Экономика • 20 Қараша, 2020

Тауарды таңбалауда теңдік қажет

146 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тауарларды таңбалау кәсі­бін адал жүргізетін іскер аза­маттардың жағ­дайын теңес­тіруге мүм­кіндік береді. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәс­іп­­керлер палатасының бас­қар­ма төрағасы Абылай Мыр­захметов айтты.

Тауарды таңбалауда теңдік қажет

«Тауарлардың көлеңкелі айналымын қысқарту, сондай-ақ айналымды бақылау үшін бизнес процестерді жолға қою арқылы кәсібін адал  жүргізетін кәсіпкерлерге тең жағдай жасауға жол ашады», деді А.Мырзахметов.

Мемлекеттік органдардың қолдауымен ұлттық палата ЕАЭО актілері мен таңбалау мәселелері бойынша ұлттық заңнамаға негізгі нормаларды енгізді. Атап айтқанда, әр мемлекет таңбалауды енгізудің күнін өздері белгілеп, қанатқақты  жобаларды міндетті жүргізуге, таңбалауға жататын тауарлар тізімін, сондай-ақ таңбалауға жататын кодтың құнын палата және бизнес қауымдастықпен келісіп белгілеуге мүмкіндік алды.

Басқарма басшысы таңбалауға жататын тауарларды анықтауда бизнеске артық жүктеме түсірмейтін экономикалық тұрғыда негізделген мақсатты тізімге көңіл бөлу керек­тігін айтады.

Сүт өнімдерін таңбалауда Ұлттық палата экспортталатын өнімдерге басымдық берілу керек деген ұстанымда. Бұл амал ЕАЭО нарығын сақтау үшін қолға алынып отыр деп сендірді басқарма төрағасы. Ішкі нарықта мұндай міндет қажет емес.

«Кәсіпкерлер үшін бұл про­цедураның шығыны көп. Сон­дықтан мемлекеттен қолдау көр­­сетуін сұраймыз. Бұл жағ­дайда таңбалауды енгізудің шығындарын азайту үшін қолдау құралдары мен бизнесті ынталандыру қажет. Бизнесте таңбалау­ды енгізу бойынша алдын ала есеп жүргізі­ліп, фармацевтика­ға 13 млрд теңге, аяқ киім секторына 1,6 млрд теңге және сүт өндірісі саласына 9,7 млрд теңге қажет екені анықталды», деді А.Мырзахметов.

Оның айтуынша, ЕАЭО ел­дерінен таңбаланбай келетін тауарлардан ішкі нарықты қорғау үшін  қазір техникалық реттеу, ветеринарлық сертификаттар, электронды шот-фактуралар секілді тетіктер қарастырылған.