Қоғам • 20 Қараша, 2020

Күрделі операциялар Таразда да жасалады

410 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күнде аурудың түрі көп. Дегенмен бүгінгідей медицинаның дамып, дәрігерлердің біліктілігі артқан уақытта көптеген дерттің емі табылуда. Адам өмірін сақтап қалу мақсатында мемлекет тарапынан да тиісті мүмкіндіктер жасалуда. Жуырда Алматы қаласында орналасқан орталық клиникалық аурухана нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі, белгілі нейрохирург, елімізде өткен «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Мыңжылқы Бердіқожаев Тараз қалалық көпбейінді ауруханасына келіп, «Ми тамырларының аневризмасы мен артериовенозды мальформациясын емдеу» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді.

Күрделі операциялар Таразда да жасалады

Жиында аталған қауіп­ті дертті емдеудің әдіс-тәсіл­дері тал­қыланды. Бұл шара Тараз қала­сында алғаш рет өткізіліп отыр. Мыңжылқы Бердіқожаев аурухананың рентгенэндоваскулярлы хирургі Қанат Қуандықұлы мен нейрохирург дәрігер Алмас Кұралбаевпен бірігіп, арнайы ангиографиялық кабинетте Тараз қаласының 24 жастағы тұрғынына ота жасады.

Ота жасалған жігіт қалалық көп­бейінді ауруханасына церебро­во­с­кулярлық ауру түрімен ауыр дәрежедегі қайталанған гемор­рагиялық инсульт, оң жақ маң­дай­да­ғы жедел миішілік гематома, артериовеноздық мальформация диагнозымен ауыр халде түсіпті. Бұрын мұндай науқасқа шалдыққандар ота жасату үшін еліміздегі арнайы клиникалық орталықтарға немесе шет мемлекеттерге баруға мәжбүр болатын. Енді мұндай науқас түрін Тараз қаласында да емдеуге мүмкіндік туып отыр. Алғаш рет ұйымдастырылған шеберлік сабағында Жамбыл облысының дәрігерлеріне отаның әдіс-тәсілдері, одан кейінгі күтім, ем-шара жолдары туралы айтылып, тәжірибелік ота көрсетілді.

«Мұндай аурумен ауыратын нау­қастардың 17-40 пайызы ұс­тама болып, есінен танып, құ­лап қалу жағдайына көп ұшы­рай­ды. Аяқ-қолдары жансызданады. Эпилепсиялық ұстамалар сезім­тал­дықтың бұзылуы, жүректің соғуы, бет әлпеті арқылы да көрінуі ықтимал. Сәтті өткен отадан науқас айығып кетуі әбден мүмкін», дейді М.Бердіқожаев.

Тараз қалалық көпбейінді ауру­ханасының бас дәрігері Нұр­лан Әбілдаевтың айтуынша, артерио­веноздық мальформация – мида немесе жұлында ретсіз түрде, айқаса орналасқан тамырлардың шумағы тәрізді туа біткен тамырлы патология. Бұл тамырлардың қабыр­ғасы қалыпты жағдайдағы тамырларға қарағанда өте жұқа болған­дық­тан, олардың жарылып кетуі мүм­кін екен. Сонымен қатар ми мен жұлынның артериовеноздық мальформациясы сирек кездесетін нозологиялық ақау болып табылады. Алайда дер кезінде мұның алдын алмаса, дәрігерлер күрделі неврологиялық бұзылыстар мен өлім жағдайына алып келуі мүмкін екенін ескертеді. Оның ең жиі кез­де­сетін және қауіпті клиникалық көріністері – бас ауруы, ұстамалар, қан кету. Ал уақыт өткізіп алған науқастардың 50 пайызы мүге­дек­тік­ке шалдығуы ықтимал. Деген­мен білікті дәрігерлер жұмы­сының нәтижесінде мұндай науқас түріне Тараз қаласында алғаш рет жасал­ған ота сәтті өтті. Енді алдағы уа­қыт­­та да мұндай аурумен ауырған аза­маттардың Тараз қалалық көп­бейін­ді ауруханасында емделуге мүмкіндігі бар. Ол үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

 

Жамбыл облысы