Экономика • 20 Қараша, 2020

«Әділжан» – әлеуетті шаруашылық

480 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге мықты қолдау бар. Мысалы, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» жобасы еліміздегі ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарының еңсе тіктеуіне елеулі үлес қосып келеді.

«Әділжан» – әлеуетті шаруашылық

 

Дәл осындай нақты қамқор­лықты сезінген шаруашылықтың бірі – Нұра ауданындағы Егінді ауылында құрылған «Әділжан» шаруа қожалығы. Бүгінде Зура Зейнурқызы басқаратын бұл шаруашылықтың қорасы малға толы. Төрт түліктің бәрі бар демесеңіз де, жылқы, сиыр және қой жағы жеткілікті, өсіп-өніп жат­қан жағдайда. Зура Зей­нур­қызы­ның өзі осыдан он сегіз жыл бұрын шаруа қожалығын құр­ғанда көп қиын­шылықты көр­генін айтады. Сондай кезде біреуі тұқым, біреуі техника беріп, көмек қолын созған жерлестеріне дән риза.

«Біз сияқты ауыл шаруашы­лығы кәсіпкерлігімен айналысатын адамдарға деген қолдауы мен қамқорлығы үшін мемлекеті­міз­ге, Елбасы мен Президентіміз­ге ризашылығымды білдіргім келеді. Әсіресе ауыл шаруа­шы­лы­­ғын қаржылай қолдау қоры­ның Қарағанды филиалына, оның бас­шысына айтар алғысым шексіз», дейді кәсіпкер әйел.

Зура Зейнурқызы аталған қордан осымен алтыншы рет несие алыпты. Соңғы рет несиені 16 пайыздық үстемемен алған екен, оның 10 пайызын мемлекет төлейтін көрінеді. «Мұның өзі біз сияқты кәсіпкерлерге көрсетілген үлкен қолдау. Жалғыз біз ғана емес, айналамыздағы бірнеше шаруа қожалық та жеңілдікпен несие алып, жағдайларын түзеп жатыр», дейді Зура Зейнурқызы.

Шаруашылық мал өнімдерін өткізуді де жолға дұрыс қоя біл­ген. «Сүт-қаймақ, құрт-май, ірім­шік пен етті Нұр-Сұлтан, Қара­ған­ды қалаларындағы сау­да нүк­телеріне өткіземіз. Бұл шаруаны үлкен ұлым Қайрат өзі реттейді», дейді кәсіпкер әйел.

Мал шаруашылығынан бөлек, шаруа қожалығы бір мың гектардай жерге бидай, арпа, сұлы сеуіп, егін орады. Бұл шаруаның бәрімен Зура Зейнурқызының екінші ұлы Жанайдар айналысады. Техника жағынан кемдік көрген жерлері жоқ. Бүгінгі күнде «ҚазАгроҚаржы» компания­сы арқылы трактор, комбайн сияқ­ты ауыл шаруашылығы техни­касын түгелдей жаңартып алған.

Іскер азаматша ауылда екі бірдей дүкен ұстайды. Біреуі азық-түлік дүкені болса, екін­шісі шаруашылық тауарлары­на арналған. Бұл дүкен­дер­дегі тауар­лардың да бағасы қол­жетім­ді екен.

Қазіргі уақытта «Әділжан» шаруа қожалығы жергілікті он адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың ай сайынғы еңбекақысы, малының қысқы жемшөбі, отыны да шаруашылықтың мойынында. Жалпы, Зура Зейнурқызы ауылдағы әлеуметтік тұрғыдағы мәселелерді шешуге белсенді түрде атсалысады. Мысалы, қыста жолды қардан аршу, су тасы­ғанда бөгет салу сияқты ор­тақ істерге үлес қосып отырады.

Сонымен қатар ауыл­дағы жалғызілікті жандарға, көп­балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қол­дан келген көмектен аянған емес. Аядай ғана ауылдың тұр­ғын­­дары да «Әділжан» шаруа қожалығының қайырымды істеріне үнемі ризашылық танытып, жомарт жандарға әрқашан тілекші болып жүреді.

Зура Зейнурқызы мен Жанат Қалыбекұлы екеуі бес баланы өсіріп, ақар-шақар болып отырған отбасы. Он шақты немереге мейірімді аямай төккен ата мен әже.

Шаруа қожалы­ғының бола­шаққа деген жоспары, алға қойған мақсаты да зор. «Мал басын көбейтіп, техника санын арттырып, шаруашылықтың аясын кеңітсек деген ойымыз бар. Мұндай ниетімізді жергілікті әкімдік те қолдап отыр. Ең бас­тысы, еліміз аман, заманымыз тыныш болсын. Қазір еңбек етемін деген адамға айнала­йын өкіметіміз барлық жағдайды жасаған ғой», дейді зейнет жасында екеніне қарамастан, белсенді өмір сүруге, адамдарға жақсылық жасауға деген құлшынысы зор Зура Зейнурқызы.

 

Қарағанды облысы,

Нұра ауданы