Дәл осындай нақты қамқорлықты сезінген шаруашылықтың бірі – Нұра ауданындағы Егінді ауылында құрылған «Әділжан» шаруа қожалығы. Бүгінде Зура Зейнурқызы басқаратын бұл шаруашылықтың қорасы малға толы. Төрт түліктің бәрі бар демесеңіз де, жылқы, сиыр және қой жағы жеткілікті, өсіп-өніп жатқан жағдайда. Зура Зейнурқызының өзі осыдан он сегіз жыл бұрын шаруа қожалығын құрғанда көп қиыншылықты көргенін айтады. Сондай кезде біреуі тұқым, біреуі техника беріп, көмек қолын созған жерлестеріне дән риза.
«Біз сияқты ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігімен айналысатын адамдарға деген қолдауы мен қамқорлығы үшін мемлекетімізге, Елбасы мен Президентімізге ризашылығымды білдіргім келеді. Әсіресе ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Қарағанды филиалына, оның басшысына айтар алғысым шексіз», дейді кәсіпкер әйел.
Зура Зейнурқызы аталған қордан осымен алтыншы рет несие алыпты. Соңғы рет несиені 16 пайыздық үстемемен алған екен, оның 10 пайызын мемлекет төлейтін көрінеді. «Мұның өзі біз сияқты кәсіпкерлерге көрсетілген үлкен қолдау. Жалғыз біз ғана емес, айналамыздағы бірнеше шаруа қожалық та жеңілдікпен несие алып, жағдайларын түзеп жатыр», дейді Зура Зейнурқызы.
Шаруашылық мал өнімдерін өткізуді де жолға дұрыс қоя білген. «Сүт-қаймақ, құрт-май, ірімшік пен етті Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларындағы сауда нүктелеріне өткіземіз. Бұл шаруаны үлкен ұлым Қайрат өзі реттейді», дейді кәсіпкер әйел.
Мал шаруашылығынан бөлек, шаруа қожалығы бір мың гектардай жерге бидай, арпа, сұлы сеуіп, егін орады. Бұл шаруаның бәрімен Зура Зейнурқызының екінші ұлы Жанайдар айналысады. Техника жағынан кемдік көрген жерлері жоқ. Бүгінгі күнде «ҚазАгроҚаржы» компаниясы арқылы трактор, комбайн сияқты ауыл шаруашылығы техникасын түгелдей жаңартып алған.
Іскер азаматша ауылда екі бірдей дүкен ұстайды. Біреуі азық-түлік дүкені болса, екіншісі шаруашылық тауарларына арналған. Бұл дүкендердегі тауарлардың да бағасы қолжетімді екен.
Қазіргі уақытта «Әділжан» шаруа қожалығы жергілікті он адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың ай сайынғы еңбекақысы, малының қысқы жемшөбі, отыны да шаруашылықтың мойынында. Жалпы, Зура Зейнурқызы ауылдағы әлеуметтік тұрғыдағы мәселелерді шешуге белсенді түрде атсалысады. Мысалы, қыста жолды қардан аршу, су тасығанда бөгет салу сияқты ортақ істерге үлес қосып отырады.
Сонымен қатар ауылдағы жалғызілікті жандарға, көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолдан келген көмектен аянған емес. Аядай ғана ауылдың тұрғындары да «Әділжан» шаруа қожалығының қайырымды істеріне үнемі ризашылық танытып, жомарт жандарға әрқашан тілекші болып жүреді.
Зура Зейнурқызы мен Жанат Қалыбекұлы екеуі бес баланы өсіріп, ақар-шақар болып отырған отбасы. Он шақты немереге мейірімді аямай төккен ата мен әже.
Шаруа қожалығының болашаққа деген жоспары, алға қойған мақсаты да зор. «Мал басын көбейтіп, техника санын арттырып, шаруашылықтың аясын кеңітсек деген ойымыз бар. Мұндай ниетімізді жергілікті әкімдік те қолдап отыр. Ең бастысы, еліміз аман, заманымыз тыныш болсын. Қазір еңбек етемін деген адамға айналайын өкіметіміз барлық жағдайды жасаған ғой», дейді зейнет жасында екеніне қарамастан, белсенді өмір сүруге, адамдарға жақсылық жасауға деген құлшынысы зор Зура Зейнурқызы.
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы