Жарыстың шымылдығын еркін күрес шеберлері ашады. Олар 10 салмақ дәрежесінің жүлделерін сарапқа салады. 57 кг салмақ дәрежесіндегі балуандардың деңгейлері бірдей. Олардың арасынан ешкімді бөле-жара атай алмаймыз. Есесіне, 61 кг салмақтағы тартыс қызықты өтеді деген ойдамыз. Негізгі бәсекелестік Нұрислам Санаев пен Расул Қалиев арасында өтуге тиіс. Екеуі де 29 жаста. Қандасымызға қарағанда Тывадан келген жігіттің атақ-даңқы әлдеқайда зор екені мәлім. 2018 жылы Будапеште өткен әлем чемпионатында күміс медальды еншілеген ол 2019 жылы Нұр-Сұлтанда қолаға қол созды. Азия чемпионы деген атағы тағы бар. Алайда Расулдың да «өз айтары» бар. Ол да – Азия біріншілігінің жеңімпазы. Инчхонда алауы тұтанған Азия ойындарының күміс жүлдегері. Тегін балуанның ондай дәрежеге жетпейтіні анық. Оның үстіне, осыдан бірер жыл бұрын жауапты жарыстардың бірінде Қалиевтің Санаевты сан соқтырып кеткені есімізде. Егер бас жүлде үшін талас осы қос саңлақ арасында өтіп, қалғандары сырттан бақылап отырады деп ойласаңыздар, қателесесіздер. Бұл салмақта Адлан Асқаров есімді дарынды өрен бар. Жас жолбарыс өзі құралыптас балуандар арасындағы әлемдік деңгейдегі жарыстарды тегістей ұтып, жанкүйерлердің көзайымына айналды. Былтыр 23 жасқа дейінгілер арасындағы әлем біріншілігінде 19 жастағы Адлан күміс медальды мойнына ілді. Осы жайттың барлығы бұл жігіттің шынайы әлеуетін байқатса керек.
65 кг салмақта Дәулет Ниязбековтің шоқтығы биік. 31 жастағы Сыр бойының саңлағы әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы және сол жарыстың төрт дүркін қола жүлдегері деген атақтары бар. Алматыдағы додада Дәулеттің басты қарсыласы – Саятбек Оқасов. 29 жастағы Павлодар облысының тумасы – Азия ойындары мен чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген сақа спортшы.
Жанкүйерлер 70 кг салмақтағы Мейіржан Әшіров пен Амандық Бакеев арасындағы тартысты тағатсыздана күтуде. Бұған дейін бір-бірін алма-кезек ұтып жүрген сайыпқырандар осы жолы кімнің шын мықты екенін анықтайды. Ал 74 кг салмақ дәрежесінде күш сынасатындар шетінен «сен тұр, мен атайындар». Олар – Нұрлан Бекжанов, Нұрқожа Қайпанов және Данияр Қайсанов. Үшеуі де әлем чемпионатының жүлдегері атанған апайтөстер. Нұрлан бұл атаққа 2016 жылы Будапештте қол жеткізді. 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен додада Нұрқожа күміс алса, Данияр қола медальды мойнына ілді. Бірақ ол кезде Қайпанов 70 кг салмақта күрескен еді. Одан бөлек, есімдері аталған өрендердің барлығы да құрлықтық деңгейдегі жарыстарда жасындай жарқылдады.
79 кг салмақтың фавориті Ғалымжан Өсербаев екені сөзсіз. Олимпия ойындары мен Әлем чемпионатында бесінші орынға табан тіреп, бірқатар халықаралық додада жүлдегерлер санатына қосылған саңлақты тұғырдан тайдыру үшін Мейір Көшкенбаев пен Болат Сатаев сынды жастар барын салуға тиіс.
86 кг салмақта Азамат Дәулетбековтің қарқыны күшті. 26 жастағы Семей өңірінің тумасы Азия чемпионатында екі мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Оның сыралғы қарсыласы Әділет Даулынбаев бұл жарысқа қатыспайды. Бірақ соған бола Азамат босаңсымау керек. Өйткені қазіргі кезде Есқали Дәулетқазы мен Бақтияр Ізбасаров бастаған бір топ жас өреннің тегеуріні күшті.
92 кг салмақта Нұрғали Нұрғайыпұлы мен Илисхан Чилаевты өтап өтуге болады. 97 кг салмақта Ерғали Әлішер мен Мәмед Ибрагимов бар. Ал 125 кг салмақ дәрежесінде айқасатын үш алыптың бәсекесі көрермендер көңілінен шығатынына сенімдіміз. Олар – Олег Болтин, Іңкәр Ермұхамбет және Юсуп Батырмұрзаев.
Міне, еркін күрес шеберлері арасындағы жарыстың басты фавориттері осылар. Бірақ бір шоғыр жас жолбарыс олардың ізін басып, өсіп келе жатқанын да естен шығармайық. Олардың да өз жоспарлары, көздеген мақсаттары бар. Сол себепті біздікін тек жорамал деп қабылдаңыздар. Ал солардың арасынан кімнің мықты екенін боз кілемдегі «жан алысып, жан беріскен» белдесулер анықтайды.
АЛМАТЫ