеп барады. Бұл жағдайды реттеу ғылымды қаржыландыру мәселесінен де маңызды деп айтуға болады. Оның негізгі себептері: аграрлық құрылымдардың басым бөлігінің шаруашылық жүргізу жүйелерінің тиімсіздігі; ғылыми өнімдердің өндірістің сұранысынан алшақтығы.
Кез келген жаңалықты өндіріске енгізу қосымша қаражатты қажет етеді, ал бүгінгі үлес салмағы басым шағын шаруашылықтар оны «ауырсынады». Осы орайда Сингапур елінің тәжірибесін айтқым келеді. Бұл ел қолданбалы ғылыммен айналысатын құрылымдардың өнімін өндірісте игеруге байланысты шығындарды мемлекет тарапынан қаржыландырады екен. Сондықтан да бірінші кезекте сұранысқа ие өнім шығаратын орта қалыптастырсақ, ғылымды тиімді дамыту жүйесі өздігінен пайда болады.
Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы құрылымдары көбіне ғылыми жетістіктерді игергеннен гөрі, тиімділігі дүдамал басқа мүмкіндіктерге иек артады. Ауыл шаруашылығы өндірісін әділ бәсекелестікке ынталандыратын салықтық және басқа да экономикалық тетіктерді қарастыру керек.
– Ғылым саласын қаржыландыру көлемінің аздығы туралы көп айтылады. Бұған қатысты пікіріңіз қандай?
– Дамыған елдердермен салыстырсақ, бізде ғылым саласын қаржыландыру көрсеткіші өте төмен екені рас. Мысалы, АҚШ-та бұл көрсеткіш ІЖӨ-нің 4 пайызын құраса, бізде 0,3 пайыз деңгейінде қалып отыр. Сондай-ақ нарықтық экономикада, ғылымды қаржыландырудың деңгейін «ғылым құны» деген көрсеткіш арқылы анықтау кеңінен қолданылады, ол дегеніміз – ғылыми құрылым бюджетінің бір қызметкеріне тиесілі үлесі. Мысалы, Германияда орташа ғылыми-зерттеу институтында бұл көрсеткіш жылына 35,4 млн теңге болса, бізде 3-4 млн теңгеден аспайды. Бұл тек жалақы ғана емес, бұған ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқаруға қажетті шығындар да кіреді.
Дегенмен дамыған елдердегі өндіріс, еңбек өнімділігі бізбен салыстырғанда еселеп жоғары екенін де ескеруіміз керек. Сондықтан бүгінгі ғылым саласындағы басты проблема бөлінген қаржыны тиімді пайдалануда дер едім.
– Сіз Қазақ агротехникалық университетінде біраз жыл ұстаздық қызмет атқардыңыз, ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау туралы не айтар едіңіз?
– Университет қабырғасында жүріп білгенімді студенттерге жеткізумен қатар, өзім де біраз жайттарды ұғынғандай болдым. Мысалы, шетелдік екі деңгейлі білім беру жүйесінің де бізге тиімді де тиімсіз жақтарына көзім жеткендей болды. Айталық, ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындарында оқу-тәжірибе базаларын тиісті деңгейде жасақтау – кезек күттірмейтін мәселе. Себебі бүгінде жасыратыны жоқ, студенттердің оқу барысында тәжірибе жинақтауына сай келетін шаруашылық құрлымдары жоқтың қасы.
Сондай-ақ шетелдік университеттерде жиі қолданылатын маңызды тәжірибе бар. Ол – қандай да бір маңызды тақырыптар бойынша сырттан тәжірибелі ғалым-мамандарды шақырып, дәріс оқыту жүйесі. Осыны біздің университеттерге де енгізсе, оның берер пайдасы аз болмас еді.
– Бүгінде ауыл шаруашылығы ғылымы алдында қандай маңызды ғылыми-зерттеу жұмыстары тұр?
– Бірінші кезекте нарықтық экономика талабына сай «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңды жетілдіру қажет. «Жергілікті өзін өзі басқару», «Жеке қосалқы шаруашылықтары туралы» сынды заңдардың жобасын дайындауға атсалысу да ауыл шаруашылығы ғылымының еншісіндегі ауқымды жұмыстардың бірі деп ойлаймын.
Сондай-ақ тиімді шаруашылық жүргізу үлгілерін, ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялаудың оңтайлы, өтімді тетіктерін, еліміз ауылдық аймақтары бойынша мал, егін шаруашылықтары түрлерін тиімділіктерімен байланыстыра аудандастыру жобасын жасау да аграрлық ғылымның бүгінгі таңдағы өзекті мәселелері.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Арнұр АСҚАР,
«Egemen Qazaqstan»