«Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиевтің мәліметінше, жаңа басылым облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қолдауымен жарық көріп отыр. «Сарайшық» –Атыраудағы әдеби-мәдени, тарихи-танымдық бағыттағы тұңғыш басылым. «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі жанынан айына бір рет шығады. Алғашқы нөмірінің таралымы – 500 дана.
«Журналдың «Сарайшық» аталуының өзіндік символикалық мәні бар. Кезінде өркениеттің бастауы болған шаһар Ұлы Жібек жолы бойындағы ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің мәйегіне, руханиятымыздың ғажайып ошағына айналған. Сол себептен, шежірелі шаһар атауымен ұлттық сананы жаңғыртатын әдеби-мәдени, тарихи-танымдық басылымды шығаруды жөн көрдік» дейді Ысқақ Егембердиев.
Оның айтуынша, басылымның ақылдастар алқасында ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, композитор, жазушы, өнер зерттеушісі Илья Жақанов, ғалым, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес секілді қазақтың көрнекті қаламгерлері мен ғалымдары бар.
«Журналдың беташары Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ұлт руханияты туралы орамды ойларымен ашылды. Атырау облысының әкімі М.Досмұхамбетов жаңа басылымға ақжолтай тілегін арнады. Ақын Ғ.Жайлыбайдың әлемді дүр сілкіндірген пандемия туралы шығармашылық ізденістен туған «?» (Сұрақ белгісі) өлеңдер топтамасы, жазушы З.Жұманованың өмір шындығын шынайы суреттеген прозалық шығармалары, Абайдың 175 жылдығына орай жарияланған жазушы, абайтанушы М.Мырзахметұлының «Абайдың Әл-Фарабиді тануы», жазушы Қ.Жүсіптің «Жұмекен балладалары» деген тақырыптағы зерттеу мақалалары, жазушы С.Дүйсенбиевтің «Жапырақтар да жылайды» әңгімесі, әдебиет сыншысы А.Кеңшілікұлының «Тағдырмен бетпе-бет» тақырыбындағы зерттеу мақаласы, суреткер Р.Сейсенбаевтың шетел классиктерінің шығармаларына талдау жасаған «Құдай тәубесіне түскен күн» атты зерттеу мақаласы, түркістандық ғалым, сазгер Б.Сердәлінің «Түркістан мен Сарайшық» тарихы тағдырлас, тамырлас» деп аталатын қос қаланың қазақ өркениетінде алар орны туралы тарихи толғанысы жарияланды. Сондай-ақ, жазушылар С.Латиева мен М.Тәж-Мұраттың шығармаларына орын берілді» -дейді «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев.