Білім • 20 Қараша, 2020

Даниал Ахметов: Оқушылар вирусты көбінесе үй жағдайында жұқтырған

248 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірдегі мектеп оқушылары коронавирусты көбіне-көп үй жағдайында жұқтырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Даниал Ахметов: Оқушылар вирусты көбінесе үй жағдайында жұқтырған

"Өңірде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты күрделі жағдай сақталып отыр. COVID-19 алғашқы оқиғасы тіркелген сәттен бастап, 14 402 жұқтыру жағдайы тіркелді. Облыс ауруханаларында бүгін 659 адам жатыр. Аптасына орташа өсу қарқыны 1,7 пайызды құрайды", деді Даниал Ахметов.

Сонымен қатар ол оқушылардың індетке шалдығу жағдайына қатысты тоқталды.

"Өкінішке қарай, оқу басталғаннан бері облыста оқушылар арасында коронавирустың 410 оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 291 оқушы қашықтан, 119 оқушы 93 мектепте штаттық режімде оқыды. Індет табылғаннан кейін барлық мектептер жабылып, оқушылар қашықтан оқытуға ауыстырылды. Вирус көбінесе үй жағдайында жұққан. Бүгінгі таңда облыс ауруханаларында оқушылар жоқ", деді өңір басшысы.

Облыс әкімінің айтуынша, толық медициналық жабдықталған 6,2 мың төсек-орын дайындалды. Инфекциялық бөлімдердегі емделушілер оксигенотерапиямен жүз пайыз қамтамасыз етілген.

Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысы коронавирус жұқтыру жағдайлары бойынша "қызыл аймаққа" енген.