Экономика • 20 Қараша, 2020

Үш өңірде геологиялық барлау жүргізеді

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Тау-кен Самұрық» ұлттық кен компаниясы еліміздің үш облысында геоло­гиялық барлау жұмыстарын бастамақ. Акционерлік қоғам бұл шаруаны «Discovery Ventures Kazakhstan» ЖШС-мен бірлесіп жүргізбек.

Үш өңірде геологиялық барлау жүргізеді

Дәлірек айтсақ, қос компания Жамбыл, Қарағанды және Шығыс Қазақ­стан облыстарының аумағын барлап көрмек. Олар жобаны іске асыруға 6 жылды арнамақ. Бірінші кезең­дегі барлық геологиялық барлауды «Discovery Ventures Kazakhstan» ЖШС қаржыландырады. Келісімшарттық учаскелердің жалпы ауданы шама­мен 1 500 шаршы шақырымға тең. Опе­ра­торлық келісімде алтын, мыс, мырыш және ілеспе металдарды барлау қарастырылған.

– Қазір отандық минералды шикі­зат базасының өндіріс қарқыны айтар­лықтай төмендеуде. Бұл өте маңызды мәселеге айналып отыр. Қазақстанда орта мерзімді келешекте жаңа кен орындарының болмауы кен байыту саласының құлдырауына алып келуі мүмкін. Тәуекелдің жоғарылығына қарамастан, біз геологиялық барлау жоба­ларын бастау туралы шешім қабыл­дадық. Бұл әлемдік үрдіс. Көпте­ген ірі компаниялар қазір дәл осы жол­мен жүріп келеді, – деді «Тау-кен Самұрық» ұлттық тау-кен компа­ниясы» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Құдайберген.

Компания өкілдерінің хабарлауынша, барлаудың алғашқы жылында тарихи деректерді жинау және түсіндірумен, геофизикалық зерттеулермен және геологиялық карталаумен айналыспақ. Бұдан бөлек лицензиялық аумақ бойынша ауқымды аэромагнит­тік түсірілім жүргізу жоспарлануда. Со­дан кейін геофизикалық зерттеулер­дің дерек­тері кейінгі жылдарға қажетті геоло­гиялық барлау жұмыстарының көле­мін анықтау үшін жан-жақты талданатын болады.

Еске сала кетейік, «Discovery Ventures Kazakhstan» ЖШС – юниор­лық компания. Тарқата айтсақ, бұл – дамудың бастапқы сатысындағы жобаларға бағдарланған шағын компания. Осы орайда «Тау-кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ юниорлық компанияларды қолдау бағ­дарламасын жүзеге асыруда. Геоло­гиялық барлауға бағдарланған мұндай компанияларға  акционерлік қоғам «бір терезе» қағидаты бойынша жан-жақты жәрдем ұсынады. Ондағы мақсат – тау-кен секторын дамытуды ынталандыру және минералдық-шикізат базасын молайту міндеттері шеңберінде қаржылық, сараптамалық, маркетингтік және мемлекеттік қолдау.